13 Маусым, 2015

Шежіре шері

720 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
ERA_2950Шу өңірінің тұрғыны Мұрат Сәлімбаев ақсақал қазақтың ескі қисса-дастандарын жадына тоқыған, халық қазынасын жаңылмай жатқа соғатын құймақұлақ қарт Халықтық қазынаны қайта жаңғыртып, түлетуге, айтыс, Наурыз, жыршылық, жыраулық, күй өнері сияқты ұлттық мұраларымыз қатарындағы тағы бір ұмытыла жаздаған шежіреге, шежірешілерді құрметтеуге қазір қаншалықты көңіл бөлініп жүр деген сұрақтың қойылуына себеп – «Егеменге» жақында белгілі қылқобызшы Әлқуат Қазақбаев Шу өңірі жұртшылығына құймақұлақтығымен мәлім Мұрат Әбдірашитұлын арнайы ертіп келді. Ежелден Мұрат молда деген бүркеншік атпен етене таныс шежіреші көнекөз қарттың бойындағы мына қасиеті тек бір өңір үшін ғана емес, жалпы республика көлемінде кеңінен дәріптелуге лайық болғандықтан біз де редакция қонағын әңгімеге тартып, арғы-бергі тарихтың табанына танымымыз талғанша көз тігіп көрдік. Көмейдегі жырын қаратаулық жыраулар мен термешілердің мақамына салып, дариядай көсіле тасып орындайтын жанның айтқандарын сол қалпында жалма-жан таспаға басып ала қоюға асықтық.    Ескінің шежіресін жатқа соғатын құймақұлақ қарттар салған іздің жоғалып кетпей, табылғанына қатты қуандық. Тарихи жыр-дастандарды жаңылмай жатқа айтатын Мұрат шежіреші көп жылдар шаруашылықта мал дәрігері қызметін атқарғанына қарамастан бұл өнерге деген сүйіспеншілігін еш­қашан суытпаған, қайта өз құлағымен естіген көп дүниелердің жарық көруіне барынша атсалысып жүрген азамат. Соның бірі, Шу алабына аты мәшһүр Сауытбек ақынның сүйген аруы Ақбөпе Өтелбайқызына арнаған зарлы шерін осы сәт жатқа оқығанда, аламан бәйгедегі жүйріктей арқаланып, оқиғаға орай ара-тұра ән мақамын түрлентіп, әндетіп сала берді. Ақын жырларын алма-кезек оқыған сайы­н тілі не мүдіріп, не жаңылысып қалмай, Сырдың суындай сыңғырлай ағуына қарағанда, бұл өнерге Мұрат ақсақал жастайынан жақын болып өскен деу қисынды. Ал, енді шежірені, шешендікті қалай жандандыруға болады дегенге келсек, оған себеп – бүгінде мектепті, жоо-ны бітірген кей жастар тілге шорқақ, өз ойларын еркін жеткізуге қиналады, екі сөздің басын дұрыстап құрастырып сөйлей алмайды. Мұны ата-бабаларымыздың шешендік сөз өнерінен, шежіреден кейінгі ұрпақтың қол үзіп қалғандығымен түсіндіруге болады. Ол аз болса, қазір ұялы телефон мен компьютер заманы. Дәстүрлі мәдениетін сақтап қалғысы келетін жұрт үшін мұның тигізер қаупі алапат. Сондайда еріксіз, шіркін, Мұрат ақсақал сияқты халқымыздың інжу-маржан жауһар жырларын, ел аузында сақталған оқиғаларды қызықтыра әңгімелейтін дуалы ауыздардың өнегесін неге қазір тәрбие құралы есебінде пайдаланбасқа, мұны неге мектепте өнеге сабағы ретінде қолданбасқа, осы өнерге балаларды жастайынан неге баулымасқа деген ойдың басы қылтиып шыға келетіні рас. Халық қазынасын жинаушы Мұрат Әбді­раши­т­­­ұлы­мен әңгімелескенде Сауытбек ақын­ның Ақ­бөпеге арнаған және інісі Сыбанбек үйлен­генде шығарған жырларынан қысқаша үзін­ділер жазып алудың сәті түсті. «Шу өңірі ежелден сал-серілерімен, күйші, жыршы, термешілерімен мәлім дегенімізбен, солардың ішінде дулат, шымыр, күнту руынан шық­қан ақын Сауытбек Ұсаұлының (1870-1932) есімі айрықша құрметке ие. Халық ақыны, әнші, Шу өңіріндегі «Ашаның алты салы» атанған өнер­паздың бірі саналған оның «Ақбөпе» дастаны, «Сақ­пантайға», «Садыр биге», «Нәметқұлға», «Сәкен Сейфуллинге», «Шымкенттен сәлем», тағы басқа өлеңдері, Майса қызбен, інісі Сыбанбекпен айтыстары, Мырзабай, Балқыбек ақындармен қақтығыстары, «Ақбөпе», «Сұлукеш», тағы басқа әндері Қосқұдық мекеніне кеңінен тараған мұралары болса, айтулы музыка зерттеуші ғалым А.