Ұстаз • 20 Қыркүйек, 2024

Ұлылық ұстаздан басталады

128 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұстаз – қандай қастерлі, ұлағатты сөз. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын ұстаз еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.

Ұлылық ұстаздан басталады

Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, соның бірі ұстаз деп ойлаймын. Себебі ол қай заманда болсын қасиетті, қадірлі. Ұлы мамандық иелеріне деген құрмет ықылым заманнан солай. Сондықтан болар, «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген» деген сөздер құлаққа «ана тәрбиесін алған» дегендей жылы естіледі. Дегенмен адам өмірінде із қалдырған ұстаздарды ұмыту мүмкін емес.

Меніңше, өмірдің алғашқы қадамын айқындап, тағдырдың сан қырлы сырын білгізіп, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған жанның бейнесі көңіл төрінен әрқашан орын алады. Ол әр баланың жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсам, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Бойындағы асыл қасиетін шәкірттеріне сіңіреді.

Мен өмір жолымда кездескен барлық ұстазымды қадір тұтып, үлгі етемін. Мектепте білім берген мұғалімдерім бір бөлек болса, жоғары оқу орнында дәріс оқыған оқытушыларымның орны, тіпті ерекше. Бір жағынан, өзімді мықты ұстаздардан жолы болған шәкірт санаймын. Қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқыған жылдарымыз қызық пен тағылымға толы еді. Өйткені мектептің ұстаз деген құдіретті мамандықты таңдауыма ықпалы тисе, университет ұстаздары білімімді шындап, ғылым жолына түсуіме ықылас танытты. Олардың есімін бүгін айрықша мақтанышпен шәкірттеріме, әріптестеріме айтып жүремін. Оны айтқан сайын рухани күш аламын.

Адам есейген сайын өткен өміріне, жүріп өткен жолына баға береді. Сондай кезеңде өзім жиі еске алып, тұлғасын өміріме пір тұтатын аяулы ұстазымның бірі – Ғабдолла Қалиұлы.

Бұл кісінің адамға үлгі болар қасиеті өте көп. Табиғат-ана тұлғасына лайық түр, ақыл, білім, білік, ұстамдылық, ұлағаттылықты аямай берген. Ғабдолла Қалиұлы жүрегіндегі шәкіртіне ықы­лас-ниетін қас-қабағымен ұқтыра­тын. Ешқашан ұрысып, зекімейтін. Әлдекімдер сияқты көптің көзінше мұқатқан да емес. Ол кісі бізге төртінші курста «Қазақ әдеби тілінің тарихы» пәнінен дәріс оқыды. Ағайдың сабағын асыға күтеміз. Оның дәріс оқуы да ерекше. Телегей теңіз білімді азамат бізді әп дегеннен бекзат болмысымен баурап алды. Ұстазымыз шәкірттерін ғылымға, қызметке тартқанда ешқашан жерлестікке, туыстыққа бұрып көрген емес. Біздің де сондай әдеттен аулақ болуымызды қалады. Қарапайым отбасынан шыққан жастарға үнемі қамқорлық көрсететін. Оны өзі әкелік борышым деп санады. Біз оны ағайымыздың әр іс- әрекетінен байқаушы едік.

Ғабдолла Қалиұлы еліміз егемендік алғаннан кейін қазақ тілінің тұғырына қонуына зор үлес қосты. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университеті­­­нің жанындағы оқу-әдістемелік орталық­тың іргетасын қалап, оның алғашқы құжаттарын (мемлекеттік стандарт, бағдарламалар, оқу кешендері, жоспарлар, т.б.) талапқа сай жүйеге түсіріп, қолданысқа енгізді. Университет проректоры қызметінде жүргенде де педагогтерді даярлайтын жоғары оқу орындарының жаңа мазмұндағы барлық құжатын жасауға басшылық етті.

