Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Ақиқат пен ар
Жер бетіне алғаш адам аяғы тиіп, тіршілік басталғалы бері айтылатын жалғыз ақиқат бар: өмір – күрес. Сонда жұлдыз аққандай сырғып өте шығатын ғұмырда адам не үшін, кім үшін күреседі дейсің. Жаны үшін бе, малы үшін бе, атақ-абырой, жақсы сөз үшін бе, әлде ел мен жер, тіл үшін бе? Бәлки, арынан аттатпас көзқарасы үшін күресер? Ал мәңгілікке созылардай жан дүниеңнің парша-паршасы шығып, өзіңмен өзің күресудің ауырлығы тіпті сұмдық. Алашапқын өмірдің соңғы минуттары түгесілгенше бітпейтін әйтеуір бір күрес. «Сарғабанда болған оқиғада» да кейіпкерлер мына жарық өмір үшін, шындық үшін, әділдік үшін, еркіндік үшін күреседі.
Бірден шиеленіскен тұстан басталған оқиға оқырманды алғашқы әсерден-ақ елең еткізеді. Қаскөйлердің қолынан жазатайым жапа шеккен, дәл қазір аурухана палатасында өмір мен өлімнің арасында есеңгіреп жатқан Рахым. Заманның таршылығы мен қиындығын қатар көрген, сұм соғыс жүрегіне әжім салған, жалғызының тілеуін тілеген жалғыз шеше. «Е, жаратқан. Жалғызымның жанын сақтай гөр! Дүние қызығын көрмей өткен сорлы пендеңдi аясаңшы. Жиырма жыл бойы мәпелеп өсiрген бақытым, үмiтiм емес пе едi. Менiң көрген азабым аз ба? Жақсылығыңды менен аясаң, бар жамандығыңды мен бейбақтың басына үйе бер. Тек жалғызымның жанын қалдыр!» Құдайдан өзіне жамандық тілеп, бар мейірім-шапағатты перзентіне сұрау, Жаратқанға көкірегі қарс айырыла сөз айту, тек ананың қолынан келетін шығар. Жазушы мұнда қазақ анасының образын дәл береді. Сондай-ақ шығарманың басты сюжетінің кілті де осы палатадан басталады. «Ма-а-ма, бұған сенбеңіз... Мені жәбірлеген осы...» Рахымның соңғы сөзін бәрі естіді: Сәндібала, Гүлсара, Қаракемпір, Жабағы, Рысбек, Аида Глухова, Цой. Автор тұтас оқиғаны осы сөзден тарқатып, ширықтыра түседі. Мұндағы кейіпкерлер де қиялдан құрылған мінсіз адамдар емес: күнделікті тіршілікте жиі көретін таныс жандар. Кейіпкер жанының қатпар-қатпар иірімдерін, мінез-құлқын, түрлі сәттегі көңіл күйін көрсетуде көркемдік тәсілдерді ұштастыра отырып, дерек пен дәйекті де ұтымды қолданады. Тағдырдың түрлі тоғысында бетпе-бет келген қиындықтарда әр кейіпкердің болмысы ашылады, белгілі бір типтің характері қалыптасады. Жазушы қаламының ерекшелігі сол, жанама кейіпкерді (мәселен, қарапайым медбикені де) оқиға желісімен ерте отырып, үлкен кейіпкерге айналдырады. Ал Цойдың жағымсыз кейіпкер екенін «қысық көзін алартып» деген суреттеуден-ақ сезе қойдық.
