Қоғам • 17 Қыркүйек, 2024

Сала сарапшылары студенттермен кездесті

69 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атом электр стансасы құрылысы мәселесін түсіндіруді мақсат тұтқан Халық штабы Есік қалалық гуманитарлық-экономикалық колледжінің студенттерімен кездесу өткізді. Кездесудің мақсаты – жастарға атом электр стансасын салу туралы ақпарат беру, энергетика саласындағы қазіргі жағдайды талқылау. Өңірлік Халық штабы мүшесі Бағдат Рахимов АЭС салудың энергетикалық саласына ықпалы туралы баяндады.

Сала сарапшылары студенттермен кездесті

«Қазір еліміздегі электр энер­гиясының шамамен 70 па­йызы көмірден алынады. Энергетика министрлігінің мәлі­метінше, 2035 жылға қарай электр энергиясын тұтыну 152,4 млрд кВт/сағатқа жетуі мүмкін, ал қолданыстағы стансалар бұл қажеттілікті толық қамтамасыз ете алмауы ықтимал. Бұл жағ­дай елімізге қосымша энер­гетикалық шешімдерді қа­рас­­­тыру қажеттілігін туғы­за­ды», деді ол.

Кездесуде АЭС құры­лы­сының технологиялық ерекшеліктері мен қауіпсіздік шаралары талқыланды. Халық­аралық стан­дарт­тарға сай III және III+ буын реакторларының қолданылуы, олардың қауіпсіздік жүйесі және апаттардың алдын алуға арналған технологиялар туралы тү­сіндірілді. Студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, реакторлардың жұ­мыс қағидаттары және қауіп­сіз­дік талап­тары жан-жақты қа­рал­ды.

Халықтық штабтың тағы бір мүшесі Гүлнар Құраметова АЭС салу жобасының экономикалық және әлеуметтік әсерлері туралы өз ойымен бөлісті.

«АЭС салу жобасы еліміздің энергетика саласына жаңа технологияларды енгізуді талап ете­ді және бұл жобаның елдің энергетикалық балансына әсері маңызды болмақ. 6 қазанда өте­тін республикалық референдумда бұл мәселе қоғамның назарына ұсынылады», деп атап өтті Г.Құраметова.

Кездесу соңында студенттер мен оқытушылар АЭС құры­лы­сына қатысты сұрақтарын қойып, пікірлерімен бөлісті. Жастар энергетика саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, АЭС салудың әлеуетті әсері турасында мол мағлұматқа қа­нықты.

 

Алматы облысы 

Соңғы жаңалықтар