В.Затае­вич Сауытбектің өз аузынан бірқатар әндерін, халық әндерін жазып алғаны мәлім, – деп шежіреші әңгімесін әріден бастап жалғастырды. – Жиырма жасында жырымен жұртты толқытқан өрен қазіргі Жамбыл ауданындағы Ұзынағашта 1890 жылдары шапыраштының Сарыбай Айдосұлы есімді биіне арнап ас берілгенде аспандағы аққудың үнін дауысына қосып, әндеткен кісі екен. Ал бұл тойға кезінде жыр сүлейлері Сүйінбай мен Жамбыл сынды майталман ақындардың қатысқаны арғы-бергі тарихтан жақсы мәлім. Оның атақ-даңқы Ақбөпеге ғашық болмай тұрған кезінде-ақ жалпақ жұртқа кеңінен таныс екенін растайтын деректерді ақынның кейінгі мұраларынан көптеп таба аласыз», деп тұлға туралы жан-жақты мағлұмат бере келіп, Сауытбек ақын мен Ақбөпе арасындағы махаббат дастаны шығыс ауыз әдебиетіндегі байырғы үлгілерге өте етене жақын болып келетінін тілге тиек еткен шежіреші одан арғы әңгімесін Шу саңлағының Ақбөпемен алғаш жыр арқылы таныстығынан, жиембет Тілеуқабыл бо­лыстың шілдехана тойында басталған сәтінен өрбітті. «Екеуі бір-біріне өлең арнап, үш жыл ұдайы хабарласып тұрады. Ал енді Ақбөпе Өтелбайқызының кім екенін түсіндіріп жату артық болар деп ойлаймын, – деген халық қазынасын жинаушы Шу бойын­а Арқадан 1840 жылдары көшіп келген Ақбөпе сұлу мен Сауытбек ақын арасындағы ғашықтық отының тұтануына негізінен олардың бойындағы ақындық өнердің көптеп себепші болғанын айтады. Үш жыл бір-бірін сырттай құлай сүйген жандар қосыла алмай күйзелген зарлы шерін жырмен өрнектейді. Әншілік, ақындық өнер жүрекке жол тапқанмен, кедейлік пен «әттең, тонның келтелігі» жолды кес-кестеген сайын әлеуметтік тартыс шиеленісе түседі. Сол уақытта елу қара беріп, екі әйелінің үс­тіне тоқалдыққа Ақбөпені айттырып Қордай жақтан адамдар келеді. Бірақ қыз жүрегі бұл сұмдыққа төзбей: «Мені алып қаш, сенімен тартқан қиындықтың қандайына да болсын төзуге дайынмын», деп сүйіктісіне мұң шаққанмен, кедейліктен қолы қысқа Сауытбек ақырында айдай сұлу аруын бір көруге зар болып қала береді. Байлыққа қарсы тұрар дәрмен бар ма? Содан бір күні Шу өзенінің төменгі сағасындағы Кіші жүздің тама руынан Жүнісбай деген кісі той жасайды. Сол тойға Сауытбек ақын барады. Бірақ сүйіктісіне пәлен күні келемін деп уәде қылған уақытынан кешігіп қалады. Міне, сол арада Қордай жағы тыныштық бермей қойған соң, қыз төрт-бес күн әдейі сырқаттанып жатып алады. Жылайды. Сүйіктісімен бел байласып қашуды ойластырады. Шешесі қосыла еңіреп, етектері жасқа толғанмен, ақыры түк шықпасына көзі жеткен мұңлық жүгін артқызып, жасауымен кете барады. Сол күні Сауытбек елге оралғанда екі жастың арасын байланыстырып жүрген жігіт: «Олар Батырбек дегеннің ауылына барып қонады», деп мән-жайды жеткізеді. Сері жігіт астындағы атының жүдеп-жадағанына