Тұлға • Бүгін, 08:02

Құрметке лайық азамат

30 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Халқымызда ел ағасы деген жақсы бір ұғым бар. Сондай біре­гей­лердің қатарында бүгінде Шымкент қалалық ардагерлер кеңесіне төрағалық етіп отырған Кенжехан Атақұлұлы Төле­баев­ты бөле-жарып атауға әбден болады. Сары даланың май то­­пы­­рағын жалаңаяқ кешкен қыр баласынан туған жердің тө­сін маңдай терімен суарып, өскен өңірін өркендеткен ел аға­сы­на дейінгі жолдан абыроймен жүріп өткен атпал азаматтың әрбір асқан асу, бағындырған белесі өрісті өнегеге толы.

Құрметке лайық азамат

Еңсегей бойлы, тау тұл­ғалы Кенжекеңнің айтуынша, әкесі Атақұл ақсақал да бойшаң, қолы қарулы кісі болыпты. Өткен ғасыр басында туып, қазақтың басына түскен небір нәубеттің бәрінен етінің тірілігімен жеңіп өткен Атақұл Төлебайұлы 1930 жылы «Еркіншілік» атауымен артель құрып, кейін оны атақты ұжым­шарға айналдырғандардың бірі.

Үйдегі төрт перзенттің кен­жесі болып, жанында көбірек жүр­гендіктен бе екен, әке тәр­биесі, әке өнегесі Кенжеханға көбірек ықпал етіпті. Атақұл ақс­ақал үш ұл, бір қызын Құдай қосқан қосағы Нахай Бескемпірқызымен бірге қанаттыға қақтырмай жеткізіп, атұстарларының бәрін оқытып, білімді азамат етіп өсіруге бар күшін аямапты.

Кенжекеңнің ағалары Жақ­­­сылық пен Тастанбектің мең­герген мамандығы агроном екен де, бір үйге екі агроном жетеді деді ме, кенже інісіне эко­номи­ка факультетіне баруды ұсы­ныпты. Осылайша, 1973 жылы Алматыдағы Ауыл шаруашылығы институтының экономика фа­куль­тетін ауыл шаруашылығын ұй­ымдастырушы-экономист ма­­­ман­дығына оқып, бітіріп шық­­қан жас маманның еңбек жо­лы Киров ауданындағы ХХ парт­съезд атындағы кеңшар құрылыс бөлімінің есепшісі қызметінен бас­талды. Жастық жігері қайнаған жас маман тез көзге түсіп, осы шаруа­шылықтың комсомол ұйы­мының хатшы­сы болып сайланады. Бірер жыл қыз­мет істеген соң, аудандық партия коми­тетіне нұсқаушы болып ауыс­ты. 1985 жылы мамыр айында «Мақталы» кеңшарының партком хатшылығына сайланды.

Бұл кеңшар аудан­дағы орта деңгейлі шаруа­шы­лықтар­дың қатарында еді. Жас партком хатшысы еңбектегі алғаш­қы ұстаздарының бірі Тойым Жүнісұлының басшы­лығымен еңбек өнімділігін арт­тыруға бағытталған тың әдістер мен технологияларды батыл енгізуге белсене асталысты. 1986 жылдың қорытындысы бойынша шаруашылық мақта жоспарын артығымен орындап, басқа да көрсеткіштерден жоғары нәтижеге қол жеткізіп, ұжым мүшелері облыс, аудан бас­шыларының алдында үлкен абыройға бөленді.

1987 жылы іскерлігі, ұйым­дас­тырушылығы бағаланған Тойым Жүніс­ұлы Ленин (қазіргі Қазығұрт) аудандық атқару ко­митетінің төрағалығына ауыс­тырылады да, білімді, сауатты маман Кенжехан Атақұлұлы 1988 жылы кеңшар директоры болып сайланады. Сол үл­кен шаруашылықтың тізгінін ұстағанда Кенжекеңнің жасы небәрі 33-тен енді асқан екен... Дегенмен, шаруашылық жұмысы өзіне етене таныс. Тек ендігі жерде тікелей басшы ретінде үйренген жұмысын үй­лестіріп, одан әрі жалғастырды. Бар қай­рат-жігерін басты мақсат жолына жұмсауға тырысты. Жан-жақты ізденістердің нәтижесінде өнімділікті арттырды.

