Аңдату
Ол бүгінде алты Алаш түгілі алты айшылық жолдағы Еуропа мен Азия елдеріне, орыс пен қытай, басқа да жалпақ жұртқа кеңінен танымал жазушы, драматург, аудармашы; Халықаралық марапаттар мен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Осы бір қоңыр күзде жаны да сұлу, өнері де сұлу суреткер өмір өлкесінің ақиық тартқан алтын беліне көтеріліп, жазиралы жайлауына көз жібереді.
Ол жеті ықылым өнердің керімі – киелі Сөз өнеріне сұлу өрнегімді салсам, сол кермиық әлемнің қар-мұзды құзына байтақ байрағымды желбіретсем, тәкаппар уақыттың тезінде кермек татыған көңіл шәрбатын сол заңғар асудың кәусар тұнығынан құшырлана қандырсам деп, кербез дүниеге ұшқыр ойы мен жалқы болмысындағы барын сұңқардай шашсам деп келген жан.
Асау да арда сөз өнері кінәмшіл де шетін екенін жастайынан сезінді. Балалық махаббатқа толы кіршіксіз сезіммен, жарық дүниені жалындай сүйген суреткерлік көзбен асыл сөзге ғашық болды. Сөз өнеріне деген алғаусыз іңкәрлық жанына «дерт» болып жастайынан жұғысты.
Сонау алыста қалған тарлан Тарбағатай тауларының етегіндегі балалық күндері бүгінде сана саңылауынан сызаттай құйылар сәуле арасынан менмұндалап шыға келетіні де содан. Үржардағы мектепте шәкірт боп жүріп байқамай бойжетіп қалған балқаймақтай шақтары ақ сағымды әлем болып алдынан орағытады... Арманға толы ақ сағым ішінде жел-құзға алдырмаған жалғыз шынар ырғала алдынан шығады.
Жас шағында айтатын «О, жарық дүние!..» әлемінің көкмұнар көмкерген, ақ сағым иректеген бұла биігі үрдісінен жазушы-драматург, аудармашы Роза Мұқанова бүгінде айықпас мұңы мен шерін, азапты түні мен арпалысты күнін өзі ғана білетін, өзі ғана сезіне алған табанды шығармашылық еңбегімен тудырған көркемдік әлеміне қасқая қарап, ойлана зер салады.
Проза
Роза прозасы – ішкі рухы тегеурінді болып келетін көркем туынды, шынайы да зерек, классикалық үрдісті мәнсұқ етпеген шығармашылық. Қызыл империялық қазақ әдебиетінің кеңістігі күшіне мініп тұрған кезде қалам алса да, ой-санасы ұлттық кредодан ауытқымаған, қазақтық болмысы бүлінбеген, әлемдік әдеби үрдіс мәдениетін меңгере отырып ұлттық прозаға жаңашылдық мәнерімен келген, қазіргі күні еркін ойлы әдеби ағымда көп айтыла беретін «постмодерн» стилінде де қалам тербеген стилист.
Оның нәзік жанды болып келетін кейіпкерлері ақиқатында ақсемсер мінезді, ақжауырын әрекетті тұлғалар болып келетіні көңіл қуантып қана қоймайды, оқырманының ары мен жанына тиетін, өзгеше рух сыйлайтын персонаждар. Розаның атын жалпақ әлемге жайдырған «Мәңгілік бала бейне» новелласы тап сондай соны рухты шыңырауына жеткізе бере білген, терең сезімталдықпен суреттелген дүние.
«Мәңгілік бала бейне» новелласы архитектоникасын мынау дүниеде Роза ғана суреткерлікпен тани білген, басқа қаламгер қауым атаулы аңдай қоймаған аса нәзік шырпы-сезім мен адам психологиясы ғана аша алатын шетін жайды оқырманына алғаусыз ақтарғаны шындық. Оның қаламынан осы әңгіме туған кезде, алғаш оқыған классик ағаларымыз таңданыстарын жасыра алмағанына куәмін!.. Өздері көре алмаған кішкентай ғана детальда осыншама сұңғыла пейзаж пен қасірет симфониясы жасырын жатқанына жандарын үзе жанығып еді.
