Жәдігер • 12 Қыркүйек, 2024

Алтайдың маңы мол мұра

128 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ел астанасында V Дүние­жүзілік көшпелілер ойын­да­ры аясында «Алтай – түр­кі әлемінің алтын бе­сігі» ат­ты VIII халық­аралық ғы­лыми-тәжі­ри­бе­лік кон­ференциясы өтті. Биыл бірінші рет елор­дада өт­кен алқалы жиында шетелдік ғалымдар мен ар­хео­лог­тердің қаты­суы­мен Шы­ғыс Қазақ­стан облысына жасалған архео­логиялық зерттеу жұ­мыстарының қорытын­ды­сы баяндалды.

Алтайдың маңы мол мұра

Алтай өлкесі ежелден түрлі шаруашылық жүйелерді, техно­ло­гиялық, дүниетанымдық-фило­со­фиялық идеяларды қалып­тас­тыру орталығы, мәдени-та­рихи байланыстар аймағы бол­ға­ны мәлім. Сондықтан өткен ғасыр­лар­дағы оқиғалардың көптеген материалдандырылған іздері осы күнге дейін сақталған. Тарихи мұ­раларымен аты шыққан аймақтың археологиялық әлеуеті зор.

Ұлттың мәдени мұрасын зерделеу мақсатында 2016 жылдан бастап аталған өңірде «Шығыс Қазақстан облысындағы археоло­гия саласындағы ғылыми-зерт­теу жұмыстарын дамыту бағдар­ламасы» табысты іске асырылып келе жатыр. Сондай-ақ еліміздің археологиялық ғылымының дамуына жаңа серпін беріп, тың жа­ңалық қосып жатқанын да айта кетейік.

рн

Ғылыми-зерттеу археоло­гия­лық жұмыстардың қорытын­ды­лары жыл сайын «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» конференциясында ұсынылады. Жалпы, Ұлы дала көшпелілерінің мате­риалдық-рухани және мәде­ни мұраларының бірегей ескерт­кіш­терінің ашылуы – Қазақстанның ежелгі тарихын және Еуразияның іргелес аймақтарын қайта тірілту үшін зор маңызға ие екені сөз­сіз. Жыл сайын өткізілетін ғылы­ми-практикалық конференция­сы халықаралық ғылыми қоғам­дас­тықты және қоғамның кең ауқы­мын аймақтың археологиялық әлеуетімен таныстыру мақсатын көздейді. Ал ғалымдар мен зерт­теу­шілер халықаралық ғылыми қо­ғамдастықты бірнеше жылғы нәтижелі ісімен мойындатуға күш салып жатыр.

Сонымен, биылғы конференция жұмысында ғалымдар: «Соңғы қазба жұмыстарының нәтижелерін ғылыми айналымға енгізу керек», деген мәлімдеме жасады. Сол арқылы аймақтың археологиялық әлеуетін тереңірек зерттеуге мүмкіндік туады.

про

Ойықтары бар асықтар

Алқалы жиынға Шығыс Қазақ­стан облысы әкімінің орын­ба­са­­ры Ербол Нұрғалиев, Ұлт­тық му­зей директорының міндетін атқару­шы Ай­бек ­Сы­ды­қов, Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет коми­теті Музей ісі және мате­риал­дық емес мәдени мұра басқар­масы басшысы Гүлзейнеп Пазы­лова, Мемлекет тарихы институты­ның директорының орынбасары, профессор Бүркітбай Аяған, еліміздің және шетелдерден – Түркия, Өзбекстан, Ресей мен Әзербайжан, Германиядан келген археолог-ғалымдар қатысты.

Конференцияға модератор­лық еткен тарих ғылымдарының док­­торы, профессор Зейнолла Самашев бастаған археологтер соңғы қазба жұмыстардың нәти­жесін ортаға салып, қоры­тын­дылады. Экспеди­ция құрамы ­ 37 ма­маннан тұрады. Конфе­рен­ция­да жеті шетелдік ғалым баян­дама  ­жасап, ғылыми негіздерімен бөлісті.

Ауқымды іс-шара барысында сөз алған Шығыс Қазақстан облы­сы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев биыл конференция­ның Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына орай арнайы Астана қаласында өткізіліп жатқанын атап өтті. Сон­дай-ақ еліміздегі жетекші архео­логтерге үлкен алғыс айтты.

