Ақсу қаласы аумағына қарасты Сарышығанақ ауылы облыс орталығынан 60 шақырым жерде орналасқан. Өндірісті қалалардың дәл ортасында тұр.
Шалғайда жатқан алыс ауыл болса бір сәрі. Біздің тілшілер қосынына арыз-шағымдарын жазып, бұйымтайларын ала жеткен ауыл тұрғындарының өкпелері қара қазандай екен. Жол түсіп біз де сол ауылға барып қайттық. Айтса айтқандай, мәселенің бар мәнісі – барар жер, басар тау қалмаған соң, ауылдағы әкімдік, дәрігерлік пункт, пошта бөлімшесі, кітапхана, учаскелік полиция барлығы түгелімен барып ауылдағы жалпы білім беретін орта мектептің ішіне орналасып алыпты. Осылай он жыл өмірлері өтіпті. Қала әкімдері де ауысып үлгеріпті. Бірақ өзгеріс жоқ, сол қалпы. Мектептің іші-сырты да оңып тұрған жоқ, жөндеу көрмеген.
Әбден шыдамдары таусылған мектеп басшылығы бұдан арыға төзе алмаймыз, онсыз да оқушылардың білім алуларына бөгет болып келесіңдер, өз күндеріңді өздерің көріңдер, ауылда балабақша жоқ, мектеп ішінен 30 балаға арналған шағын орталық ашамыз, бөлмелерді босатыңдар, депті. Сонда біз қайда барарымызды білмейміз. Дәрігерлік пунктке бес бөлме керек. Арнайы үй жоқ, дейді жергілікті бөлімшенің аға дәрігері Әйгерім Мантықова. Қалғандары да солай. Ауыл әкімі Төлеген Әубәкіров те әкімдікке бос үй іздеп жүрген көрінеді. Біз келгенде мектеп үйі ішінде топырлаған адамдар болды. “Бұлар не ғып жүрген адамдар?” деп едік, “зейнетақы алуға келген ауылдың адамдары, пошта бөлімшесі де осында ғой” деген жауап естідік. Ал ауылда бос тұрған асхана, үш бөлмелі үй, шеберхана бар көрінеді. Ол біреудің меншігі, оны Жұмагелді Қожановтан сұрау керек деп қалды тұрғындар. Сарышығанақ ауылында, Суаткөл мен Жаңашаруа бөлімшелерін қосқанда, орысы бар, украин, беларусь, неміс, татар, башқұрты бар — барлығы мыңға жуық әр түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде.
Ауылда 100-ге жуық мектеп жасына дейінгі кішкене бала, сәби күтіп жүрген 20 әйел бар екен.
Мал-жан аман. Дастарқан толы. Ауылдықтарды ренжіткендері “Жол картасы” бағдарламасының өздерінің ауылдарына мүлде келмей қойғаны...
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар облысы.