Экономика • 03 Қыркүйек, 2024

Орта дәлізді дамытатын 10 басымдық

94 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміз үшін Транскаспий дәлізінің дәл қазір пайдасы айтарлықтай көп емес. Бірақ бізге келешектегі мүмкіндігі маңызды. Қазірдің өзінде күн санап кеме саны өсіп, ай санап айлақтар іске қосылып жатыр. Осының өзі олжа. Дүниежүзілік банк таяуда жариялаған баяндамасында 2030 жылға таман Транскаспий дәлізі арқылы сауда айналымын 3 есе арттырудың тәсілін тізбелепті. Бізге қатысты болған соң, оқырманмен бөлісуді жөн деп таптық.

Орта дәлізді дамытатын 10 басымдық

Банк сарапшыларының айтуын­ша, Орта дәліз Орталық Азия, Кавказ және Түркия үшін эко­но­ми­калық өсім локомотиві бола алады. Аталған дәлізбен тауар ай­на­лымының артуы айналадағы ел­дердегі жұмыс орындарының ашылуына, кәсіпкерліктің дамуына сеп­теседі.

«Тиісті инвестиция бағытталған жағдайда 2030 жылға таман бұл дәліз арқылы жүзеге асырылатын тасымал уақыты 2 есе қысқарып, жүк тасымалы көлемі 3 есе артады. Орталық Азия мен Кавказ арқылы Қытай мен Еуропаны жалғайтын бұл дәліздің теміржолын, теңіз инфрақұрылымын модернизация­лау үшін инвестиция керек. Дәліз тиімділігін күшейту үшін логис­тика мен үйлестіру ісін алға жылжытып, цифрлы технологияларды енгізу маңызды», делінеді банк хабарламасында.

Халықаралық ұйым қысқамер­зім­ді перспективада дәліз бойын­дағы түйткілдерді тарқатуға қабі­лет­ті 10 басымдықты атайды.

Бірінші. Алматы айнала­сын­дағы көлік жүктемесін жеңілдету үшін айналып өтетін теміржол желісін салу керек. Барлық жүк құ­рамы Алматының қақ ортасын кесіп өтеді. Қаланы айналып өте­тін теміржол желісі бұл учас­кедегі транспорттық байланысты жақсартар еді.

Екінші. Қазақстан мен Өзбек­стан шекарасын кесіп өту ұзақ уақытқа созылады. Шекарадағы шектеулерге байланысты кей компаниялар жүктерін айналма маршруттармен жібереді. Қазақстан мен Өзбекстан арасында жаңа теміржол желісінің салынуы жүк иелерінің тікелей ба­ғыт­ты пайдалануына мүмкіндік берер еді.

Үшінші. Каспий теңізінің дең­гейі климаттың өзгеруі салдарынан төмендеп келе жатыр. Бұл порттар жұмысына да әсер етеді. Дәл қазір Ақтау порты құрылғыларға, өз мақсатын нақтылауға мұқтаж. Сонымен қатар порттық операциялар тиімділігін арттыру үшін өткізу қабілетін кеңейту де үлкен маңызға ие. Мысалы, су транспортынан жағаға жүктерді тым баяу шығару проблемасын әр жүк типіне арналған тиімді крандарды пайдалану және рельстік жүріске арналған жаңа құрылғылар алу арқылы шешуге болады.

Төртінші. Жылжымалы құ­рамның тапшылығы, әсіресе, Гру­зия­дағы локомотивтің жетіспеу­шілігі жеткізу мерзімін ұзартып, Орта дәліз әлеуетін шектеп тастап отыр. Жылжымалы құрам санының көбеюі өткізу қабілетін арттырып, дәліз тиімділігін ұлғайтады.

Бесінші. Түркия шекарасындағы Ахалкалаки теміржол учаскесін мо­дернизациядан өткізу қажет. Ахал­калаки стансасы – дөңгелек ені өлшемінің ауысатын бекеті. Дөңгелек жұбы өлшемінің өзгеру үдерісін жеделдетудің бірегей амалы – мультимодальды контейнерлік терминал салу немесе сұрыптау стансасын тұрғызу.

Алтыншы. Грузиядағы Поти порты 2023 жылы өзінің өткізу қабілеті шегіне толық жетті. Порттағы жүкті өңдеу бойынша қуаттылықты кеңейту және порт пен ішкі аудандар арасындағы теміржол байланысын жақсарту контейнер тасымалын арттырып, оларды өңдеу уақытын азайтуға жағдай жасайды.

Жетінші. Сивас – Карса – Грузия шекарасындағы теміржол желісі де модернизацияны талап етіп тұр. Бұл – Орта дәліздің теміржол қатынасындағы ең әлсіз тұстың бірі.

Сегізінші. Ыстанбұлдағы Бос­фор бұғазы ар­қылы кесіп өтетін жаңа теміржол желісінің құрылысы Орта дәліздің түркиялық бөлігіндегі бәсекеге қабілеттілікті арттыра алады.

Тоғызыншы. Румыния мен Болгариядағы теміржол стансалары мен порттары арасындағы қатынасты күшейту үшін айтар­лықтай инвестиция қажет. Қар­жылай салымның жасалуы бұл екі елдің ішкі және трансшекаралық байланыстарын нығайта түсуге себеп болар еді.

Оныншы. Орта дәліздің өне бойында шешімін күтіп тұрған біраз түйткіл бар. Олар – сауда үдерістерін жеңілдету жайы, ше­каралық бақылау мен қыз­мет­терді ұсыну сапасын жетіл­діру мәселесі. Сонымен бірге кедендік және шекаралық бақы­лаудың жеткілікті деңгейде цифрландырылмауы тиімді ақпарат алмасу мүмкіндігін шектеп отыр.