Қалтарыс қатпары мол әңгімелерінің өн бойында адам жанының ой мен сезім айқасқан, жан мен тән ширыққан бір сәттік қана емес, ұзақ сергелдеңдік иірімге батыратын стилі оқырманын ғана емес, қаламгер аға буын мен тұстастарын да қызықтыратын, қызғандыра түсетін-ді. Олардың көбісі Роза әңгімелерін көрсе де көрмегенсіп, оқыса да оқымағансып, естісе де елемегенсіп қалатындары жасырын емес еді...
«Мұқағали» әңгімесі жарияланған кезде «Мұқағалиды жазатындай ол кім еді, сонша!?» деген пәтуасыз күңкіл сөздер естіліп қалған-ды. Роза күркүреп өткен нөсерден кейін саңырауқұлақтай қаптаған «жалған» мұқағалишылдар сияқты емес, ақын жанының гольфистрим ағысы сияқты кемел табиғатына шым батып, ой иірімін шын сезініп, ақындық аңсарын анық түсінуге тырысқан сырлас жан. Жаны да, тәні де жаралы ақынның өзі өмір бойы бөбегіндей әлдилеген, құдайындай табынған Музасына бас ие отырып, жартасты жарып шыққан эдельвейс секілді күрделі болмысын жарқырата таныған қаламгер кейінгі буынның арасынан шайыр сөзін, сезімін новелла тілінде алғашқы болып жеткізгендердің бірегейі десек қателеспеспіз. Бұл тұрғыдан Роза өзі шексіз жақсы көретін жазушы Стефан Цвейг тектес нәзік новеллист.
Роза танымы тұнық. Содан да болар оның көркемдік әлемінде фальш жоқ. Қандай әңгіме, новелласын алсаңыз да кейіпкердің ішкі жан сезімі мен жан қиналысына ене суреттейді. Оқырманы да оның осы жазушылық болмысына қарай көркем дүниенің ішіне қалай кіріп кеткенін аңғармай да қалады. Кейіпкер әлеміне дендей енген сайын өз-өзін ұмытып, жазушымен бірге бір болмысқа байқалмай көшіп, оқиға ауаны мен кейіпкер сезіміне бірге араласып кетеді. Бәлкім, жұрт көп айта беретін шеберлік пен стиль деген осыған кеп саяр!..
Адам баласы пенде, ал пенденің мынау тарының қауызындай тар қауым ішінде жан-дүниесі жақ-жаққа жарылмайтын, ышқына қиналмайтын, қыстыға егілмейтін, қызыққа елікпейтін, есекдәмеге елірмейтін, түлен түрткенге тарылмайтын күні жоқ қой... Роза суреткер содан да Мұқағалидың бір ауыз сөзін («біздерде монастырь жоқ, мен оған барар едім») новелласына эпиграф-тәмсіл етіп алып, жанына тыныштық іздейтін кейіпкерін сомдайтыны.
Жазушы осы әңгімеде «Жанымның емі – тыныштық» дейді, өз ішіне қарай үңіле ашылып. Бұл – мінәжат. Жазушының оқырманына арнаған диалогтік мінәжат десек дұрыс болар, бәлкім. Оқырманмен ашық сырласа отырып, оған да тағдыр талқысында мінәжат жасап жүруге үндейтіндей суреткерлік дауыс. Бұл дауыс аса сезімтал, қобыз күйіндей ақиқатшыл.
Жазушы әйел адам болғандықтан да Тәңіріге әйел затына тән нәзіктікпен, әйел затына тән интимдік табу тұрғысынан ашық барады. Ашыла жазады, айыра үн қатады. Жасырып-жаппайды жан сырын... Жоқтан өзгені жамамайды. Сонысымен де жаңашыл, шетін стильде оқырманын баурап алуға бейім. Қазіргі білім-білікті оқырман ой-санасын, сезім-танымын тани алғаннан да өтірік айтып, жалған намысқа бұрмайды.
«О, Тәңірі ием!.. Сенемісің. Маскүнем, ақылы жоқ, санасыз күйеуімді сағынып, оның маған арналған қаһарлы таяғына арқамды тосып қабыл алған болар едім. Жаныма тиген ащы сөзін сүйсініп тыңдаған болар едім. Өзімді таяққа жығып салған жаһилімді бас салып, күңсіген лас денесін аймалап, мауқымды басар едім» дейді туындыгер.
