Оқиға • 27 Тамыз, 2024

Атырауда үш бірдей жасөспірім Жайық өзеніне батып кетті

118 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырауда Жайық өзенінің жабдықталмаған жерінде шомылу кезінде 2008 жылы туған үш ұл бала суға батып кетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда үш бірдей жасөспірім Жайық өзеніне батып кетті

Фото: dzen.ru

Қайғылы оқиға 26 тамыз күні сағат 17:25-те қала маңындағы Береке ауылында болған. Сағат 18:25-те Атырау облыстық құтқару қызметінің сүңгуірлері екі жасөспірімнің мәйітін судан алып шыққан.  

«2024 жылы 26 тамызда сағат 17:25-те Атырау қаласы маңындағы Береке ауылында үш баланың Жайық өзеніне батып кеткені туралы шақырту келіп түсті. Оқиға орнына шұғыл жеткен құтқарушылар 2008 жылы туған ұл балалардың белгісіз жағдайда жабдықталмаған орында суға түсіп, батып кеткендігін анықтады», делінген Атырау облысы ТЖД хабарламасында.

Анықталғандай, сүңгуірлер үшінші баланы іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Атырау облысы ТЖД қоғаммен байланыс тобы ата-аналарға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы ескертеді.