Кейінірек, 1994 жылы Кен­жехан Ата­құлұлы осы бағыт­та жинаған тәжірибесін жетілдіре түсіп, тереңірек зерттеу негізінде В.Р.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу инсти­тутының арнайы кеңесінде «Оң­түстік Қазақстан жағдайында орта талшықты С-4727, С-6514 мақта сұрыптарына қолданатын «Сихат» дефолиантының эконо­микалық тиімділігі» атты та­қы­рыпта кандидаттық диссертация­сын сәтті қорғап шықты.

1991 жылдың басында басқару жүйесі өзгертіліп, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы әрі кеңес төрағасы болып Тойым Жүнісов тағайындалды да, сыр мінез шәкірті Кенжеханды өзінің оң қолы, яғни бірінші орынбасары қызметіне шақырды.

1992 жылдың қаңтар айында елі­мізде атқарушы билік туралы жаңа заң қабылданып, әкімшілік бас­қару жүйесі енгізілгенде, Оң­түстік Қазақ­стан облысының жа­ңа басшысы М.Ф.Үркімбаевтың бұй­рығымен білімді, қайрат-күші бойындағы, көзқарасы тың, ісі ширақ, іскер азамат Кен­­­­жехан Төлебаев Мақтаарал ауданының тұңғыш әкімі болып тағайындалды. Кенжекеңнің басшылыққа келген кезі қиын-қыстау, өтпелі кезең болатын. Еліміз баяғы жос­парлы экономикадан нарықтық эконо­ми­каға бет түзеген. Әсіресе жерді жеке­ше­лендіру науқаны қызу қолға алынған уақыт. Бұған жұртшылық алғашқыда түсінбестікпен қарады. Соны түсіндіріп, көптің күдікті көңіліне үміт ұялатты. Ауыл халқы бәріне көніп, еселі еңбек етті.

1997 жылдың 24 сәуірінде Президенттің «Оңтүстік Қазақ­стан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығы шықты. Соған орай Асықата, Жетісай, Мақ­таарал аудандары таратылып, олардың аумағында әкімшілік ор­талығы Жетісай қаласында болатын Мақтаарал ауданы құрылды. Ірілендірілген ауданның әкімі Омарбек Нұр­жанов болды да, Кенжехан Төлебаев әкімнің бірін­ші орынбасары болып та­ғайындалды. Бұл қызмет те оңай болмады. Ағын суы жетпей қиналған диқандардың дау-шарын да бас­тан өткерді. Терімге техника аз, қол күші жоқ, ала жаздайғы еңбегінің жемісін рәсуа етіп, көз жасы көл болғандарды да көрді. Аудан басшысы бірді екі ете алмай, жарты жыл бойы айтысып-тартысып, үш ауданды біріктіруге қатысты айқай-шуды басамын деп жар құлағы жастық көрмей жүргенде адал көмекшісі болуға тырысты.

