Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Әр мекеменің міндеті нақтыланды
Үкімет басшысы еліміздің 12 өңірі зардап шеккен биылғы су тасқынының ауқымы туралы айтты. «Жағдайды Мемлекет басшысы өзінің жеке бақылауында ұстап отыр. Апатпен күресуге қолдағы барлық ресурс пен күш жұмылдырылды. Жауапты органдардың, ірі бизнес өкілдерінің, белсенді азаматтар мен еріктілердің бірлескен күш-жігерінің арқасында ауқымды жұмыс жүргізілді. Зардап шеккендерге қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Адамдар уақытша баспанамен, тамақпен және күнделікті өмірге қажетті заттармен қамтамасыз етілді. Бүкіл халық болып Мемлекет басшысының Үндеуіне құлақ асып, су басқан өңірлерге қол ұшын созды. Зардап шеккен отбасылар біржолғы төлем алды», деді ол.
Келтірілген залалды бағалау жұмыстарынан соң қираған немесе бүлінген мүлік үшін өтемақы төленді. Сонымен қатар отбасыларға 9 мыңнан аса үйді жөндеуге қаражат төленіп, нарықтан 6 мыңға жуық пәтер мен үй сатып алынды. Бүгінгі таңда 2 576 үй салынды, Ақмола және Батыс Қазақстан облысындағы 104 нысанда жұмыс бітуге жақын. Премьер-министр жаңа тұрғын үйлер құрылысын тез аяқтап, тұрғындарға тапсыру қажеттігіне назар аударды.
«Қиын-қыстау кездегі адамдардың эмоцияларын түсінеміз. Кейбір тұрғындар тарапынан өтемақы сомасына, шығынды анықтау, баспана таңдау және жөндеу жұмыстарына қатысты сұрақтар туындады. Әр проблеманы жеке алып қарауға тырыстық. Қабылданып жатқан шаралар зардап шеккен әр отбасының пікірін барынша ескере отырып, іске асырылып жатыр. Бүгінде кейбір азаматтарда сұрақтар мен проблемалар болуы мүмкін. Сондықтан әкімдіктерге жедел желі жұмысын тоқтатпай, жергілікті халықтың мәселелерін шұғыл қарап, шешуді тапсырамын», деді О.Бектенов.
Сонымен қатар ол су тасқыны салдарын жоюда көмек көрсеткен белсенді азаматтарға алғысын білдірді. Гидротехникалық құрылыстар мен инфрақұрылымды уақтылы дайындауды қамтамасыз ету керек екенін айтты.
«Жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, гидротехникалық құрылыстар мен инфрақұрылымды алдағы көктемге уақтылы дайындауды қамтамасыз ету маңызды. Бөгеттер, тоғандар және басқа да нысандар қазіргі талаптарға сай болуға тиіс. Бұл – өңір әкімдіктері мен мүдделі министрліктердің аса маңызды міндеті. Жалпы, су тасқыны салдарын жою кезінде барлық негізгі міндет орындалғанын атап өткім келеді. Бұл ешкімге де оңай тиген жоқ. Тиісті қорытынды шығарып, алдағы уақытқа алдын алу шараларын айқындадық. Біздің мақсатымыз – табиғи апаттар мен катаклизмдерден келетін шығынды барынша азайтып, оған қарсы тұрудың тиімді жүйесін құру», деді Үкімет басшысы.
Сөйтіп, министрлер кабинетіне бірқатар тапсырма берді:
- Өңір әкімдіктері мен мүдделі мемлекеттік органдар инженерлік және көлік инфрақұрылымын, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын толығымен аяқтауға тиіс.
- Су ресурстары министрлігі облыс әкімдерімен бірлесіп, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу мен салуды белгіленген мерзімде аяқтасын.
- Цифрлық даму министрлігі 2025 жылғы ақпан айының соңына дейін министрліктер мен әкімдіктердегі мамандарды оқыта отырып, «Су тасқындарын болжау және модельдеу» ақпараттық жүйесін ендіруді қамтамасыз етуге тиіс.
- Төтенше жағдайлар және Экология министрліктері 2025 жылғы 20 қаңтарға дейін осы жүйені қажетті деректермен толықтыруды қамтамасыз етсін.
- Өңір әкімдері биыл күздің соңына дейін елді мекендер айналасында топырақ үю, құбырлар мен арықтарды тазалау, гидротехникалық құрылыстарды тексеру және су жіберу каналдарын дайындау жұмыстарын жүргізу қажет.
