Ауданда мақта терім науқанын алғашқы болып бастағандардың бірі – Қызылқұм ауылдық округінде орналасқан «Айдар» шаруа қожалығы. Иелігіндегі 14 гектар жерге Қытайдың «60» сортының шитін сепкен шаруа биыл гектарынан орта есеппен 50 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр. Диқандар агротехникалық шаралар дұрыс жүргізілсе, мол өнім алу мүмкіндігі де жоғары екенін айтады. «Ағын судан, минералды тыңайтқыштан қиындық көрмеуіміздің нәтижесінде өнімділік жақсы. Бұрын «Сұлтан», «Мақтаарал», «Бұқара» сорттарын егетін едік. Өнім 20-25 центнерді құрайтын, құрт жейтін. Биыл Қытайдың «60» деген сортын ектік, құрт жемеді. Гектарынан 50 центнерге дейін өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз. Жаңа сорттың мол өніміне сеніп, өткен жылы лизингке 1 комбайн мен 3 трактор алдық», дейді шаруа қожалығының төрағасы Ербол Айтуғанов.
Былтыр 45 мың гектарға мақта шитін сеуіп, 122 мың тонна ақ ұлпа жинаған жетісайлық шаруалар биыл да сол межені орындауға ниетті. Яғни сала мамандарының алдын ала жасаған болжамы бойынша, 40,8 мың гектар алқапқа егілген мақта шитінен 105,2 мың тонна «ақ алтын» алынып, орташа өнімділік гектарына 25,8 центнерді құрайды. Өнім сапасын арттырып, ағын суды үнемдеудің тиімді технологиясы саналатын тамшылатып суғару әдісі биылдың өзінде 2 мың гектарға артқан. Оның 300 гектардан астамы мақта дақылын өндірушілердің еншісінде.
Аудан әкімі Серік Мамытовтың айтуынша, шаруалардың ерте көктемнен қара күзге дейінгі еңбегі зая кетпеуі үшін мүмкіндігінше дұрыс баға шығару, мақта қабылдау бекеттеріндегі таразыдан алдау, зертханаларда мақта сапасын қасақана төмендету секілді жағдайларға жол берілмеу керек. Аймақ басшысы зауыт иелеріне мақтаны тазалаумен қатар, қайта өңдеумен айналысуды ұсынды.
Бүгінде 7 мақта өңдеу зауыты мен 77 мақта қабылдау бекетінің 45-і – аудан аумағында орналасқан мақта өңдеу зауыттарына, 32-сі – Мақтарал ауданы аумағындағы өңдеу зауыттарына тиесілі. Мақта өңдеу зауыттары өкілдерінің айтуынша, әр компания тікелей халықаралық мақта саудагерлерімен жұмыс істейді. Ал олар мақта талшықтарын сатып алу бойынша алдын ала келісімшарт жасап, қаржыландырады. Сол себепті мақтаны шикізат күйінде сатып алуға қажетті қаражатты жеке инвестиция деуге болады. Сондай-ақ зауыт басшылары қазір сұраныстың жоқтығын алға тартып, баға мақта сапасына байланысты деп мәлімдеді.
Түркістан облысы