1998 жылдың қаңтарында ел бас­қа­рудан тәжірибесі мол, ел қызметінде әбден ысыл­ған Кенжехан Атақұлұлы Шар­дара ауданына әкім болып та­ғайындалды. Шардара, негізінде күріш өсіруге бейімделген өңір. Ал күріш дегеніңіз суды көп талап ететін дақыл. Соңғы жылдары су тапшылығы болып, күріштің өнімділігі азайған. Әрі бұл ауданның өнеркәсіп, өндіріс орындары тоқтап, экономикалық жағдайы нашарлап кеткен кез еді. Жағдайды түзеу үшін күрт бет­бұрыс жасау керек болды. Жаңа басшы ойлана келе, өзі мақтаның ішінде туып-өскендіктен, шар­даралықтарды тығырықтан алып шығар жалғыз жол – осы мақта саласын дамыту деп шешті. Тиісті мамандарды мақта өсіруге жұмылдырып, қажетті техникалармен жарақтады. Нәтижесінде, алғашқы жылдың өзінде өнім жаман болмады, 24 мың тонна мақта жиналды. Елдің де еңсесі көтеріліп, басшылыққа деген сенімі арта бастады. Кейінірек аудан халқы қиын-қыстау күндерде тығырықтан алып шыққан еңбегін ескеріп, Кенжехан Төлебаевқа «Шардара ауданының құрметті азаматы» атағын берді.

1999 жылдың тамыз айында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып Бердібек Сапарбаев тағайындалды да, оны Мақ­та­­арал ауданының әкімі етіп ауыс­­тырды. Сөйтіп, Кенжехан Атақұлұлы өзі туған, кіндік қаны тамған ауданға қайта орал­ды. Қарап отырса, осы ірілен­де­рілген ауданның құ­ра­мын­дағы бұрынғы үш ауданның үшеуінде де еңбек етіпті.

Халықпен жұмыс істеу, бәрін бір мақсатқа жұмылдыру, әрине, оңай емес. Әрбір шешіміңнің артында адам тағдыры, ел тағдыры тұр. Өзінің мамандығы экономист болғанымен, ауданның тек әлеу­меттік-экономикалық даму бағытын ғана жетілдіре бермей, рухани дүниесін байы­туды әркез жадында ұстады. Түрлі өнер сайыс­тарын, айтыс­тар ұйымдастыруға ұйыт­қы болды. Сондай-ақ «Мырзашөл жұл­дыздары», «Мақтаарал әуендері», «Пара­сатты Әйгерім», «Жігіт сұлтаны», «Өнер алды – қызыл тіл» байқаулары ел ішінде танылмай жүрген өнер жауһар­ла­рының жарқырап шығып, үлкен сахна төрін бағындыруына жол ашты.

Содан соң облыс әкімі Болат Жылқы­шиев­тің қолдауымен облыстық экономика департа­ментінің басшылығына қызмет ауыстырды. 2003 жылдың қыр­күйек айында Оңтүстік Қазақстан облы­сы әкімінің орынбасары болып тағайын­дал­ған Кенжехан Атақұлұлы құрылыс, жол-көлік, әлеуметтік сала, төтенше жағ­дай­лар жөніндегі мәселелерді басқарды. Шымкент қаласындағы, сол сияқты ауыл-аудандардағы құ­рылысы бітпей қалған мектеп, аурухана, емхана, тұрғын үй ғимараттарын толығымен аяқтап, пайдалануға беруге ұйықты болды.

2006 жылы өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің ұсынысымен облыстық жұмыл­дыру дайын­дығы, азаматтық қорғаныс, зілзалалар мен апат­тардың алдын алу және зардабын жою басқармасының бас­шылығына тағайындалды. Сала жұмысы таныс, сондықтан еш қиындықсыз оны одан әрі жал­ғастырды. 2008 жылдың көк­темінде Сарыағаш ауданының Қызыләскер елді мекенін, 2010 жылы Ордабасы ауданының Темір­лан елді мекенін су басып, 2011 жылы көктемде Созақ ауданында қатты дауыл елді ме­кендердегі үйлерді шатырсыз қал­дырғанда да қиналған елдің ортасында жүрді.

