Жолдауда білім мәселесіне кеңінен тоқталған Мемлекет басшысы кәсіптік-техникалық білім аясын кеңейту өзектілігі туралы да нақты сөз етті. Елімізде орта тапты дамыту және халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту үшін мұның бәрі аса маңызды.
«Ұстаздар – ұлттық зияткерлік қуаты», деді Президент. Кәсіптік-техникалық және жоғары оқу орындарында сала мамандарын даярлау ісінің сапасы артатын болады. Мемлекет басшысы қажетті деңгейге қол жеткізгенше білім саласына реформалар жүргізіле беретінін айтты.
Жолдауда еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық даму келешегіне де тоқталды. Әсіресе Үкіметке тұрғындарды және экономиканы қажетті көлемде газбен қамтамасыз етуді тапсырып, мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамытуды міндеттеді.
Сондай-ақ ол кәсіптік білім саласына реформа керегін айта келіп: «Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», деді.
Мемлекет басшысы биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып жатқанын және теміржол саласында реформа жасау үшін тариф жүйесі қайта қаралатынын айта келіп: «Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Бұл – бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Сондықтан көлік инфрақұрылымына салынып жатқан әрбір инвестиция өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз. Біз кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы авто және теміржолдарды қалдыруымыз керек. Сондай-ақ тиімді жұмыс істейтін әуе хабтарын, теміржол бекеттері мен теңіз порттарын салуымыз қажет. Бұл ретте бірқатар кешенді мәселені шешкен жөн», деді.
Сонымен Жолдауды мұқият тыңдадық. Енді осындай өте өзекті мәселелердің бәрін кезең-кезеңімен жүзеге асыру қажет.
Нұртөре ЖҮСІП,
Сенат депутаты