Бұл жазушы қаламынан туған аса қатал үкім сияқты көрінгенімен, шындығында қазіргі күні «гендерлік тепе-теңдік керек» деп қақсап жүргендердің «данышпандығына» кереғар түсінік болып табылар еді. Жазушы қоғамдағы «шоқынған» ұрғашыдан да жаман болып кеткен бүгінгі әйел затының ер-азаматының алдындағы орнын аямай таңбалап береді. Қазақ қоғамындағы әйел баласының кері кетіп бара жатқанын сол 90-жылдары жеріне жеткізе жазғаны шындық. Оқырманына ғана емес, алапестеніп бара жатқан қоғамға «әйел заты – қашанда әйел» екенін ащы сарказммен еске салады.
Жалпы, Роза әңгімелерін сыдыртып оқи салатын жеңіл-желпі шығармаға жатқызуға болмайды. Оның ішкі психологиялық астарлары мен тысқы мазмұндық құрылымына қайта оралмай, қайыра зер салмай шығарма шұңғымасына бойлай алмайсың. Қазақтың байырғы тілімен айтқанда, «ішті» дейтініміз де содан.
Жазушының новеллалары ішінде «Үркек керім» шығармасының орны бөлек. Атақты Ақан сері туралы жазылған бұл новелла ақын Мағжан шығармашылығымен, Мағжан танымымен ұласып жатыр. Роза бірақ Сері Ақанның қартаң тартқандағы сергелдең күйі мен серек мұңына мүлде өзгеше қырынан ой жіберіп, өзі таныған, өзі сезінген, өзі қабылдаған биіктен барлау жасайды. Бұл – Розадай суреткер жазушының Серісі.
«Есейген күйдің күйігі басқашалау» деген Сері Ақанның «күйігін» қарымды қаламгер деп жүрген жазушының өзі терең түсіне алмасы айқын. Роза сондай тылсым Ақанмен сырласады. Әлде біреудей ақын мұңына мұң жамап қоймайды!.. Ақынды мұңынан арылтуға көшеді.
Киелі өнер арқылы, әйгілі «Сырымбет» әні арқылы, аңсағаны сұлу Жамал арқылы ақын жанына араша түседі. Көптің сыпсың өсегінен сері жаны жазықсыз жапа шексе де, қыз ары жолында өз иманымен биік екенін танытып береді. «Сырымбет» ғашықтық қана ән емес, ел мен жерге деген шексіз махаббатқа толы, өнерге деген ерен құрмет биігінен туған саз екенін ашып көрсетеді.
Тап осы ән Ақан сері өнерінде аса биік, аса тұлғалы дүние екенін Роза новелласы арқылы түсінесіз. Сөзсіз әуендей бойың шымырлап, ән сазы құлағыңа келіп, таңдана түсіп, пәктікті сезінесің. Жазушы өзі де қобыз шалатын өнерлі жан екенін ескерсек, тап осы арада автордың ән қанатындағы оқырманының күй мен сезіміне дөп тиерлік етіп новеллалық суреттеуімен өз жанын да толқыта тербеп, оқырман ой-сезіміне айрықша ықпал етерлік серінің қуатты жан-рух кәусарына ерекше бойлап барғаны шығармада анық байқалады.
Жастық дәурен «құштарлығынан арылғандай, пәндеуи тірліктен айыққандай» болып, қарттық белеңге аяқ басқанында жас Жамалға – ақылды Жамалға жолығып, «тағдырдың тауқыметіне бір тоймай-ақ қойдым-ау» дейтін Сері ой-сезімі бастыққан асаудың тағы бір «талпынып, көктегіні қармап көрмек» тағдыры дейтіндей. Иә, серілікпен өткен, өкініш пен қасіретке толы тағдырына жұбаныш болып жолыққан Жамал қызбен сыр ашыссам деген дәмегөй ой мен сезім арпалысы.
Роза осындай сұрапыл тағдыр кешкен Ер Ақанды нәзік те кінәмшіл, бақ пен сор маңдайына жазылған жұмбақ бейне етіп суреттейді. Ақан тағдырында жолыққан Жамал персонажы новеллаға кілт ретінде алына отырып, аймаңдай ақынның тағдыр талқысында тауфиыққа көнбес бунтарь мінезін аша түседі.
Өзі ұстаз тұтқан Науан қазіретпен диалог көп нәрсені айқындайды. «Серілік деген сұлулық қой. Сұлулыққа іңкәрлік. «Тәңірім сұлулықты сүйеді» депті Алланың елшісі.» – «Ақан сері мен Науан қазірет ұзаққа дейін үнсіз қалды» деп түйеді жазушы диалогті. Бұл түйіндеу «жан тыныштығын сезіну – құлшылықтан басталатынына күмән келтірмеу» екеніне бет бұрған сері ақынның сезімталдығымен септесіп жатыр. Сері көңілдің селқоссыз тоқтамы.
