Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Конституция күні қарсаңында осы тұрғыда беделді де білікті заңгерлер салиқалы пікірлерін ортаға салған еді. Дөңгелек үстелге Конституциялық кеңестің бұрынғы төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор Игорь Рогов, Жоғары сот кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының профессоры Георгий Ким, Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев, ҒЖБМ Мемлекет тарихы институтының директоры, PhD Нұрбек Пұсырманов, Maqsut Narikbayev University Конституциялық және саяси зерттеулер институтының директоры Индира Әубәкірова қатысты.
Цифрлық Конституция – жаңа мүмкіндік
Ғалиасқар САРЫБАЕВ:
– Тарихқа көз жүгіртсек, Қазақ жерінде Конституция 5 рет қабылданыпты. Біріншісі – 1926 жылдың 18 ақпанында қолданысқа енген Қазақ АКСР Конституциясы. Одан кейін 1937 жылдың 26 наурызында, 1978 жылдың 20 сәуірінде Қазақ КСР Конституциясы екі рет қабылданды. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқы Ата заңымыз 1993 жылы 23 қаңтарда, одан соң қазіргі қолданыстағы негізгі құжатымыз 1995 жылы 30 тамызда күшіне енді.
1998, 2007, 2011, 2017, 2019 жылдары және 2022 жылғы 8 маусым мен 17 қыркүйекте Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. 2022 жылғы 5 маусымда өткен жалпыұлттық референдум нәтижесінде Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енді.
Игорь РОГОВ:
– Осы орайда айта кететін мәселе, жалпы кез келген заманауи мемлекеттің қалыптасуы мен дамуы ең алдымен оның Конституциясымен тікелей байланысты. Мемлекет пен қоғам түрленіп, өзгерген сайын оның заңдарын да жаңарту мен жаңғырту қажеттілігі туындайды. Мысалы, кейбір адамдар біздің Конституциямыз неге өзгере береді деп кейіс білдіріп жатады. Олар дамыған елдердің, әсіресе АҚШ-тың конституциясын мысалға келтіреді. Әрине, әркімнің өз пікірін бүкпесіз айтуға құқы бар. Дегенмен Қазақстан секілді тәй-тәй басқан жас мемлекет үшін оның Негізгі заңы мен өзге де құжаттарының уақыт талабына сай өзгеріске ұшырауы – табиғи жағдай екенін заңгерлер мен саясаткерлер жақсы біледі. Бұл тіпті қоғамның талабы. Өзгермейтін ешқандай конституция жоқ.
Еліміздің даму жолына қарасақ, Конституцияны қабылдағаннан кейін алғашқы реформа үш жылдан кейін, яғни 1998 жылы жүзеге асты. Сол кезде еліміздің кейбір институттарын демократияландыруға бағытталған күрделі өзгерістер жасалды. Елдегі конституциялық құқықтың жалпы тарихына қарайтын болсақ, әрбір реформа сайын демократиялық институттар нығая түсті. Ал 2022 жылғы реформа Жаңа Қазақстан деген жаңашыл ұғымды айқындап берді. Оның өзектілігі неде? Еліміз адам игілігін бірінші кезекке қоятын мемлекетке айналды. Яғни барлық мемлекеттік институттың басты назары адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарына аударылды. Сондай-ақ ол Әділетті Қазақстанды құру атты жаңа мақсатты алдымызға қойды. Біз осы мақсатымызға мағына беріп, соған жетуге талпынуымыз керек.
Георгий КИМ:
– Ата заңымыздың 29 жылдығы қарсаңында мен екі маңызды мәселеге тоқталғым келеді. Оның біріншісі – қазір адамзат баласы күрделі жағдайды бастан өткеріп жатыр. Көптеген халықаралық құқық нормасы сақталмай келеді. Бірыңғай құқық қолдану тәжірибесі қарама-қайшылыққа толы. Бұл әлемдік тәртіп пен тыныштықты шайқалтып тұр. Сондықтан барлық мемлекет сын-қатерлер мен тәуекелдерді барынша азайтатын құқықтық модель құруға жұмылып жатыр. Біздің елдегі конституциялық реформа да осыған бағытталған. Бір айырмашылығы – біз бұл құқықтық модельді Әділетті Қазақстан құруға бағытталған мақсат ретінде бекіттік. Бұл ең алдымен халықтың қалауы.
