Кино • 30 Қараша, 2024

Қазақша сөйлеген «Моана»

202 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Балаларға арналған сапалы туынды жасау, әсіресе елімізде кезек күттірмей­тін өзекті мәселелердің қатарында тұр. Күн арылтпай жарыққа шығып жатқан көп комедияның ішінен кейде көңіл серпілтіп, сәби көңіліне қуаныш ұяла­татын қызықты фильмдер көруге деген аңсар мен құлшыныстың да көп ті­легіне айналғаны қашан. Алайда балаларға келгенде баяулап қалатын отан­дық киноөндірістің өрісін кейінгі кезде «Disney» кеңейтіп жүр. Әйгілі голли­вудтық студия ұсынған анимациялық туындылардың қазақша үн қатуы кішкентай көрермендердің сол сұранысына аз да болса жауап беріп жатқаны қуантады.

Қазақша сөйлеген «Моана»

Бала тұрмақ, ересек адамның көңі­лін жаулап алар қиял-ғажайыпқа толы қы­зық­ты оқиғалар шынымен де шытыр­ман сюжетімен бірегей. Күні кеше бас қаланың төрінде халықаралық «Қа­зақ тілі» қоғамының ұйытқы болуымен «Disney» студиясының «Моана 2» анима­циялық фильмі қазақ тілінде көрерменге жол тартты. Фильм режиссері – кіші Дэйв Деррик, музыка авторы – «Грэмми» сый­лығының жүлдегерлері Эбигейл Барлоу, Эмили Беар, «Грэмми» номинанты Опетайя Фоая мен үш дүркін «Гремми» жүлдесінің иегері Марк Манчина.

Жалпы, фильмдерді түрлі елге бейім­деп, дубляждау – «Disney» компаниясында бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Студия жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдердегі 30-ға жуық нұсқасын дайындайды. «Қазақ тілі» қоғамының ұйытқы болуымен биыл­дан бастап ірі халықаралық студиялар әлемдік премьераларын қазақ тілінде ұсына бастады.

«Дубляж – өз алдына бөлек индус­трия. Оның Қазақстанда кеңінен дамуы өте маңызды. Себебі осы арқылы көкжиек кеңіп, сапа артады. Биылғы жағымды жаңалықтардың бірі – «Disney» студиясы біздің ұсынысымыз бойынша осымен екінші фильмді өз қаражатына қазақ тіліне аударды. Ірі халықаралық студиялардың қазақ тіліне бет бұруы өте маңызды. Әрине, елімізде бұған дейін де әлем фильм­дері қазақ тілінде дубляж жасалып, көрер­менге ұсынылып келді ғой. Бірақ олар демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылды. Өткенде «Ойжұмбақ 2», жақында «Веном 2» қазақ тілінде көрерменін қуантты. Бүгін, міне, «Моана 2» таныстырылып жатыр. Жағымды жаңалық мұнымен бітпейді, желтоқсан айында «Муфаса. Арыстан патша» үлкен экранға жол тартса, жаңа жылдың басында қазақ тілінде сөйлеген «Ақшақар» кішкентай көрермендерге тамаша тарту болмақ. Үлкен студиялар өз туындысын әлемнің 30 шақты тіліне аударып ұсынады, енді солардың қатарында қазақ тілі де бар» деп көп алдында сүйінші сұраған «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы: «Қазақ дубляжының алдында тұрған ендігі міндет – кез келген әлемдік фильмді ұлттық болмыспен үндес­тіріп, қазақы ортаға бейімдеп аударып, көрер­менге ұсыну. Ол үшін тәжірибе керек. Сондықтан да бізге қазақ тіліндегі дубляждалған фильмдердің қатарын көбейту маңызды. Алдағы уақытта бұл жұмысты өрістету үшін дубляж мектебі және тура аудармамен емес, қазақы ұғымға бейімдеп аударатын мықты мамандар көптеп қажет», деді.

«Қазақ тілі» қоғамының президенті атап өткендей, осы мақсат жолында әлі де келелі шаруалар атқарылып, сапалы дубляжды жүзеге асыратын отандық студиялар мен білікті мамандардың басын қосатын жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр. Оның айтуынша, әлемдік анимациялық фильмді қазақ тіліне аударудағы мақсат – ана тілін ұлықтау, балаларды қазақша сөйлеп, ойлауға баулу.

«Қазақ тіліне аударылып жатқан фильм­дерді кеңінен насихаттап, кинотеатрларға барып, қазақ дубляжын қолдауға шақыра­мыз. Әлемдік студиялардың қазақтілді ортаның қызығушылығын ескеріп, туындыларын өз есебінен аударып, ұсынуы – біз үшін өте жақсы жаңалық. Биылғы әлемдік премьералардың қазақ тіліндегі аудармасы бұрын соңды болмаған рекордтық көрсет­кіштерге жетті. Қазақша кино қарау­ға ықыласты қауымның көбейгені анық байқалды. Алдағы уақытта танымал туындыларды қазақ тіліне аудару дәстүрі жалғаса береді. Бұл тіліміздің, әсіресе балалар мен жастар үшін тартымдылығын арттыруға және кеңінен таратуға бағыттал­ған тиімді тәсіл деп санаймын», деп сөзін түйіндеді Р.Кенжеханұлы.

Бұған дейін «Disney» мен «Pixar» студия­сы «Ойжұмбақ 2» фильмін қазақ тіліне аударып, кәсіби дубляж жасады. Аталған туынды алғашқы 4 күнде 40 000 000 теңге­ден астам қаражат жинап, бұған дейін көрсетілген туындылар арасында рекорд орнатты. Қырғызстан, Армения, Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері арасында Қазақстан жиналған сома бойынша бірінші орында тұрды.