Ал «елге ырыздық болған Сырымбет» пен «елге сұлулық көркін сыйлаған Жамал» жайы тіпті терең. Шегірткедей қаптай бастаған қарашекпенділердің сұсынан сескенген Сері Ақан сергелдеңі «жат жұрттан қори алмаған» төрең де, би-болысың да «ынжық», ерің сорлы, ырду-дырдумен алаңсыз күн өткізген жұртың дарақы деген зарлы құсаға кептеулі... Жанында шерін айтар, уайымын бөлісер жан жоқ.
Жамал бар еді... Енді ол да ұзатылып барады. Жазушы «Сырымбетсіз Ақан – жетім, Жамалсыз Ақан сері емес – шерлі» дейді. Ақын міне, енді шын шерлі жетімге айналды. Кіршең көңілінде Жамал ғана жұбаныш болатын, енді ол да – сағыныш. Сарыуайым. Бірақ серіге де, аруға да «олжа» болған «Сырымбет» – күллі қазақ руханиятында реквием-ән болып мәңгіге қалды.
Сері мен сұлудың ән тағдыры ендігі жерде қазақ оқырманы мен жазушы баяны арқылы баянды бола береді. Ал, аңызға бергісіз «Сырымбет» әні тағдыры Ресей отаршылдығы құрсауында туса да, сергек ойлы сері қазағын жуасыта түспейді... Қайта керісінше сезім тудырып, Кенесары аңсаған азаттық жігермен жігерлендіре түседі.
Әлбетте, Роза новеллалары рухани кеңістігіміздің шөлін сусындата береді.
Драма
Қазақ драматургиясында Роза дауысы айрықша екені даусыз шындық. «Мәңгілік бала бейне» драмасымен бірден М.Әуезов театрында шымылдығын ашқан драматургтің талантына қалың көрермені қуанып, қаламдастары сүйініп қарсы алғаны рас. Алдымен новелла арқауына айналып, іле-шала спектакль мен «Қызжылаған» секілді киноға ұласқан көркем шығарма тағдыры жазушы өмірінде биік белес, даңқты соқпақ болды. Бала кезінде топ баланы жинап алып, оларға өзі режиссер, өзі актер болып «ойнайтын» Розаның балалық арманына, үкілеген үмітіне осылайша сара соқпақ ашылғанына ол өзі де таңырқап қалушы еді!..
Розаның суретші Калмыков тағдыр-талайы мен ұлылыққа тән жұмбақ өнері, сұлу өнері жайында «Сен» деген ғажайып драмасы бар. Осы драмада персонажының аузына мынадай сөз салады: «Өнер – ақылға бағынбайды... Интуицияға...» дейді.
Осы тәмсіл драматург-жазушының өзіне де тікелей қатысты, сондықтан да осындай астарлы ой түйеді. Өнер жолында мойныңа Исаның айқышындай ауырды артқан екенсің, онда барлық тауқыметке шыдап бағасың. Өнер үшін ақылыңды құрбандыққа да шаласың... Интуиция ырқына еріп кеткеніңді сезбестен тар соқпақпен тасбақаша тарта бересің деген ерекше емеуірін де бар мұнда.
Калмыков суретшінің тағдыры – талант тағдыры. Суретшінің басқалар түсінбес, өзгеге «жынды» болып көрінетін жат тағдыры арқылы Роза шығармашылықпен айналысқан кейбір дүлдүлдердің талайына тауқымет жазылатынын суреттейді. Суретшінің картинасы сана түкпірінде сәулелене дірілдей туып, қиял құштарлығымен суретке айналатынын бөгде жұрт қайдан білсін. Сондықтан да Калмыков «Тобыр – соқыр, саңырау, дөрекі, күлкішіл, қасіретшіл, опасыз, арсыз. Суреткер тобырдан ештеңе үйрене алмайды. Тобырдың адамилыққа жетуі ұзақ уақытты талап етеді» деп ойланады. Өз пәлсапасын жазушы Оскар Уайльд айтқан «Тобыр – адам болу үшін, алдымен суреткер болу керек» сөзімен түйіндейді.