Екінші мәселе – төртінші өнеркәсіптік революция төрге шыққалы Әділетті Қазақстанның Цифрлық Конституциясы туралы мәселені көтерудің уақыты келді. Бұл көптеген заңнамалық және заңнамаға бағынысты актінің Конституцияға сәйкестігін тексеретін цифрлық, құқықтық, сарапшылық онлайн жүйе болмақ. Цифрлық Конституция адам құқықтары мен бостандықтарын, оның мемлекетпен қарым-қатынасын, мемлекеттік органдардың құзыреттерін, біртұтас мемлекеттік билік тармақтарының өзара әрекеттестігін, барлық деңгейдегі құқық тудыру үдерістерін бұдан да сапалы жүргізуді реттейтін құқықтық алаңға айналуға тиіс. Қазір әлем өзгеріске түсіп, адамзат баласы талпынуға тиіс жаңа мүмкіндіктер ашылды. Соның бірі – цифрландыру саласы. Біз оның игілігін құқықтық салада да көруіміз керек.
Әділетті Қазақстанның ұстыны – Адал азамат
Нұрбек ПҰСЫРМАНОВ:
– Ата заңымыз – еліміздің барлық жетістігінің бастауы, тұғырлы тәуелсіздігіміздің, еңселі егемендігіміздің тірегі. Еліміздегі ең маңызды құжат құқығымызды қорғап, тең өмір сүруімізді қамтамасыз етіп, құндылықтарымызды айқындап келеді.
Ел Конституциясының ережелері күнделікті қоғам келбетінен көрініс тауып, Қазақстан халқын топтастырушы сипатқа ие болды. Өйткені дәл осы құжаттың алғашқы сөйлемінде: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы...» деген сөздер мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық екенін көрсетеді.
2022 жылғы Президент Қ.Тоқаевтың ұсынысымен өткен маңызды референдум негізінде ортақ күш-жігерімізбен Конституцияға жаңа нормалар енді. Осы өзгерістер саяси-экономикалық, әлеуметтік реформаларды, мемлекеттік басқару моделін жаңғыртуға одан әрі негіз болды.
Ата заңымыздың 1-бабының 2-тармағында анықталған түбегейлі қағидаттарға сәйкес ел қоғамын топтастырудағы негізгі құрамдас бөліктер ретінде қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен дауыс беру арқылы шешу секілді іргелі құндылықтарды атап өтуге болады.
Осы орайда Мемлекет басшысы биыл наурыз айында Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысында ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға жеке-жеке тоқталып, бұлардың Конституциямыз бекіткен қағидалардан туындайтынын айтқан еді. Олар – тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық. Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Президент ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатқандығы белгілі.
Ғалиасқар САРЫБАЕВ:
– Иә, жалпы елімізде демократиялық құндылықтар негізінде саяси жүйені трансформациялау мен жаңғырту жұмыстары 2019 жылдан басталған. Содан бері саяси реформалардың 4 пакеті іске асырылды. Осы сияқты сыртқы саясат, экономика, әлеуметтік, гуманитарлық салаларда әртараптандыру мен монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту үрдістері жүріп жатыр.
Кейінгі жылдары қолға алынған өзгерістер, саяси реформалар – әділетті қоғам, әділетті экономика, Әділетті Қазақстанды құруда елімізде заң үстемдігін орнатуға бағытталған. Ал біздің міндетіміз – заңның қағидаттары мен нормаларын қатаң ұстану, конституциялық құндылықтарды қорғау және отаншылдық сезім мен қазақстандық патриотизмді қалыптастыру. Оның басты өлшемі – татулық, тыныштық, тұрақтылық.
