«Таза Қазақстан» • 10 Қыркүйек, 2024

Қоқысты сұрыптауға көшеді

57 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодар қаласында қо­қысты сұрыптайтын зауыт құрылысы қолға алына бастады. Жобаға сәйкес кәсіпорын тұрмыстық қатты қалдықтар төгі­летін полигонда орналасады.

Қоқысты сұрыптауға көшеді

Сурет: inbusiness.kz

Павлодар қаласының аула­ларындағы контейнерлерден күніне мыңдаған тонна қоқыс жиналады. Билік тұрмыс­тық қатты қалдықтарды сұрып­­тап, жинау тәсіліне көшу­ді ойға алды. Бұл үшін қалдықтар төгілетін полигонда арнайы зауыт құру жобасы басталып кетті.

– Шаһарда ескі қоқыс кон­­тейнерлерін еуроконтей­нерлерге ауыстыру жобасы жал­ға­сып жатыр. Былтыр қоқыс төгуге арналған 800 еуроконтейнер сатып алған едік. Биыл Химқалашық ша­ғын ауданынан бастап 133 за­манға сай контейнерді орна­ластырдық. Бұл үшін контейнер ыдыстарды қоюға ар­нал­ған алаңдар құйылды. Жыл соңына дейін қосымша шамамен 1 мың еуроконтей­нер сатып аламыз деген жоспар бар, – деп мәлімдеді қала­лық әкімдіктен.

Жаңа қоқыс контейнер­ле­ріне «Спец­машин» ЖШС жаңадан 18 қоқыс таситын ма­шина сатып алған. Қа­ла­да қоқысты сұрыптау зауы­тының жобасы іске аса бас­тады. Ол тұрмыстық қатты қал­дықтар тасталатын полигон аумағында орналасады. Жобаға сәйкес кәсіпорында түсті және қара металдар, картон, полиэтилен, пластик қалдықтары, резең­ке, ағаш, тоқыма-мата өнімдері, шыны қал­дықтары жеке-жеке жиналады.

Осыдан бірнеше жыл бұ­рын шаһар билігі қала тұр­­ғындарына жақын арада қоқысты бөлек-бөлек жинау әдісі енгізіледі деп уәде еткен. Олардың жоспарынша сұрыпталып алынған құрғақ қалдықтар мен пластиктер қайта өңделіп, ал органика­лық қалдықтар жойылуға тиіс еді. Алайда белгісіз себеп­тер­мен жоба сөз жүзінде қалып қойды. Арнайы бағдарла­ма да болмай, бұл жұмысты кезінде «Оператор РОП» компаниясы жүргізеді деген сыбыс та шыққан. Осылай­ша, бүгінде Павлодарда еуро­контейнерлер мен еуропалық стандарттағы арнайы қоқыс көліктері бар да, еуропа­лық әдіспен қоқыс жинау, өңдеу ісі жоқ. Алдағы уақытта жоба толыққанды жүзеге асады деген сенім зор.

Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қор­шаған орта және су ресурстары бас­қар­масының мәліметінше, қа­зіргі уақытта облыс­тағы бір­неше елді мекен полигондар құры­лысының жобалық-сме­талық құжаттарын ке­шенді сараптамадан өткізіп жатыр. Атап айт­қанда, Терең­көл, Ертіс, Баянауыл, Май­қа­­йың кенттерінде бұған маңыз берілген. Бас­қар­ма басшысының орынбасары Дияр Қа­йыр­кеновтің айтуынша, олар кейіннен қол­даныстағы полигондарды ре­культивациялау арқылы қат­ты тұрмыстық қалдықтар по­лигондарын құруды көздеп отыр. Сонымен қатар облыс әкімдігінің жобалар пулына Павлодар қаласында қал­дық­тарды өңдеу кешенінің құры­лысы енгізілді.

– Қалалар мен аудандарда контейнерлерді сатып алу, орнату жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Бүгінде ­облыс бойынша 2,5 мыңнан ­аса контейнер орнатылды. Оның ішінде пластик қалдықтар­ды жинауға арналған 891 контейнер, қалдықтардың қауіпті түрлерін жинауға арналған 200 контейнер (құрамында сынап бар шамдар үшін) бар. Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларында, сондай-ақ жеті ауылдық аумақта тұрмыстық қалдықтарды басқарудың жеке бағдарламасы әзірленді. Бұл стратегияларға қатты тұр­мыстық қалдықтар полигондарын, қайталама шикізат­ты жинау пункттерін салу, қат­ты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мен өңдеуге ар­налған жабдықтарды алу, жаңа контейнерлер мен қо­қыс шы­ғаратын көліктер сатып алу кіреді, – дейді басқар­ма өкілі.

 

Павлодар облысы