Кенжекеңнің ауыл шаруа­шылығы ғылымдары саласындағы білімі мен тәжірибесі ұшан-теңіз. Соны ескерген облыс басшысы көп ұзамай одан облыстағы тарихы терең оқу орындарының бірі – Шымкент аграрлық кол­леджінің шаруасын реттеп беруді өтінді. Шынында, айтса айт­қандай, оқу ғимараты тозған, жылу жүйесінің барлығы істен шыққан, жиhаздарының барлығы ескі-құсқы, қирап тұр. Ауыл шаруашылығы колледжі бола тұра төрт түлік малдың бірде-бір түрі жоқ, оқу-өндірістік тәжірибе өткізетін орын атымен көрінбейді. Облыс басшысының қолдауымен осының бәрін аз уақытта реттеп, жөндеу жұмыстарын аяқ­тап, газ, жылыту жүйелерін тартты. Осындай жан-жақты жұ­мыс­тардың нәтижесінде, кол­ледждің жетілдірілген базасында 2015 жылы облыстық, 2016 жылы республикалық семинар-конференция өткізіліп, 2016 жылдың қорытындысы бойынша Шымкент аграрлық колледжі рес­публикада ең алдыңғы үздік он арнаулы орта оқу орындарының қатарына енді. Мұның бәріне табанды еңбек, талапшыл мінез, қасиетімен жеткен Кенжехан Атақұлұы осы жерден абыроймен құр­метті зейнеткерлікке шықты.

Қазір бейбіт заманда, бе­рекелі ғұмыр кешіп жатқан қа­­зыналы қарттардың басын қосып, қамсыз қарттығын қамдап жүрген Кенжехан Атақұлұлының Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде осы бағытта қолға алып, іске асырып жатқан жұмыстары да баршылық. Бір ғана мысал, Кенжекеңнің тікелей ұйымдастыруымен еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін облыс деңгейінде әртүрлі салаларда басшылық жасаған 50-ге тарта ардагердің естелік әңгі­мелері енген кітап жарық көріп, тәжірибелік тағылымы, тәрбиелік мәні зор құнды дүние көпшіліктің қолына тиді.

Жіпке тізіп айта берсек, осы бүкіл саналы ғұмырын ел қыз­метіне арнап келе жатқан Кенжехан Атақұлұлының атқар­ған еңбегі ұшан-теңіз. Еселі еңбек бағалануымен баянды. Кеудесінде жарқыраған «Құрмет», «Парасат» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін» медалі, Түркістан облысының, Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарының, Шым­кент қала­сының «Құрметті азаматы» атақ­тары – осының айғағы.

«Екі жақсы қосылса, ай мен күндей жа­расар» дегендей, жан жары Жайсаңгүл екеуі Алла берген бес перзентін жақсы тәр­биелеп, өмірден өз орындарын та­буына бар жағдайды жасады. Айдынды әкенің үмі­ті ақталып, ұр­пақтарының әрқайсысы әр салада жемісті қызмет атқарып жүр. Еңбегімен еленген тұлғаның әлі де өңірге берері көп деп санаймыз.

 

Бекет ТҰРҒАРАЕВ,

заң ғылымдарының докторы, профессор,

Шымкент қаласының құрметті азаматы

Соңғы жаңалықтар

Уәдеде тұрған Үкімет

Аймақтар • Бүгін, 09:33

Тарих және шындық

Пікір • Бүгін, 09:17

ОРК дайындықты пысықтады

Референдум • Бүгін, 09:05

Жеңілдіктен қағылады

Пікір • Бүгін, 09:02

Классикалық киім шебері

Өндіріс • Бүгін, 08:45

Жер конкурсы онлайн жүреді

Аймақтар • Бүгін, 08:35

Бірыңғай QR-код төлем жүйесі

Қоғам • Бүгін, 08:33

Шабындыққа шалғы түсті

Аймақтар • Бүгін, 08:28

Ғылыми әлеуетті арттыру қадамы

Университет • Бүгін, 08:22

Көкпар – рух көрінісі

Ұлттық спорт • Бүгін, 08:20

Студенттер үйінің қуанышы

Аймақтар • Бүгін, 08:18

Заманауи спорт алаңы ашылды

Аймақтар • Бүгін, 08:10

Шын мықтыны шыңдайтын шаһар

Шымкент • Бүгін, 08:07

Құрметке лайық азамат

Тұлға • Бүгін, 08:02