Индира ӘУБӘКІРОВА:
– Дәстүр бойынша Конституция заңды әрі саяси құжат қана емес, сонымен қатар қоғамды өзгертудің қозғаушы күші қызметін де орындайтын әлеуметтік құжат. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, ол қоғам өмірінде, саяси билік тетіктерінде, экономикалық даму мен азаматтық қоғам институттарында сапалы өзгерістер жасаудың негізгі құралы.
Әрбір Конституцияның әлеуеті белгілі бір халықтың дамуына немесе тоқырауына айтарлықтай әсер етеді. Әсіресе мұны конституциялық реформа кезінде байқауға болады. Сонымен қатар Негізгі заңның әлеуметтік мәні конституциялық эволюцияның әртүрлі кезеңінде түрлі сипатта көрініс тауып жатады.
2022 жылы Конституциямыздың жаңаруымен тәуелсіз Қазақстанның конституциялық тарихындағы бір-бірінен өзінің құндылық мазмұнымен ерекшеленетін екі кезең арасындағы шекара белгіленді. Атап айтқанда, бірінші кезеңде президенттік өкілеттіктер күшейсе, екінші кезеңде оның өкілеттіктерінің көлемі азайғаны белгілі. Мемлекет басшысы айтқандай, конституциялық өзгерістер арқасында біз Жаңа Қазақстанды шындыққа айналдырамыз. Әлеуметтік әділдік – жаңа қоғамдық келісімнің басты құндылығы әрі іргетасы. Бір сөзбен айтқанда, конституциялық өзгерістерді енгізудің мақсаты – азаматтық қоғам институттарымен қатар, мемлекеттік институттарды да нығайтып, бұл өз кезегінде ынтымақтастық, бірлік пен инклюзивтілік секілді әлеуметтік құндылықтарды күшейтеді.
Аталған конституциялық өзгерістер саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани дамуды жаңғыртудың қозғаушы күші болатын конституциялық тәртіпті орнықтыруға бағытталған. Конституциялық жаңашылдықтар барлық азамат үшін тең мүмкіндіктерге жол ашатын Әділетті Қазақстанның парадигмалық негіздерін қалыптастырады, адамның қадір-қасиеті мен лайықты өмір сүру құқығын қамтамасыз ететін экономикалық база құрады, азаматтарға өз құқықтарын тиімдірек қорғауға мүмкіндік беретін институттарды нығайтады.
Конституциялық өзгерістерді енгізу бастамаларына негіз болатын көптеген шарт бар. Шет мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, реформаға деген қажеттілік көбінесе қоғамның және саяси элитаның құндылық бағдарларындағы өзгерістермен байланысты, бұл жаңа үміттер мен өзгерістерге сұраныстың қалыптасуына әкеледі. Сонымен қатар басты құндылықтардың өзгеруімен қатар, конституциялық реформаны жүргізуге ұлттық қауіпсіздікті нығайту мен конституциялық тетіктер арқылы ұлттық мүдделерді қорғау да негіз болады. Жаңартылған конституцияларда жаңа құндылықтар, қағидаттар бекітіліп, уақыт талаптарына сәйкес келмейтін нормалар жойылады.
Конституциялық соттың құрылуы – үлкен жетістік
Игорь РОГОВ:
– Мен осы орайда 2022 жылғы реформа нәтижесінде Конституциялық соттың өмірге келуі ерекше жаңалық болғанын айтар едім. Бұрын Конституциялық кеңес жұмыс істегенін білеміз. Егер бұл органның атауы ғана өзгеріп, ішкі мәні сол қалпы қалды десек, онда айтарлықтай өзгеріс болмас еді. Бірақ жаңа мемлекеттік органның құрылуы бұрын бізде болмаған пайдалы мүмкіндікті алып келді. Атап айтқанда, бұдан былай енді ол азаматтардың жеке өтініштерін де қабылдап, қарайтын болады. Міне, бұл да Әділетті Қазақстанның адам игілігіне бағытталған мемлекет екенін көрсететін жаңашылдықтардың бірі.
Осы жылдар ішінде құқық қорғау органдарында да көптеген оң өзгеріс орын алды. Конституциялық нормалар олардың қызметінде көрініс тауып, халық игілігі үшін жұмыс істеп келеді.
