ЖОЛДАУ • 02 Қыркүйек, 2024

Президент: Қазақстанды қауіпсіз елге айналдыру - менің басты міндетімнің бірі

151 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуді жүктеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент: Қазақстанды қауіпсіз елге айналдыру - менің басты міндетімнің бірі

Фото:gov.kz

Президент атап өткендей, елімізде ауқымды реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Саяси жаңғырудың нәтижесінде азаматтарымыздың өз ойы мен пікірін ашық айтып, мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне араласуына жол ашылды. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан терең өзгерістер жасалып жатыр.

«Азаматтарымыздың құқығын қорғау саласында кешенді шараларды қолға алдық. Негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел болу. Сондықтан біз осы бағыттағы маңызды реформаларды жалғастырамыз, жүйелі жұмысты тоқтатпаймыз», деді Мемлекет басшысы.

Ел Президенті көшедегі, қоғамдық орындардағы қылмыс пен заңсыздық тыйылып келетінін айтты. Дегенмен, арқаны кеңге салуға болмайтынын тілге тиек етті.

«Тағы бір мәселе – азаматтардың қауіпсіздігі. Жеке адамнан бастап тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді», деді Мемлекет басшысы. 

Сонымен қатар Президент ІІМ шетелдіктердің заңсыз көшіп келуінің дереу жолын кесу керек екенін айтты.

«Ішкі істер министрлігі ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесуге міндетті. Құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ, қарақшылықты түп-тамырымен жою қажет. Түрлі экстремистердің, оның ішінде әсіре діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қатысты ұстаным дәл осындай болуға тиіс. Құқық қорғау органдары кәсібилік, батылдық және табандылық танытуы керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.