Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Кез келген іргелі туынды үлкен оқиғадан, айықпас мұңнан, сарабдал сәттен туса керек. Ғашығына қолы жетпей құса болмаса, Гете «Жас Вертердің қасіреттерін» жаза алар ма еді? Алғашқы махаббаты Күләндадан ойда-жоқта айырылмаса, Мұхтар Шахановтың сырлы сезімге толы «Танакөз» поэмасы туар ма еді?
Әлқисса, жазушы Дулат Исабеков шығармасының желісімен 1975 жылы экрандалған «Гауһартас» фильмі көптің жадында болар. Кәукен Кенжетаев, Әмина Өмірзақова, Кененбай Қожабеков, Мұхтар Бақтыгереев, Әнуарбек Боранбаев сынды қазақ кино өнерінің саңлақтары, сонымен қатар Досхан Жолжақсынов, Жаннат Қуанышева, Сапарғали Жәкішев секілді жас әртістер түскен лирикалық фильм жастардың жүрегінен ә дегенде орын алып үлгерді. Кинода шырқалған «Гауһартас», «Жеңеше», «Келші, айым» сынды бірнеше туындылар сол шақта еліміздің тұс-тұсында шырқалып жатты. Досхан Жолжақсынов домбырамен әуелеткен «Келші, айым» әнін алғаш естіген жанның көкірегіне мұң құйып, өзіне тарта жөнеледі. Бұл ән – сол кездегі студент, жас сазгер Мэлс Өзбековтің әні еді.
«Көгілдір көл беті, көк елес көлбеді,
Мен тұрмын жағада жабырқау...»
деп мұңға малшынған әннің тарихы жүрек сыздатады. Әсершіл бозбала Мэлс консерваторияның табалдырығын аттап, оқу оқып жүрген шақ. Жас сазгер бірде Алматы медицина институтының Айымзада есімді бір қызына ғашық болады. Екеуі жүрек түкпіріндегі сырды қабыстырып, Алматының бұлтсыз айлы түндерінде бірге жүреді, тамшы ұрғылаған жазғы терезедей бұлыңғыр әрі мөлдір болашақ туралы арманға батады. Студенттер қаумалаған тротуарлар, үн-түнсіз сезімтал мылқау көшелер, мамыражай жол бойында жүрген қыз бен жігіттер... Бәрі де қос жүрекке ән қосып, махаббатын еселейді. Міне, албырт та аңсар ғашықтық оты енді ғана маздаған шақта жазғы демалыс басталып, екеуі бір-бірін қия алмай, жаңа оқу жылында сағыныса кездесуге уәде байласып, бірі Алматы маңына, екіншісі Құланға жол тартады. Мауқы басылмаған қызылшақа сезім шоғы жаз бойы маздап, маржандай тізілген жүрек жазбаларын хат арқылы жолдайды. Бір жолы Мэлстің хаттарына Айымзададан жауап келмей қояды. Соңғы қысқа хаттарының бірінде: «Бұдан былай үйге хат жазба, ата-анам біліп қойса, ұят болады», деп ескерткені бар, жас жігіт сабырын серік етіп, тағдырға мойынсұнып, демалыстың бітуін асыға күтеді. Үздігіп күткенде уақыттың өтпейтін әдеті емес пе? Жаңа оқу жылы басталысымен Мэлс Алматыға қарай құстай ұшады. Іздегені – Айымзада. Оқу орнына барса, әлі келмеген екен. Не істерін білмей, сыртта аңтарылып тұрғанында, мұны танитын курстас қыздардың бірі суықтау хабарды сумаң еткізеді. Айымзаданың жазғы демалыс кезінде өзенге шомылып жүріп, оқыстан суға кетіп, қайтыс болғанын хабарлайды... Мұны естіген Мэлс сең соққандай көзі қарауытып, алқымына өксік тығылып, жын қаққандай жатақханасына қарай жүгіре жөнеледі. Құсалықпен өзегі өртеніп, ас-су ішпей ұзақ жатады. Айымзадамен бірге қыдырған бақытты шақтары көз алдынан топ-топ бұлттай тізбектеліп өте береді. Енді бұлай жата берсе, ішіне мұз қатып, дерті асқынарын біледі. Біледі де, көл басына барып, әлсіз толқыннан ән іздейді, әуеннен тыншу сұрайды...
«Көрікті көл беті,
Көк елес көлбеді,
Мен тұрмын жағада жабырқау.
Ай нұры арайлы,
Айдынға тарайды,
Сүйіктім келер ме, япырм-ау?»
Осынау зарлы әннің әуенін ойнақы етіп орындайтындар да кездесіп жатады. Бірақ түбіріне үңілген зерделі жанға ақын Әбдірахман Асылбек жазған өлең ішінде бәрі-бәрі таңғы бұлбұлдай сайрап жатқандай...
«Айдын көл, сен айтшы,
Самал жел, сен айтшы,
Жарыма құс болып ұшайын.
Бір хабар берші, айым,
Жақындап келші, айым,
Лапылдап мәңгі құшайын».
Қимастықтан, сағыныштан туған ән қазақы топырақтың иба-әдебін, қою иірімін бойына сіңірген. Сондықтан да болар, бүгінге дейін бұл әнге елітпейтін, бойы шымырламайтын тыңдарман аз. Бұлай болуы заңды да.