Төтенше жағдайлардан қорғау күшейеді
Отырыста Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов төтенше жағдайға дайындықты күшейту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. «Президент елімізде болған ірі су тасқынын жоюда адам өліміне жол бермеуді және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырған еді. Осыған байланысты министрлік барлық күш пен құралдарды төтенше жағдай аймағында қалған халықты тез арада эвакуациялауға және авариялық-құтқару жұмысын жүргізуге жұмылдырды», деді ол.
Оның айтуынша, құтқару жұмыстары қолайсыз ауа райы жағдайында және қиын жерлерде жүргізілді. Апат орын алған аймақтарда инженерлік техника мен әуе көлігінің жетіспеушілігі қатты сезілді. Тартылған техниканың басым бөлігі сапасыз әрі ұзақмерзімді жұмыстарды жүргізуге жарамсыз болатын. Осыған байланысты көп күш пен құралды күш құрылымдарының теміржол эшелондарымен және әуе кемелерімен жөнелту жүргізілді.
«Ақтөбе, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысындағы өзендер арнасынан асып тасуына байланысты Қорғаныс министрлігінің понтон көпірлерін орнату талап етілді. Бұл халықты дер кезінде эвакуациялауды, азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізуді қамтамасыз ету мүмкіндігін берді», деді министр.
Онда мәлім болғандай жергілікті жерлердің тасқын судың көлемі мен олардың салдарына дайын еместігі анықталды. Зардап шеккен аймақтардағы бірлескен іс-қимылдарды ұйымдастыру мен үйлестіруі әлсіз жүргізілді.
«Туындаған қиындықтарға қарамастан, ведомство тіршілікті қамтамасыз ету құралдарын, гуманитарлық жүктерді жеткізу, электр қуатымен жабдықтауды және көлік қатынасын қалпына келтіру мәселелерін жедел шешті. Апатпен аянбай тәулік бойы күрескен қарапайым жауынгерлер мен құтқарушылардың арқасында адам өліміне жол берілмей, 500-ден аса елді мекен су басудан аман қалды», деді Ш.Әрінов.
Ведомство басшысы бірқатар шараға арнайы тоқталды. Бірінші құтқарушыларды арнайы киім-кешекпен және құрал-жабдықпен қамтамасыз ету қайта қаралды. Сатып алынатын киімі сапалы және тапсырмаларды орындауға ыңғайлы қимыл қозғалысқа қолайлы болуы көзделеді. Екінші, сапалы арнайы автомобильдер мен инженерлік техникалар, оның ішінде жүзу құралдарын, ұшақтар мен тікұшақтар сатып алу жүзеге асырылады. Ол үшін ұшқыштар түнде және қолайсыз ауа райы жағдайында ұшуға оқып, жаттығады. Үшінші, күш пен құралдарды төтенше жағдайларды жоюға жедел үйлестіру үшін Министрліктің Командалық орталығы жаңғыртылып, заманауи құралдармен жабдықталды. Сонымен қатар министрлікте басқарудың нақты вертикалін құру үшін барлық ведомстволық бағынысты мекемелерді бір аумақтық бөлімшеге біріктіру арқылы ұйымдастыру-штаттық іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
«Бүгінде назардан тыс қалып, қолайлы жағдай жасалмаған құтқару бөлімшелеріне ерекше көңіл бөлініп жатыр. Осыған байланысты жаңа тәсілге бой бұрып, өрт сөндірушілер, медицина қызметкерлері мен құтқарушылар бір жерге орналасқан бірегей өрт сөндіру депосы құрылып жатыр. Бұл шұғыл әрекет етуді арттыруға және азаматтарды дер кезінде құтқару шараларын қабылдау мүмкіндігін береді», деді Ш.Әрінов.
Төртінші, Мемлекет басшысы тапсырмасымен министрлік қарамағында төтенше жағдайдың алдын алу комитеті құрылып, оған бақылау функциялары берілді. Енді халықты төтенше жағдайдан қорғау жөніндегі іс-шараны орындамағаны үшін әкімшілік шара қабылданатын болады. Бесінші, су тасқынынан зардап шеккен шығынның көлемін ескеріп, мүдделі мемлекеттік органдармен бірге мүлікті төтенше жағдайдан сақтандыру механизмі пысықталды. Алтыншы, өңірлерде қорғаныс бөгеттері мен дуалдарын тұрғызу және оларды нығайту сияқты алдын алу іс-шаралары жүргізілді. 3 өзеннің қауіпті учаскелерінде су түбін тереңдету және жағалауды нығайту жұмыстары іске асырылды.
