Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында іске асырылып жатқан бұл жоба азаматтардың табысын арттыруға септесуді, кешенді көмек көрсетуді көздейді. Жобаның бастамашылары – Астана қаласының әкімдігі мен «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қоры.
Осыдан тура бір жыл бұрын тұрғындар көп жиналатын жерлерде «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттері ашыла бастады. Бұл орындардың мақсаты – есепке алынбаған жұмыссыздықты анықтау әрі мемлекеттік қолдау шаралары, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, қысқамерзімді оқыту жөнінде тиімді кеңес беру. Қажет болған жағдайда тұрғындарға ЭЦҚ қайта шығару, тұрғын үйге кезекке тұру, АӘК алу, kezekte.kz, enbek.kz, indigo.kz, басқа да ресурстарға тіркеу ұсынылады. Осылайша, бір жыл ішінде сенімі бекіген 20 мыңнан аса елордалық жобаға қатысты. 4,5 мыңнан аса тұрғын модульдік пункттер арқылы әкімдік басқармаларына мемлекеттік қолдау шаралары аясында бизнес ашу, үй алу, жұмысқа орналасу, балаларға білім беру және бос уақытты тиімді пайдалану мәселелері бойынша өтінімдер жолдады.
«Joltap» жобасының екінші кезеңінде 15 жұмысшы мамандығы мен цифрлық дағдылар бойынша практикаға арналған оқу сыныптары мен цехтар іске қосылып жатыр. Атап айтсақ, бариста, сатушы-кассир, тігінші, модельер-конструктор, бухгалтерлік есеп негіздері, аяқкиім жөндеу, электр-газ маманы, корпустық жиһаз жасаушы сияқты мамандықтарға және сайт әзірлеуші, мобилограф, таргетолог, видеомонтаж, графикалық дизайнер, SMM маманы дегендей цифрлық дағдыларға баулу қолға алынды.
Жобаның аралық қорытындысын шығару жөніндегі кездесуде Астана әкімі Жеңіс Қасымбек мамандықтар тізімі қаланың экономикалық ерекшелігін ескере отырып, сауда, сервис, фриланс және өндіріс салалары бойынша жасалғанын атап өтті.
«Өмір сапасы көп жағдайда алған кәсібі мен жұмысына байланысты. Өкініштісі, тұрғындардың бәрі бірдей бір кәсіптің құлағынан ұстай алған жоқ. Біздің міндетіміз – қазіргі нарықта қажетті дағдыларды меңгеруге, жұмысқа орналасуға көмектесу. Мемлекет адамдарды қолдау және жұмысқа орналастыру бойынша түрлі әлеуметтік бағдарламаны іске асырып жатыр. Өткен жылы қалада «Joltap» әлеуметтік жобасын іске қостық. Бұл бағдарламаның айырмашылығы – адамдарға жаңа мамандық бойынша білім алуға мүмкіндік беріледі. Көрсеткішке қарасақ, жобаның сәтті жүзеге асып жатқанын байқаймыз», деді әкім.
Жобаның келесі кезеңі – жұмыс берушілермен тікелей жұмыс істеу, «Jumystap.kz» сервистік платформасын іске қосу. Бұл жобамен «Magnum», «Спортмастер», «GLB», «Danmard» тігін фабрикасы, «Ютария», «YDA» зауыты және басқа да қаланың желілік әрі ірі жұмыс берушілері қамтылды.
Бүгінде «Jumystap» платформасы жұмыс істеп тұр. Мұнда қарапайым интерфейстің көмегімен үміткерлерге қойылатын талаптарды егжей-тегжей сипаттауға болады. Бизнес өкілдері мен жеке тұлғалар тұрақты жұмыс орнына қызметкерді ғана емес, сонымен қатар көлемді тапсырыстарды орындаушыларды да таба алады.
Еліміздің басқа аймақтарының тұрғындары да аталған жобаның игілігін сезінгісі келеді. Бұл Үкіметтің де назарына ілініп, жобаның ауқымын 4 аймаққа – Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды қалаларына кеңейту туралы шешім қабылданды.