Қоғам • 07 Қыркүйек, 2024

Ұлт ұстазы ұлықталды

75 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алаш мұрасы – ортаймас байлық, түгесілмес қазынамыз. Әр саланың іргетасын қалаған тұлғалар жылдан-жылға жаңаша зерделеніп келеді. Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының ұшан-теңіз еңбегі – елдік мақтанышымыз.

Ұлт ұстазы ұлықталды

Тілдер мере­кесіне орай Ғы­лым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты ко­митеті, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы және Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылы­ми-практикалық орта­лығы Алаш көсемі, аса көрнекті ғалым, ұлт тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Бай­тұрсынұлының туған күні аясында басқосу өткізді.

Мерекелік іс-шарада халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы әзірлеген қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі «Абай» кітабының тұсауы кесілді. Со­нымен қатар Ахмет Байтұрсынұлының мұрасына арналған «baitursynuly.kz» сайты жиналған қауымға таныс­тырылды. Мерекелік басқосуда ұлт ұстазының, жалпы Алаш қайрат­кер­лерінің шығар­ма­шылық мұрасы және мемлекеттік тілдің өзекті қыры, ғылым тілі, жаңа инновациялар т.б. мәселелер талқыланды.

Жиында қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, Парламент депутаттары Нұртөре Жүсіп, Қазыбек Иса, Болат Керімбек, «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, ҰҒА ака­демиктері Дихан Қам­забек­ұлы, Шерубай Құрманбайұлы, Жа­зушылар одағы Астана филиа­лының директоры Дәулеткерей Кәп­ұлы ойларын ортаға салып, маңызды пікір­лер айтты.

Басқосуға еліміздің жоғары оқу орын­дары оқытушылары, Республикалық терминология комис­сиясының мүшелері, «Qyr balasy» қоғамдық қоры, Бас прокуратура, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «KEGOK» АҚ, «Қазақстан темір жолы» АҚ өкілдері, мектеп мұғалімдері қатысты. 

Соңғы жаңалықтар