Руханият • 04 Қыркүйек, 2024

Ар өлшемін ардақтасақ...

81 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлт пен ұлтты айыратын – мәдениеті, тілі, салт-дәстүрі. Жер бетінде қаншама халық жеке мәдениеті мен тілін жоғалтып құрдымға кетті. Ұлтты сүю сол елдің тілін сүюден бастау алу керек.

Ар өлшемін ардақтасақ...

Мағжан ақынның өткен күннен қалған бағасыз белгіге тілді жатқызғаны тегін емес.

«Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың –

Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың...

Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз – бабам тілі, сен қалдың!»

Иә, ата-бабадан берілген кестелі мұра – баба тілі. Мойнына бұршақ салып тілеген аруақты ерлердің тәуелсіздік турасындағы арманы өңге айналып, азаттық таңы атты. Арайлы күн шұғыласы бетімізге түсті, рухымыз қуаттанды. Енді баба тілімізді көркейтуге не кедергі?

Қала мектептеріндегі оқушылар­дың дені орыс тілінде сөйлеп, орыс тілінде бір-бірімен ұғынысып жүргенін байқаймыз. Әрине, кеңестік кезеңде тәрбиеленген ұрпаққа тағар кінәміз жоқ, бірақ сол ұрпақ рухани енжарлықтан аулақ болып, балаларын қазақ тілінде тәрбиелесе екен. Адам қай тілде сөйлесе, сол тілде ойланады, қалай ойланса, өмірі солай өрбиді. Мәселен, орыстілді замандастарымыздың әдеті мен әдебі де қазақ салтына ұқсамайтыны белгілі. Яғни тіл арқылы тұлғаның мәдениеті қалыптаспақ, тіл арқылы тұтас болмыс түзілмек.

Ауызды қу шөппен сүртуден аулақ­пыз, тәуелсіздік жылдарынан бергі кезеңде төл тілімізде сөйлеушілердің саны артты. Теледидардағы түрлі бағ­дарламалар қазақ тілінде жүзеге асты. Қазақ басылымдары көбейді, қоғамдық орталарда қазақша сөйленіп, ұлтшыл жастар молайды. Әлемдік бестселлерлер мен маңызды кітаптар қазақшаға аударылып, жастар шетелдің беделді авторларын еркін оқуға мүмкіндік алды. Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қос­қан қадау-қадау тұлғалар туралы кино түсіріліп, насихатталды. Константин Паустовский: «Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндікпен тең», деген екен. Шынында, ана тілі – ар өлшемі. Тілді шұбарлау – арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау. Ұлт тағдырына селқос қарау сынды салғырт ұғымдар тілге теріс қараудан басталмақ.

Тілімізді қорғаудың, аясын кеңейту­дің бірнеше әдісін, алғышартын ұсынып көрелік. Біріншіден, әр отбасы қазақша сөйлесуді, үйде қазақша мәмілеге келісуді қолға алуы керек. Осы арқылы келесі ұрпақ ана тілінде сөйлеп өсетін болады. Лев Толстой: «Әркім өз ауласын сыпырса, бүкіл қоғам тазаланар еді», деген болатын. Қазіргі ұрпақты қазақша тәрбиелемесек, одан кейінгі ұрпақ та орыстілді болып өседі. Екіншіден, бұқаралық ақпарат құралдарында ана тілінде сөйлеудің құдіреті, ана тілінің тағы­лымы жөнінде бағдарламалар көбеюі керек. Әсіресе ауқымы кең теле­арналар ғибратты істі қолға алса, нұр үстіне нұр. Философ Ницше «біз барлық қасіретті ұсақ нәрсені елемеу­ден табамыз» деген-тін. Бірауыз сөз кейде елеусіз, ұсақ нәрсе болып көрінуі мүмкін, алайда сол арқылы өзіңнен өрбіген тұтас ұрпаққа үлгі шашуға болады. Жат елдің тілі һәм мәдениетімен өскен бала өркөкірек, имансыз, дөрекі болуы мүмкін, ондай балаға қазақы мейірім, қайырымдылық, ізгілікті үйрету қиынның қиыны. Үшіншіден, тілді қуаттау жөнінде, баба таным хақын­да арнайы сайыстар, дебаттар ұйым­дас­тырылуы тиіс. Сайыстардың жүл­десі­не мол қаржы тағайындалып, орыстілді қазақтардың ынтасын оята білу қажет.

Тіл – ұлттың жүрегі, тіл – ұлттың байлығы. Бұл жаттанды афоризмдер емес, жүрекке енгізіп тұшынуға тиіс киелі ұғымдар. Жүсіпбек Аймауытұлы: «Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан-дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі», деген. Тіліміздің табиғатын­дағы зор қабілетін ашып, өзіміз танып үлгермеген байлығын игеру – басты дүние. Жүйелі бастамалар қолға алынып, болашақта қазақ тілі өз күшін таны­­тарына сенімім мол.

Соңғы жаңалықтар