Сонымен қатар сол кездегі аталған университет ректоры Т.Садықовтың қолдауымен жалпы тіл білімі және қазақ тілі тарихы кафедрасын ашып, тіл тарихы пәндерін оқытуда тыңнан жол салды. Сондай-ақ осы кафедраны ұзақ жыл басқарып, шәкірт тәрбиеледі. Қазіргі университет оқытушыларының дені сол кісінің төл шәкірті деуге болады. Халқымыз «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» деп бекер айтпаған. Сондықтан ардақты азаматтың университет жанынан ашылған оқу-әдістемелік бірлестігінің жұмысын жолға қойып, жалпы тіл білімі және қазақ тілі тарихы кафедрасын қалыптастырудағы еңбегі ерекше. Белгілі ғалымның бұл еңбегін университет ұжымы ғана емес, сол жылдардағы Білім және ғылым министрлігін басқар­ған азаматтар да, басқа да жоғары оқу орын­­­дарының қыз­меткерлері жоғары бағалады. Әрине, Ғ.Қалиұлына тәуел­­сіздік алғаннан кейінгі отандық жоғары оқу орындарының білім стандарты мен бағдарламасын, оқу кешенін дайындап, оны жаңа жүйенің талабына сай жасау оңай болған жоқ. Алайда бұл қиындықты біліктілігімен, іскерлігімен, талапшылдығымен еңсере білді. Сол құжаттарда ғалымның әлі күнге дейін қолының табы бар. Бүгінде осы салада еңбек етіп жүрген шәкірттері ұстазымыздың салып берген сара жолын жалғастырып отыр. Қазір Тоты, Эльмира есімді әріптестеріміз – осы орталықтың белді мамандары. Олардың есімдерін көпшілік жақсы біледі. Барлық білім жүйесіне қатысты құжаттарды көздерінің қарашығындай сақтап, ұстазы көрсеткен соқпақпен адаспай жүріп келеді. Сондықтан Ғабдолла ағайымыз білім, ғылым саласына ғана шәкірт тәрбиелеген жоқ, білікті құжаттану мамандарын да даярлады деуге болады.

Соңынан ерер шәкірті, ізін басар ізбасары көп болса, ұстаз еңбегінің өтелгені емес пе? Олай болса, Ғабдолла ағай шәкірт алдындағы парызын то­лық өтеген педагог дер едім. Ауылдан шық­­қан қаншама қазақтың ұл-қызын қолынан жетелеп ғылым жолына әкелді. Ол әр шәкіртінің ниеті таза маман болуы­мен қатар, ғылымда өз қолтаңбасын қалдыруға жауапкершілікпен қарады. Ұстазым менің де кандидаттық, док­торлық жұмыстарыма жетекші болып, соны қорғап шығуыма ерекше ықылас танытып, күн сайын ақыл-кеңесін айтып отырған еді. Өйткені алғашқы кандидаттық диссертациямды қор­ғау кезінде алдымда ептеген кедергі болғанда, ол кісі мені қарлығаштың балапанындай қорғап, жол көрсетті. Егер Ғабдолла ағай болмағанда, мен мектепте жақсы ұстаздардың бірі болып жүре беретін едім. Ғылым ауыр жол деп айтамыз. Осы жолда маған бағдаршам болған ұстазымды жиі есіме аламын. Әсіресе докторлығымды біраз жыл мектепте тәжірибе жүргізіп барып қорғағанда, соған балаша қуанып, ғылыми кеңесте менің еңбегім туралы айтқан ой-пікірлері әлі күнге көкірегімде сайрап тұр. Ғылыми жұмысымды қорқа­соқтап апарғанда сырқаттанып жүрсе де, бір сөйлемін қалдырмай оқып бергені есімнен кетпейді. Осы үшін де ұстазыма өмір бойы алғыс айтамын. Негізі, Ғ.Қалиұлы шәкірттерінің ғылыми еңбектерін ыждағаттылықпен қарап, сосын барып қорғауға ұсынатын еді. Жұмыстың кейбір тұстарына түзету енгізсе, кейбір жерлеріне «Өзің ойлан!» деп қызыл сиямен белгі қоятын. Оны біз қайта қарап, ғылыми тұжырымдармен толықтыратынбыз. Мен ағайдың түзету енгізген қолжазбаларын сақтап қойдым. Онда жетекшімнің маржандай тізілген қолтаңбасы тұр. Оны қайта оқыған са­йын ойыма ұстазымның «Ғылымда болсын, ұстаздық жолда болсын адал бол!» деп айтатын ұлағатты сөзі келеді. Әрине, жүрегіме жақын аяулы адам туралы естелік жазу қиын. Дегенмен ұстазым туралы естелікті жаза бастағаннан-ақ жан-дүниемдегі оған деген сағыныш пен қимастықтың орнын қалай толтыратынымды білмеймін. Бір сөзбен айтқанда, әр басқан қадамыма әкелік қамқорлығын көрсетіп, ғылым жолында темірқазық болған Ғабдолла Қалиұлының жарқын бейнесін ешқашан ұмытпаймын.

 

Нұрша ОРАЗАХЫНОВА,

педагогика ғылымдарының докторы, профессор