Басылым • 26 Қыркүйек, 2024

Жаңа кітап таныстырылды

75 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алтайдан әлемнің түкпір-түкпіріне қанат жайған қалың түрік баласы бауырластығын үзбей, бірлігін мық шегедей мығым сақ­тап келеді. Түбірлес елдердің қашанда тілегі бір, бағдары берік.

Жаңа кітап таныстырылды

Елордада Қазақстандағы Әзер­­бай­жанның мәдени күндері аясын­да Ұлттық академиялық кітапха­­­на­­да Әзер­байжан әдебие­тінің бұ­ры­­шы ашыл­ды. Кітапхана қо­ры бауыр­­­лас елдің классикалық және зама­­­науи әдебиетімен, ел мем­ле­кетті­лігі­нің қа­лып­тасу тарихымен, ­салт-дәстүр­леріне қа­тысты материалдармен, соның ішінде ақын, ойшыл Мұхаммед Физули, Мырза Фатали Ахундов, Гусейн Джавиди, жазушы Анар Рзаев кітаптарымен, тағы басқа құн­ды дү­ниелермен толықты. Сондай-ақ кітапханалық-ақпараттық қызметті одан әрі дамыту, халықаралық кітап алма­су мүмкіндігін қалыптасты­ру мақ­сатында Ұлттық академиялық кітапхана мен Әзербайжан Ұлт­тық кітапханасы арасында ынты­мақ­тастық меморандумына қол қойылды. Іс-шарада Қазақстан Жазушылар ода­ғының хатшысы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы екі елдің тығыз әдеби байланысын тілге тиек ете келе, бауырлас елдің белгілі қос қаламгеріне Қазақстан Жазушылар одағының құрметті мүшесі куәлігін табыс етті. Рухани шараның соңы Әзербайжанның халық жазушысы Эльмира Ахундованың «Зарифа және Гейдар Алиевтер. Мәң­гілік махаббат» атты кітабының тұсаукесер рәсіміне ұласты.

Әдеби кештің тізгінін қолға алған жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқар бауырлас түркі елдерінің қарқынды дамып келе жатқан рухани байланыстарына тоқталып, қонақтарға сөз ұсынды. Алғашқы болып сөз алған Әзербайжанның Мәдениет министрі Адиль Керимли туысқандық таңбасы мен кітаптың маңызын айтты.

– Кешеден бері Астанада Әзер­бай­жан күндері өте табысты өтіп жатыр. Мәдени өміріміздің жарқын үлгісін көрсететін қос кітаптың тұсауке­се­рін жасау – екі халықтың тарихи, мәдени тұтастығының ай­ғағы деп білемін. Әзербайжан мен Қазақстан қаншама жылдан бе­рі достық қарым-қатынасты бе­рік сақтап келеді. Бізді ортақ тарих, ұқсас мәдениет пен дәстүрі­міз жақындастырады. Бүгін Әзербай­жанның халық жазушысы Эльмира Ахундованың «Зарифа және Гей­дар Алиевтер. Мәңгілік махаббат» кітабының тұсауын кесіп отырмыз. Бұл жай ғана әдеби кітап емес, ішіне толағай қазына жасырған бірегей дүние, – деді министр.

Мұнан соң Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының орынбасары Роллан Құспан қонақ­тарға құшағымыздың айқара ашық екенін баян етті.

– Жалпы, осы іс-шаралардың бар­лығы бауырлас қос халықтың ор­тақ тарихының, ортақ мәдениеті­нің үлгісін көрсетіп отыр. Кешегі Фи­зулидің 530 жылдығына арнал­ған жинақ, бүгінгі Әзербайжан әде­биетіне арнал­ған бұрыштың ашы­луы, түркі халық­тарына ор­тақ тұлғасы Гейдар Әлиев жөнін­дегі кітаптың тұсаукесер рәсімі өтуі – өзара ынтымақтастықтың белгісі. Мәдени, әдеби тараптың қай-қайсысынан болсын, Қазақстанның бауырлас елге құшағы ашық. Ғасыр­ларға көш тартқан үлкен құнды­лықта­рымыздың оқырмандары арта берсін дегім келеді, – деді ол.

Тамыры тұтас екі халық өкіл­дері бір-біріне сүйіспеншілік сезімін білдіріп, өзара тілге құрмет көрсетті. Мәселен, Қазақстандағы Әзербайжан елшісі Агалар Ата­могланов қазақ тілінде ой өрбітіп, қонақтардың қошеметіне ие болды.

– Қазақстан мен Әзербайжан­ның сан ғасырлардан келе жатқан ортақ салт-дәстүрлері бар. Еліміздің ха­лық жазушысы Эльмира Ахундова­ның ұлттық көшбасшымыз Гейдар Алиевті зерттеудегі еңбегі ора­сан. Көбіміз білетін бұл тарихи тұл­ға туралы қаншама кітап жазылған, ­ал бұл жинақ айрықша тіл, стилі­мен ерекшеленеді, – деді елші.

Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова түрік тілін­де сөз сабақ­тап, кітап авторына ақжарма алғысын білдірді.

– Қадірлі Гейдар Алиевтер от­ба­­сының бақыты, қилы тағдыры тек әзербайжан елінің жүрегінде емес, барлық адамзат өмірінің мә­де­ни-рухани өмірінде із қал­дыр­ды деп ойлаймын. Мұнда бір от­ба­сының бақыты ғана емес, бар­­лық халық­тың бақытты өмі­рі жатыр. Осын­дай тамаша от­ба­­сының құпия­сын, ­қыр-сы­рын ашып, өзгелерге насихат­­тай біл­ген Эльмира ханым Ахундова­ға алғысымды білдіре­мін, – деді Ақтоты Райымқұлова.

Рухани іс-шара соңында жазушы Эльмира Ахундова жаңа жинақ­тың таралымын өсіру туралы ұсыныс ай­тып, Астана оқыр­мандарымен арна­йы кездесуге ­да­йын екенін жеткізді.