Роза-драматург осындай психологиялық мәні басым, ойлы шығармасы арқылы шығармашылық тұлға атаулының да тереңге тұнған жан қиналысы мен талайлы тағдырына өкпелемес шығармашылық ләззатын, өз ісіне деген шексіз махаббатын ашады. Ал шын талантқа әлдебіреудің пендеуи қызғанышы емес, әсіресе өз әріптестері арасындағы қызғаныш аса қатал да қатігез, зәбір шектірерлік күшті болатынын, оның талант атаулыға ауыр тиетінін Калмыков тағдыры арқылы танытып береді.
Өзін өнердегі «өгіз» көретін Калмыков – өсекшілер үшін «Жер басып келе жатқанын да білмей қалатын... Үнемі басқа бір әлемде жүреді» дейтін ақымақтау мәжнүн, ал дарынсыз суретші Оболенская үшін «Есірікпен ауырғанын жазғыздым. Жұмыстан қуғыздым... оны дереу жаңа пәтерге көшіріп, ескі тамына барып тығылдым. Шабыт күттім. Жаңа бағыт, жаңа тақырып, жаңа ой, форма іздедім. Түк шықпады, күткенім күлге айналды. ...Жаңа естіп отырмын. Ақыры түсіпті ғой тозаққа» деп ызаға булықтырған дарын.
Жай күнде жылқыдай үйірлес, өнерде шүйіркелес әріптес бола жүріп қастығын ту сыртыңнан сайлап жүретін және қапысыз жүзеге асыратын Оболенская сияқтылардың бүгінгі әдебиет пен өнерде де баршылық екенін Роза драмасында айпарадай ашып салады. Оның Оболенскаясы қазіргі қазақ қоғамында да жетіп артылатыны ақиқат, олардың пасық пиғылы қазақ ішінде ұлы Гоголь суреттейтін кейіпкерлер әрекетінен де сорақы.
Суретшіні «өз үйіне өзі өрт қойған» жынды қылып көрсететін бүгінгі қоғамның сиық-сықпыты аса қауіпті тенденция екенінен драматургтің өзі де тіксінетіндей... Драманың осылайша тәмамдалуында талантты жанның суық қоғамнан да, сұрқай адамнан да қандай сұмдық теперіш көретіні жүрегіңді шаншып, жаныңды бебеулетеді!..
Жалпы, жазушы драмаларында ұшырасатын кейіпкерлердің бәрі – дерлік бүгінгі қазақ қоғамындағы адамдармен рухани байланысып жатыр. «Шатыр астындағы Мен» пьесасы қазіргі қағазбасты, роботойлы шенеуніктер өмірін ащы әжуа-сынға алған трагикомизмнен тұрса, әлі күнге дейін қазақ режиссерлері қоюға батылы бармай жүрген «Мысықтар патшалығы» – қойдай момын ел-жұртын мысық маскалы сұрқия жандар жайлап, шексіз билік құрған жексұрын патшалық туралы қасіретті драма.
Ал тарихи фонда ала отырып, адам жанының психологиялық терең қалтарыс-қатпарын ашатын, қазақ тарихи тұлғаларының жекебастық қайғысы ұлт қасіретімен кірігіп жатқанын суреттейтін «Бопай ханым» және пайғамбарлар ғұмыры мен олардың аналары, жарлары жайында үлкен философиялық астарда драмалық ой-сезім түзетін «Сарра» шығармаларының тұңғиығына қанығу да оқырман интелектісін көтеріп, адамдық айнасына қайыра үңілтеді.
Осы «Сарра» драмасының түп-негізінде пайғамбарлар туралы аңыз-әпсана жатқаны айқын. Оған автордың ой салуының да себебі бар. Роза прозаик болып таныла бастаған кезінде әлемге танымал орта ғасырлық мұра – Рабғузидың «Қиссас-үл-әнбия» еңбегін аударған. Ол – білімді аудармашы, тіл шырайын түрленткен тәржімашы.
Роза бүгінгі күні қазақ қоғамындағы «сыздаған жараның» аузын тырнап ашып, шешендік өнер тілімен, шебер актер ойынымен сөйлейтін драма саласында кесек образдардың биігінен руханиятқа кемелдікпен тіл қатуда... Ол күрделі де көрікті қазақ өнерінің бәсін тәуелсіздік иінінде биіктетіп, таң шолпандай көмескі тартқан руханияттың бағын жарқырата жағып келеді.
Асқар АЛТАЙ,
жазушы, сыншы