Пікір • 13 Қыркүйек, 2024

Техникалық мамандықтың болашағы зор

120 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қыркүйек айы жақындаған уақытта Мемлекет басшысы­ның дәстүрлі Жолдауын тағатсыздана күткеніміз рас. Себебі Президент Жолдауы маңызды құжатқа айналып, алдағы бір жылда атқарылуға тиіс ауқымды шаруалардың жоспары түзілетінін аңғарып жүрміз. Әсіресе мемлекеттік органдардың өкілдері жұмысын бір пысықтап алатыны анық. Кейін ел тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асатыны қуантады-ақ. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының көздегені де осы емес пе?

Техникалық мамандықтың болашағы зор

Сурет: mirdik.satu.kz

Биылғы Жолдау «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» деп аталыпты. Кейінгі жылдары Әділетті Қазақстан деген тіркес жиі айтылып жүр. Бұл тегін емес. Бұған дейін халықтың көкейінде тұрғаны да осы мәселе еді. Әділетті қоғам қалыптасса, заң да, тәртіп те, экономикалық өсім де болатыны ақиқат.

Жолдауда білім беру жүйесін да­мытуға және техникалық кадр­ларды даярлауға ерекше мән беріл­ді. Мемлекет басшысы елдің тұрақ­ты экономикалық өсуі мен бәсе­кеге қабілеттілігін арттыру үшін білікті мамандарды, әсіресе, тех­никалық және инженерлік салаларда даярлауға баса назар аудару қажет екенін атап өтті. Бү­гінде елімізде техникалық маман­­дықтарды даярлауға басым­­дық беріліп жатқанын білеміз. Сол бағытқа білім гранттары молынан бөлініп, барынша қолдау көр­­сетіліп жатыр. Бұл – көреген саясат. Түптің түбінде техника ма­ман­­­дықтарының иелері ел дамуы­на үлкен үлес қосатынына сенім мол. Мемлекет басшысының ең­бек адам­дарына құрмет көрсе­ту ма­­ңыз­ды екенін жиі айтуы – тех­ни­­ка ма­мандықтарын, яғни қара­па­­йым жұ­мысшы мамандық­та­­рын на­с­и­хаттаудың бір тетігі іспеттес.

Президент техникалық және кәсіби білім беру жүйе­сін дамытуға тоқталып, ин­дуст­риялан­дыру және ел эко­но­ми­касын әртараптандыру­ға елеулі үлес қосатын инженер­лік және ғылы­ми кадрларды даярлауды жақ­сарту қажеттілігін айтты. Өңдеуші өнеркәсіпте, ірі зауыттар­да, басқа да жоғары тех­ноло­гия­лық салаларда жоға­ры білікті ма­ман­дарға деген сұра­ныстың артып жатқанын ескерсек, кадр дайындау ісі жүйелі атқарылғаны абзал.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ғылыми зерт­теу­лерді дамыту және білім беру үдерісіне инновациялық технологияларды енгізудің маңызын атап өтті. Қазақстан жаңа тех­нологиялық көшбасшылар­ды қалыптастыру үшін тиімді жағдай жасауды көз­деуі керек, бұл ғылым мен техно­логияға қо­мақ­ты инвестиция салмай және жоғары білім беру жүйесін ре­фор­маламай мүмкін емес екеніне ерекше тоқталды.

Жас мамандарды қолдау және олардың біліктілігін арттыру аясында Президент экономи­каның негізгі салалары үшін жоғары білікті кадрлар даярлауға бағытталған «Жас маман» бағ­дар­ламасын атап өтті. Бұл бас­тама оқу орындарының санын көбейту, оларды заманауи жабдықтар­­мен және әдістемелік қолдаумен қам­тамасыз ету мақ­сатында жалға­сын таппақ.

Сондай-ақ инженерлік білім мен ғылымның жаңа технология­лары бойынша ғылыми-зерт­теу хабын құруға тапсырма беріл­ді. Бұл ретте көптеген универ­ситетте Ғылым және жоғары білім министрлігі қолдауымен технопарк және инженерлік орта­лықтары құрылып жатыр. Бұл орталықтар алдағы уақытта отан­дық ұлттық компаниялармен байланыс орнатпақ.

Қорыта айтсақ, Жолдауда білім беру және техникалық кадр­лар­ды даярлау мәселесіне баса назар аударылуы Қазақстан­ның білім мен жоғары техноло­гия­ларға негізделген экономиканы құруға ұмтылысын көрсетеді. Бұл – еліміздің одан әрі тұрақты дамуының негізгі факторы.

 

Алуа ТАҢЖАРЫҚОВА,

Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, ф.ғ.д., филология факультетінің деканы