Дүниежүзілік көшпенділер ойындары • 12 Қыркүйек, 2024

Этноауылдағы мереке

97 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

V Дүниежүзілік көш­пелілер ойындары аясында этноауылдағы кон­церттік алаңда дүбір басталғалы бері түрлі мәдени бағдарлама өтіп жатыр. Әр облыс­тан арнайы келген өнер ұжымдары додаға жи­налған қауымға мере­келік кештерін ұсынып, ерекше көңіл күй сыйлап жатқаны да мәлім.

Этноауылдағы мереке

Қарағанды облысының өнер ұжымы да кон­церттік бағдарла­масын ұсынды. Атап айтсақ, эстрада жұлдыздары, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткерлері Мақпал Жүнісова мен Жәмилә Баспақова құлақ құрышын қан­дырып ән шырқаса, Қ.Бай­жанов атындағы концерттік бірлестігінің Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі сүйемелдеп отырды. Сондай-ақ С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртістері арнайы қойылым көрсетті.

«Аққу» фольклорлық хо­рео­графиялық ансамблі мен жеке орындаушы солистері де бағдарламадан тыс қалған жоқ.

«Tarlan» этнотобының «Жұ­мыр қылыш» күйіне дизайнерлер Гүлнұр Жарылханова мен Мүсләм Жұмағалиевтің этнокостюмдерін «Art line» модельдік агенттігі халыққа көр­сетті. Бұдан бөлек Ақтоғай ауданынан «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблі, «Жарқын» халықтық хорео­графиялық ансамблі мен «Шолпан» үлгілі хореографиялық ансамблі де сахнаға шықты.

Этноауылдағы мәдени думан­ның көркін айтыс ақындарының шаппа-шап сөз қағысы қыздыра түсті. Ортада айтыс өнеріне жа­ңадан қадам басып келе жатқан жастар мен елге белгілі аға буын айтыскер ақындар өнер көрсетті. Қарағанды облысын осы өңірдің тумасы, «Алтын домбыра» иегері Мақсат Аханов пен Еркеғали Бекболат шарықтата таныстырды.

Сондай-ақ этноауылда апта бойы күн сайы­н еліміздің ең үздік шебер-қолөнершілерінің көрме-жәрмеңкесі, олардың жұ­мыстары мен шеберлік сағат­тары көрсетіліп жатыр. Көр­меге Қарағанды облысының он қолөнер шебері қатысып, былғарыдан, киізден, ағаштан жасалған бұйымдар, қыш және зергерлік бұйымдарды ұсынды.

Этноауылда Қарағанды облысынан үш киіз үй орнатылған. 12 қанатты киіз үйде облыстық өлкетану мұражайының экспонаттары, бірінші сегіз қанатты киіз үйде С.Сейфуллин атындағы театр ұжымы әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді бейнелеп көрсетсе, екінші сегіз қанатты киіз үйде Қарағанды облысының экономика, мәдениет және спорттың түрлі салаларындағы жетістіктері ұсынылды. Мәдени бағдарламаға облыстан жалпы саны 200-ге жуық өнерпаз қатысқан.

«Бірлік ке­руені» театр­­ландырылған шеруге С.Сей­фуллин атын­дағы театрдың ак­терлері, хореогра­фиялық ан­самбльдер, ат спортшылары, бүр­кітшілер, аңшылар тазысымен қатысты.