қарамастан Шу мен Қордайдың ортасындағы Ұлан деген биік жотаға тұмсықтары тіреле бергенде әлгілерді арттарынан әупірімдеп қуып жетеді. Қалыңдықты торуылдап қорғаған күзетшілерден ебін тауып әйтеуір тілдескен қыз: «Мені алып қашпасаң, енді бізге бір-бірімізді көру жоқ», деп жалбарынады. Ал мұны Сауытбек қонып жатқан үйдің иесі естіп: «Айналайын, мұндай сұмдыққа бара көрме. Егер де сен қалыңдықты алып қашсаң, байдың ауылы мына тұрған 40-50 үй қыпшақтың бірін қалдырмай құртады, ол аз десең, Ботбайды екі шауып, тыныш жатқан момақан жұрттың қаны селдей төгіліп, ел іші алатайдай бүлінгелі тұр», деп әрең тоқтатады. Сонымен, таң қылаң бере жүктерін артып, 20-30 жігітімен жаныс­тар Ақбөпені алып кетеді. Жадыраның даласымен жүріп бара жатып, Ұланның жотасында қыз тағы да сыңсу айтады, сүйген ғашығына мұңын шағады. Бірақ тоғыз өрім қамшылы байдың жанындағы жігіттер жақындатпайды. Сауытбек Ақбөпе көшін қимай біраз жерге дейін қоштасады. Ауылға қайтарда жол-жөнекей Ботбайдың ақша деген руынан шыққан Күдері байдың ауылына келеді. Сөйтсе әлгі ауылда жиын болып жатыр екен. Кеш батып ауылына жете алмайтын болғандықтан, Сәлімбай, Сақпантай есімді айтулы адамдармен бірге қона жатуға тура келеді. Оларға Сауытбек басынан кешкендерін баяндайды. Сонда жиналған көпшілік: «Болар іс болды. Енді жасыма, сені мына жұрт баяғы атақты Сарыбайдың асында атың шыққан ақын екеніңді жақсы біледі. Ақбөпені шын сүйетінің, жүрегің қимайтыны шынымен рас болса, соны сен бізге жырмен толғап көрсетші», деп қолқа салып қоймаған соң, Сауытбек ақынның сондағы айтқаны мынау дейді: Аралтөбе түбінде бес үй отыр, Айырылып Ақбөпеден несіне отыр? Малым болса бір шатақ етер едім, Қолымды кедейшілік кесіп отыр...   ...Қаңғып қалдым далада қолым жетпей, Ашадағы жақсыға сөзім өтпей, Малым жоқ, ақшам да жоқ, биге берер, Ішім күйіп барады жанған өрттей.   Қаңғып қалдым қол жетпей боз далада, Күлкі-мазақ болдым да бозбалаға. Кезендің кердең заман кедей үшін, Қолда жоқ қайрат-қуат жол бола ма?   Құрттың ба шаруаның қысқалығы, Жаз айында киемін қыстағыны. Өткен күзде бір қырға шығармап ем, Боп кетті болыс-бидің іштарлығы.   Болысыма беретін атым да жоқ, Биекеме өтетін парқым да жоқ. Бір атаның баласы бәрі кедей, Атсалысар ауқатты жақын да жоқ.   Ақбөпе, бөрі жеген болдың лақ, Айыра алмай Ұланда қайттым жылап. Елу қара берді де бай әкетті, Бес қара таба алмап ем басын құрап.   Ақбөпе, торғай болдың жылан сорған, Айыра алмай Ұланда қайттым жолдан. Басқа тұрмақ мінерге жалғыз ат жоқ, Не келед жылағанмен енді қолдан?   Бір жолықсам Ақбөпе шырағыма, Осы даусым жете ме құлағыңа. Шыныменен кеттің бе, ақтотым-ай, Қарақұстың түйреліп тырнағына.   Шырылдатып, қарақұс, кеттің алып, Шеңгелінде барасың естен танып. Зарымызды зарлаған екеуміздің, Тыңдайтұғын адам жоқ құлақ салып.   Өміріміз жылаумен өтер ме екен, Бармағымыз тістеулі кетер ме екен, Адамзаттың түспеді рақымы, Арызымыз Аллаға жетер ме екен?!   Ақбөпе, көремін бе, көрмеймін бе, Қайта айналып келем бе, келмеймін бе? Бар болса, Бөпе, сенен немді аяйын, Қырық тұрмақ елуді бермеймін бе.   Тыңдайтұғын бар болса әділ заман, Басты тігіп жолыңда өлмеймін бе. Қош бол, Бөпе, ақ Бөпе, алтын Бөпе, Жақсы туған, жайдары жарқын Бөпе.   