Жаңа фильмнің кейіпкерлерін қазақ ті­лінде сөйлеткендер қатарында отан­дық эстрада әншісі Назима бар. Ол фильм­дегі  Моананың барлық әнін орындады. Ал Моананың өзі болса экранда Құ­ралай Өтепованың дауысымен сөйледі. Актриса Айнұр Болат – Моана мен Мауи­ге қатер төндіретін Матангиді дыбыстаса, Матангидің әндерін Гауһар Өмірзақова орындады. Қобыланды Болат Мауиді қазақша сайратты. Бақытжан Әл­пейіс «күңкілдек бағбан» және Моана­ның тобының мүшесі Келені қазақ көрерменімен қауыштырды.

Туындының қазақ тіліндегі дубляжы отандық «Movie Dalen» студиясында жасалды. Жалпы, аударма мен дыбыс­тау жұмыстары қалай өткендігі турасында білу үшін қазақ тіліндегі дубляж режиссері, театр және кино актері Шах-Мұрат Ордабаевты әңгімеге тартқан едік. Жұмысын зор сүйіспеншілікпен атқарған маман да тосылмады, шығармашылықтың қыр-сырын айтып, ағынан ақтарылды. Режиссердің сөзінше, елімізде дубляж жасайтын әртістер жеткілікті әрі техникалық мүмкіндік те мол екен.

«Қаржыны үнемдеу жолында сапаны аттап кеткен компаниялар өте көп, оның кесірі дубляжға кесірін тигізіп келеді. Тағы бір мәселе – ана тілі құндылығы, мысалы, кейбір Еуропа елдерінде тілді сақтап қалу үшін Үкімет кинотеатрларға ана тілінде көрсетілген фильмдер үшін салықтық жеңілдік қарастырылған. Осындай мүмкіндіктер отандық дубляж жұмыстарында да ескерілсе деген тілегіміз бар. Көрермен куә, бүгінге дейін әлемдік студияның 40-тан аса фильмін қазақша сөйлеткен екенбіз. «Disney» ауқымды конгломерат болғандықтан дыбыстау бірыңғай жүйеге негізделген. «Моананың» материалдарын біз 3-4 ай бұрын алып, жұмысты бастап кеттік. Ал қазақ тіліндегі трейлерді жарты жыл бұрын дайындап қойған едік. Негізгі жұмыс үрдісіне кел­сек, алдымен түпнұсқа мәтін қазақ тілі­не аударылады, кейін кейіпкердің іс-қи­мыл, мінез-мимикасына қарай міндет­теріміз үйлестіріледі. Ол үшін арнайы мамандардың көмегіне жүгінеміз. Содан кейін ғана кейіпкерлерді дыбыстайтын әртістерге кастинг жарияланады. Әр рөлге 4-5 үміткерден ұсынамыз. Соңғы шешімді авторлық компания өзі қабылдайды. Егер му­зыкалық фильм болмаса жалпы жұмыс­ты10 күннің ішінде толық аяқтау­ға болады, ал музыкалық фильмдер­ге шамамен 15-20 күн уақыт керек. Бұл фильм­де барлық әнге, әншіге, хорға жетек­ші­лік еткен музыкалық жетекші – Анель Сіргебаева. Басты кейіпкерлерді дыбыс­таған кәсіби актерлерден бөлек, эстрада­лық әнші NAZIMA мен әнші, композитор Sadraddin де фильмге қатысты», деді режиссер.

Ана тілінде сөйлеген туындыны тама­шалауға жиналған көрерменнің қарасы қалың болды. Жабық көрсетілімге елімізге танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, депутаттар мен дубляж актерлері қатысты. Көрермендер арасынан марқайып шыққан құрметті қонақ Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұр­бек те жаңа туындыдан алған әсерін іркіп қалмады: «Моана 2» анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасын қолдап, бала­ларыммен көруге арнайы келдім. Қазір әлемде мазмұны терең дүниеге таласуда, «Hollywood», «Netflix», «Disney» студиясы сынды әлемдік ірі компаниялар контент іздеп жатыр. Киноөндіріске жаңашылдық керек. Қазақстан үшін бұл жаңа мүмкіндік. Оның дәлелі міне Моана қазақ тілінде сөйлеп жатыр. Шетелдік кейіп­керлерді қазақ тілінде сөйлету –  тілді ілгері­летудің бірден бір жолы. Осымен тоқта­май, бірте-бірте өз кейіпкерлерімізді де ұсы­ну маңызды. Бірінші осындай әлем­дік деңгейдегі фильмдерді аударып, кейін өз идеяларымызбен шығуға үлкен мүм­кін­дігіміз бар. Бізде де қызықты кейіп­кер­лер көп қой. Соларды жаңа идея­мен беру қажет. Мәселен, Жезтырнақ, Ақсақ құ­лан, Ертөстік сынды қазақ ертегі­лерін ани­ма­цияға айналдырып, әлемге таратсақ, қа­лай жарасар еді! Оған отандық киноөнді­ріс­тің әлеуеті толық жетеді», деді министр.

«Моана 2» фильмінде көрермен сүйікті кейіпкерлері Моана және Мауимен қайта қауышты. Сондай-ақ жаңадан қосылған ержүрек теңізшілермен бірге қызыққа толы сапарға аттанды. Теңізші бабаларынан аян алған кейіпкерлер Океанияның шалғай, қатерлі аймағына сапар шегіп, естен кетпес шытырман оқиғаларды бастан өткерді. Аталған мультфильм қазақ тілінде 28 қарашадан бастап еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіледі және демалыс күндері қолайлы уақытқа қойылған.