Әр сала міндетін орындайды
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға арналған 2 576 үйдің құрылысы аяқталғанын хабарлады. Министрдің айтуынша, су тасқыны салдарынан 224 елді мекен, 17 603 тұрғын үй зардап шекті. Барлық ғимаратқа техникалық тексеру жүргізілді. «Тексеру қорытындысы бойынша 9 156 үй жөндеуден өтті. 8 447 үй қалпына келтіруге жатпайтын болып танылды. Нәтижесінде, нарықтан 5 767 үй мен пәтер сатып алынды. 2 680 жаңа үйдің құрылысы басталды», деді ол.
Министр жаңа тұрғын үй салу алаңдарын таңдау барысында оларды келешекте су басудан шектеу мақсатында жергілікті жердің рельефтері мен ландшафты ескерілгенін атап өтті. Бүгінде 2 576 үйдің құрылысы аяқталды. «Құрылыс жұмыстарына цифрлық құралдар арқылы күнделікті мониторинг жүргізу мақсатында министрлік жанында Ахуалдық орталық құрылды. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасын бақылау мақсатында әр өңірдегі құрылыс алаңдарына министрліктің және су тасқынынан зардап шекпеген өңірлердің қызметкерлері іссапарға жіберілді», деді министр.
Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік көмек» ақпараттық жүйесі залалды өтеу бойынша өтініштерді қабылдау және өңдеу үдерісін ұйымдастыруына елеулі үлесін қосты. Цифрлық даму министрлігі мобильдік қосымшалар арқылы залалды өтеу өтінішін беруді қысқа уақытта ұйымдастырып, тиісті құжаттар болмаған жағдайдың өзінде өтініш беру мүмкіндігі қарастырылды.
«Су тасқыны басталғалы орталық мемлекеттік органдардың жедел өзара іс-қимылын атап өткен жөн. Құрылыс материалдарын дер кезінде жеткізу мақсатында логистика мәселелерін жедел шешудегі Көлік министрлігі мен «Қазақстан темір жолының» атқарған рөлі зор. Құрылыс жұмыстары барысында отандық тауарлардың кеңінен қолданылғанын атап өткім келеді. Сондай-ақ отандық өндірушілер, кезек пен қашықтыққа қарамастан қажетті материалдарды жедел жөнелтуге белсенді түрде ат салысты», деді Қ.Шарлапаев.
Сонымен қатар әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдардың үйлестіруі нәтижесінде еңбек және материалдық-техника ресурстары барынша тартылды. Мәселен, 8 мыңнан астам адам және 700 бірлік техника жұмылдырылды. «Өз кезегінде, зардап шеккен азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге атсалысқан – бизнес өкілдері, құрылыс компаниялары мен құрылысшылар, қайырымдылық қорлары, еріктілер мен еліміздің барлық жанашыр азаматтарының белсенді жұмысын ерекше атап өтеміз. Бұл залалмен күрес, еліміздің тұтастығын айқын көрсетті. Сонымен қатар бұл залал, нормативтік-құқықтық базаны өзгерту және төтенше жағдай кезіндегі жобалау тәсілдерін қайта қарауға түрткі болды. Министрлік бұл бағытта жұмысты әлі де күшейтетін болады», деді ведомство басшысы.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан су тасқынынан кейін білім беру мекемелеріндегі қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы баяндады. Министрліктің білім беру үдерісін ұйымдастыру мәселесін бақылауда ұстайтынын және су тасқыны салдарынан зардап шеккен өңірлердегі ахуалға тұрақты мониторинг жүргізетінін атап өтті. Оның айтуынша, су тасқыны салдарынан 11 мыңнан аса бала оқитын 40 білім нысаны зардап шекті.
Оның айтуынша, мектептер мен оларды қалпына келтіру және жаңа білім ошақтарының құрылысын жүргізу ісі жоспарға сай жүргізіліп жатыр. «Зардап шеккен объектілерді қалпына келтіру үдерісі, жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталуы және оқу үдерісінің ұйымдастырылуы министрліктің тұрақты бақылауында», деді Е.Оспан.