Индира ӘУБӘКІРОВА:
– Сонымен қатар конституциялық өзгерістер Парламенттің әу баста құрылғанда басты жауапкершілігі болған қазына мен Үкіметті бақылау функциясын күшейтуге бағытталғанын да айта кеткен жөн. Ол Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты аясында жүзеге асырылды. Республикалық бюджеттің орындалуын тексеруді парламенттік бақылау үрдісін күшейту мақсатында Жоғары аудиторлық палата төрағасының жылына екі рет Мәжіліс депутаттары алдында есеп беру қажеттілігі туралы норма енгізілді. Біздің Конституциямыз АҚШ пен ГФР секілді Жоғары аудит органы төрағасы мен аудиторларын тағайындаудың аралас моделін бекітті, яғни оны Президент пен Парламент палаталары бірге қалыптастырады.
Әлеуметтік трансформатор рөлін атқару үшін Конституцияда ішкі сұранысты ғана емес, сонымен қатар халықаралық стандарттар тұрғысынан тұрақтылық пен даму теңгерімін қамтамасыз етуді ескере отырып енгізілген жаңа нормалар бар. Яғни конституциялық түзетулер ұлттық және халықаралық құқықтың сын-қатерлері негізінде жасалды. Мәселен, Конституциялық сотқа, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты нормалар Венеция комиссиясының ұсынымдары мен қолдауы негізінде Конституция мәтініне енгізілді. Конституциялық заңнама бойынша нормативтік актілерге конституциялық шағым жасау әрбір адам үшін қолжетімді. Өлім жазасына ешқандай ескертусіз тыйым салу 2020 жылы еліміздің өлім жазасын жоюды көздейтін азаматтық және саяси құқықтар туралы екінші Факультативтік хаттамаға қосылғанын ескерді.
Халық ел болашағына сенеді
Нұрбек ПҰСЫРМАНОВ:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз. Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз» деп нақтылаған болатын.
Осы орайда, биыл 18 сәуірде Мемлекет тарихы институты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен бірлесіп «Саяси институттар Қазақстандағы заңдылықты дамытудың негізі ретінде: тарих және қазіргі заман» атты ғылыми семинар өткізді. Семинар барысында Ұлттық құрылтай мүшесі, «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы қоғамдық қорының жетекшісі Гүлмира Илеуова республикалық сауалдаманың кей нәтижелерімен бөліскен болатын. Соның бірі – сауалдамаға қатысқан ел азаматтарының жартысына жуығы, нақтырақ айтсақ, 44,3%-ы «Қазақстан әділетті әлеуметтік мемлекет бағытына біртіндеп келе жатыр» деген пайыммен келіскен, яғни көпшілік санасына «Әділетті Қазақстан» идеясының қолдау тапқанын көреміз. Десек те, жауап бергендердің 36,7% бұған күмәнмен қараған. Бұл конституциялық құндылықтарды шын мәнінде іске асыру үшін күнделікті әрі тыңғылықты еңбек керек екенін көрсетеді.
Ғалиасқар САРЫБАЕВ:
– Өзінің елі мен жері, Отаны, Ата заңы бар қазақ – бақытты халық. Әлемде тоқтайын десе төбесі, мекені болса да, мемлекеті жоқ, туған жері болса да, туы жоқ, аймағы болса да, шекара сызған айғағы жоқ, байламы түгіл, байрағы жоқ елдер қаншама? Өз басшысын сайлай алмайтын, өзгеге бодан болып, еркіндік туралы ойлай алмайтын, төбесінен оқ жауып, шаттық-қуанышын тойлай алмайтын халық қаншама?
Біздің тамырын тереңге тартқан тарихымыз бар. Басты мақсатымыз – Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, елдігімізді тұғырлы, мемлекетімізді ғұмырлы ету. Еліміз төрткүл дүниеде терезесі тең, еңселі жұртқа, абыройы асқан айбынды елге айналсын.
Қазақстан Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбарлы. Конституциямыздың әр бабы әрбір отандасымыздың жанына жылулық, пейілімізге сұлулық пен сабырлық сыйласын.
Дөңгелек үстелді жүргізген –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»