нг

№ 1 ұңғыманы тазалау кезіндегі тас балғаны табу кезеңі

«Шығыс Қазақстан – еліміздің рухани-мәдени орталықтарының бірі. Баға жетпес тарихи, мәдени, табиғи мұра­ны зерттеу, сақтау, насихаттау – бұл біз­дің патриоттық парызы­мыз. Бағдарлама аясында елі­міз­дің жетекші археологтері – тарих ғылымдары­ның докторлары, профессорлар Зей­нолла Самашев пен мар­құм Әбдеш Төлеубаев жаңа жаңалықтар ашуға мүмкіндік алды. Археологиялық зерттеулердің қо­рытындысы бо­йынша сегіз жыл ішінде мұра­жай қорлары 28 мың баға жетпес арте­фактімен толықтырылды, олар біздің өңірдің ғана емес, бүкіл елдің мақтанышын туғызды. Сал­танатты-жерлеу костюмдерінің ­7 тарихи реконструкциясы орын­далды», деді Ербол Нұрғалиев.

Сондай-ақ ол Алтайдың ма­ңайы әлі көп зерттеле қоймаға­нын­ айтты.

Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігі Мәдениет комитеті Му­зей ісі және материалдық емес мәдени мұра басқармасы басшысы Гүлзейнеп Пазылова аталған жиынның тарихи маңыздылығына тоқталып, министрдің құттықтау хатын оқыды.

Профессор Зейнолла Сама­шев­тің айтуынша, еліміз археологиясы соңғы 5-10 жылда қарқынды түрде дамып келеді.

«Дамып келе жатқан бағыт – пәнаралық зерттеу. Соның ішін­де палеогенетикалық зерттеулер. Біздің археология жалпы та­рихқа ерекше үлкен үлесін қо­сып, жаңа бір сатыға көтерді. Археологиялық деңгейде зерттеулер дамып жатыр», дейді ғалым.

Ал археолог Жолдасбек ­Құр­­­ман­­­құ­ло­втың айтуынша, Ал­тай­­­дың­ қой­­науында құнды жәді­гер көп.

«Еліміздің өмірінде маңызы зор оты­рық­шылық, тау-кен ісі­не қа­тыс­ты бірқатар сауалға жауап тапқымыз келді. Соның бір  нәтижесі – Ақбауыр  кешенін­дегі қазба жұмыстары. Тарихи мекеннен жиырмадан астам қо­ныс табылды. Сақтардың өн­діріс орындары мен егістік алқап­тарын зерттедік. Ауқымды архео­ло­гиялық еңбектер екі томдық кітап­қа жүк  болды. Бұған дейін де бір­неше  мәрте  конференция ұйым­дастырдық, бірақ бұл іс-шара тікелей Шығыс Қазақстан облысына бағытталды», дейді ғалым.

Тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғарұлы ел архео­логия­сының алдында тұрған мін­дет – бү­­гінге дейін жиналған бар­лық мұ­раны, білімді жүйелеу деп есептейді.

«Соңғы үш жылдың ішінде Тас дәуірінен бастап орта ға­сырға дейін барлық кезең бойын­ша сабақтастықты дамыту мақ­сатында арнайы топ құрылды. Бүгінгі таңда Қазақстан тарихы деген үлкен еңбек жазылып жат­қанын білесіздер. Бірінші томда Тас дәуірінен бастап бесін­ші ғасырға дейінгі ел тарихында болған тарихи-мәдени оқиғалар қамтылған. Орта ғасырдағы ар­хеология – қазақ тарихындағы ­ерекше парақ. Бұл – мемлекеттілік­тің дамуы мен жаңа қазақ халқы­ның қалыптасуының жолы. Соңғы бес жылда Қазақстан археологиясында көптеген ашылулар болды. Пәнаралық жұмыстар атқарылып жатыр», дейді ол.

Сондай-ақ конференция ба­рысында философия ғылым­да­ры­­­ның докторы, Едітепе уни­верситеті­нің профессоры, түр­кия­лық ғалым Ахмет Ташағылдың «Қытай дереккөздері бойын­ша ежел­гі түркі тарихы» атты баян­дамасы ерекше талқыға түсті. Жиынға модераторлық еткен Зей­нолла Самашев әр тақырып­тың маңыздылығына тоқта­лып, ғылыми негізді, терең талдау­лармен жазылғандығын атап өтті.

Алқалы жиын пленарлық және тақырыптық-секциялық оты­рыстарға жалғасып, зерттеу жұмыстары жан-жақты талқы­ланды.