Фото: oqu.news
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, жаңа оқу жылының басында білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттер 422 білім беру ұйымында бақылау-бағалау іс-шараларын жүргізген. Іс-шаралар оқу үдерісіндегі проблемаларды анықтауға, оқу процесінің мемлекеттік жалпы білім беру стандартының талаптарына және біліктілік талаптарына сәйкестігін анықтауға бағытталған.
«Өткен жылы Комитет пен оның аумақтық департаменттері 2624 білім беру ұйымында түрлі тексерулер жүргізді, оның ішінде мемлекеттік аттестаттау, профилактикалық бақылау, шағымдар бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Тексеру нәтижесінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарының уақтылы аяқталмауы, мектептердің материалдық-техникалық базасының талапқа сай қамтамасыз етілмеуі фактілері анықталды», деді Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов.
Айта кетерлігі, мониторинг және бағалау қызметі - білім беру қызметінің сапасын, білім беру үдерісіне қатысушылардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауды қамтамасыз ететін шара.