Қыздарын қалың алып, малға сатқан, Қайтерсің бұл қазақтың салтын, Бөпе. Үш жыл жүрдім соңыңда үміт етіп, Таппадым үш нәрсенің шартын, Бөпе. Сол барғаннан кейін Ақбөпені күйеуі ұрып-соғып, өмірі жақсылық көрмей өтеді. Ақыры ішқұ­са­лықтан көп ұзамай қайтыс болады. Бір жерде оны үш айдан кейін қайтыс болды делінсе, енді бір соңғы жарық көрген кітапта алты айдан соң көз жұмғандығы айтылады. Қазақтың ақын қыздарының көбінің тағдыры осылай аянышпен аяқталған. Са­раның, Ұлбикенің, Ақбөпенің тағдырлары бір-біріне қатты ұқсайды. Бәрі де жас кездерінде өмірден өтеді. Қазақтың небір тамаша аруларының жаманға тиіп, өмірлері қорлықпен өткені қандай өкінішті. Сауытбек ақынға келсек, ол ашаршылық жылдарында дүние салған. Мүрдесі Тоқташ деген жерде, бірақ дәл қай жер екені белгісіз. Тоқташ – Қырғызстан мен Қазақстанның шекарасында. Туған жерінде халық ақынына қандай құрмет көрсетілді деген мәселеге келсек, Шу өңірінде өзі тұрған ауылға аты берілді. Кітабы жарық көрді. Бұл да бір тәубе дерлік игі іс. Енді жиналып, оған еңселі ескерткіш орнатылса, Шу қаласының тарихы үшін ол дегеніңіз керемет тарихи орынға айналар еді», деп бүгінгі ұрпағының атынан атқарылған істерге тоқталған шежірешінің көмейі мұнан да басқа мол көмбеге күміс теңгедей сыңғырлап тұр. «Алты ағайындының (Зәуірбек, Құсабек, Сауытбек, Тәтелбек, Іңкәрбек, Сыбанбек) екеуі ақын, біреуі күйші болған. Үйдегі жалғыз шапан мен бөрікті үнемі Сыбанбек киіп кете берген соң Сауытбек ашуланып, інісіне: «Сен өзі менің астымдағы атыма дейін тыныштық беруді қойдың. Неше рет жолымнан қалдырдың?» деп ренжиді. Содан інісі бір күні Көкірек деген елдегі Күртібай байдың қызын алып қашады. Күртібайдың алты баласы болған. Қыздың жеңгесіне Сыбанбай өзінің кедей екенін, бірақ бес-алты күн қыздың қай үйге түскенін айтпай ішіңде сыр ғып сақтай тұруын өтінеді. Қыздың жеңгесі жөні дұрыс адам болса керек, осы айтқанын орындайды. Сол арада інісі Сауытбекке: «Міне, «үйлен, үйлен» деп мазамды алып қоймаған едіңдер, ал міне, үйлендім», дейді. Сөзден ұтылып, дәрмені құрып тұрғанда Сауытбектің ақындығын сыйлаған әр рулас ағайыннан, туыстардан мал жиналып, әжептәуір 20-30 ірі қараның, 200-300-дей қойдың басы құралады. Артынша қызды қуып келген ағалары жағалай ат мініп, риза көңілмен аттанады. Сонда Сауытбек осы тойды атқарып, риза болып отырғанда ағайындарына арнап жыр төгілткен. «Сыбанбек жүр ме мақтанып, Бір қыз әкеп талтаңдап. Құсабек пен Зәуірбек, Жүгіріп жүр қалтаңдап, – деп басталатын өлең: Теңеліп кетті күнтумен, Кедейліктің кемдігі. Бір-ақ күнде құтқарып, Елімнің болды теңдігі», – деп ризалықпен түйінделеді екен». Ағамызды өзіміз осы жерден тоқтатпасақ, халық қазынасын құрастырып, жинау­шы қарттың жадындағы жырлар мұнымен бітпей, әлі жалғаса беретін түрі бар. Мақсатымыз – ел ішінде қаншама осындай құймақұлақ шежіреші жандардың жүргенін және кейінгі жас ұрпаққа олардың өнер-өнегесін, дәстүрге адалдығын паш ету болғандықтан, Мұрат Әбдірашитұлының аузынан жазып алынған осы жырлардың өзі үлгі іздегенге үлкен сабақ болып қалады деген ойдамыз. Әйтпесе, жыр дарияның түбін, шегін көрген жан бар ма?! Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.