Сурет: ru.freepik.com
Расында, қазір әлемде инвестицияға деген талас қатты белең алған. Осындай кезде сырттан келетін инвесторлардың жолын тосып отыра бермей, елге қаржы тартуға Президент Жолдауда атап өткен «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасымен әрекет еткеніміз жөн. Сол себепті Үкімет жанындағы Инвестиция штабының құзыретін кеңейту нақты қадам болып отыр.
Бұл шешім металды тереңдете өңдеу, мұнай-газ-көмір химия, туризм, энергетика және машина жасау сияқты стратегиялық маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыруды жылдамдатады. Ол жаңа технологияларды енгізуді жеңілдетіп қана қоймай, мыңдаған жұмыс орнын ашып, ел экономикасының өсуіне ықпал етеді.
Инвесторларды тарту биліктің барлық тармағының ортақ мүддеге белсенді қатысуын талап етеді. Үкімет өз жұмысын табысқа қол жеткізу бағытына қарай бейімдеп, бұл іске тек орталық органдар ғана емес, жергілікті атқарушы биліктің те белсенді қатысқаны маңызды. Әсіресе халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп, мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобаларын сапалы дайындауға ерекше назар аудару қажет. Жолдауда Мемлекет басшысы Үкіметке халықаралық қаржы ұйымдары мемлекет-жекеменшік әріптестігі тәсілімен қаржыландырып, толық жүзеге асыратын ауқымды жобалардың тізімін жасауды тапсырды.
Жалпы, мемлекет-жекеменшік әріптестігі арқылы қаржыландырылатын ауқымды жобаларды анықтау, іске қосу қаражатты тиімдірек пайдалануды қамтамасыз етеді және мәні бар бастамаларды жүзеге асыруды жеделдетеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті жүйелі қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл бастаманы бүкіл бизнес қауымдастығы қолдайды.
«Ұсынылатын жеңілдіктердің бизнес өкілдеріне түсінікті бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін финтех тәсілдерін пайдалануға болады. Бұл мәселе бойынша тиісті ұсыныстар бар», деді Президент Жолдауда.
Осы ретте Үкімет шағын және орта бизнесті ашу рәсімдерін оңтайландырып, бар шектеулерді алып тастап, қолдау шаралары туралы алғашқы ақпаратты алуды ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін қолжетімді ету керек деп есептеймін.
Біз партия ретінде бизнес мәселелерінен хабардар болуға, тікелей айналысуға құқылымыз. Өңірлерге шыққан іссапарларымыз аясында кәсіпкерлермен кездесіп жүрміз және олардың үнін, өз ұсыныстарымызды Үкіметке жеткізуге барынша тырысамыз.
«Биыл егіс науқанына екі есе көп қаражат бөлінді. Алайда агроөнеркәсіпке бөлінетін бүкіл ақшаның 70 пайызы – мемлекет қаржысы. Бұл салаға коммерциялық банктердің қаражатын да тарту қажет. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шаралары қолға алынды. Банктерге қатысты осындай тәжірибені қолдану керек», деген Президент мемлекеттік қаржы институттары арқылы несие алу мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін баса айтты. Несие шарттарын орындауда проблемалар жиі туындайды, ал кепілдік талаптары құжаттарда көрсетілгендерге сәйкес келе бермейді. Қажетті құжаттар тізімін нақты реттеу қажет.
Жалпы, қолдау шараларын жүйелеу және тікелей субсидиялаудан жеңілдетілген несиелеуге көшу – дер кезінде жасалған қадам. Кәсіпкерлерге жеңілдетілген несиелендіруге қол жеткізу маңыздырақ, ал мемлекет үшін бұл тұрақты экономикалық өсуге ықпал ететін инвестицияның қайтарылуын қамтамасыз етеді.
Айдарбек ХОЖАНАЗАРОВ,
Мәжіліс депутаты