Енді бір сәтте автор ширыққан оқиғаны шалт бұрып, кейінге шегініп, Бестөбеден түскен хатқа оралады. Полковник Дайыровтың тапсырмасымен күмәнді қылмысты ашуға капитан Талғат Майлыбаев Сарғабанға қарай жолға шығады. Осы тұста жазушы оқырманға оқиғаны тіпті қызықтыра түсіп, тосын шешімдерге барады. Шынында, өзімен өзі мал бағып жүрген қойшыны жаралаған кім? Егер қылмыскер палатада болса, Рахым кімді меңзеді? «Рысбек Рахымға жақын ағайын. Маскүнем, бұрын сотталған. Бұл үйдің түтіні өшсе, мал-мүлікке ие болам деп ойлады ма ол? Шыдамы жетпей тойда бүлiк салғаны да сол шығар. Сол адамдардың арасында Ақжолтай да тұрған. Ол Рысбектiң серiгi. Аузына арақ тисе кiсiмен шатаспай тынбайды. Екеуi өрiске барып, Рахымға тиiсiп, бәле шығарды ма? Рахымды қоршаған топтың iшiнде тағы кiм болды? Кiсiлердiң тасасында, шеттеу Цой тұрған жоқ па едi. Бәлкiм?..» Әрқайсына жеке тоқталып, бұл өлімнің пайдасы кімге көп боларын сараптайды.
Кейіпкердің логикалық ұтқыр ойы да қым-қиғаш оқиғаның динамикасын ұстап тұр. «...мен күнi бойы осы шұқырларды iздеп жүрдiм. Ендi Рахымды өлтiрген қылмыскердiң бiреуi бiзге белгiлi. Оның бiр аяғы жоқ, күпшектей ағаш аяқпен жүредi. Ағаш күпшектiң темiр өкшесiнiң жерге батқан таңбасына қарағанда кесек, iрi денелi адам. Салмағы 85-90 килограмм. Сiрә, алпыстың айналасындағы жасы келген кiсi секiлдi». Детектив жанрының ағысына қарай оқиға да ширыға түседі. Мәселен, капитан Майлыбаевтың шын болмысын жасырып, Захар Антонович пен Жабағыға айтқан өтірігі із кесушінің нағыз образын аша түседі. Жалпы, автор шығармашылық аудиториясын таңдамайды: қала қазағының да, дала қазағының да, кеңсе адамының да психологиясын кейіпкер бейнесіне боямасыз береді. Оқиғаны баяндау тәсілі өзіндік стильге ие. Теориялық түрлі тәсілді сәтті қолданады. Мәселен, шығармадағы көркемдегіш құралдар – деталь (алтын), жалғыздық, жатсыну, қарсылық, конфликт, әңгіме ішіндегі әңгіме, кейінге шегіну көп кездеседі.
Бұл жанрдың ерекшелігі болар, яки автордың шеберлігі де шығар, оқушыны бір сәтке болсын жалықтырмайды. Оқиғалар сюжеті ауысқан сайын деміңді ішіңе тартып, екпіндене жөнелесің. Әр тараудан кейін «енді не болар екен?» деп дегбірсізденіп отырасың. Арасында автордың ойын алдын ала сезіп, оқиғаға тіпті құныға түсесің. Мәселен, ауруханаға Цойды сұрап вокзалдан хабарласқан белгісіз кісінің ағаш аяқты қылмыскер екенін біле қойдық.
Жазушы қылмыскердің портретін суреттеуде де талантты. Әсіресе дәрігер Цойдың адам жақтырмағандағы бет-бейнесін, мимикасын сәтті бейнелеген. «Цой өзiне жақпай қалған кiсiге қисық көзiн қадап, күлген тәрiздi тiсiн ақситады. Танауы жыбырлайды. Аппақ тiсiн шықырлатып шапшаң бұрылып кетедi, Цойдың мұндай «күлкiсiне» iлiккен адам ауруханада ұзақ тұрмайды. «Өз еркiмен» жұмыстан дереу босанып кетедi. Арызданып, әдiлет iздегендер өздерi шатылып, сотты болып, бәлеге ұшырап жатады». Дәл осы сәтте қорқынышты фильмдердегі ақсиған тістер қалай елестемейді?
Шығармада оқтын-оқтын заман шындығы да көрінеді. Адалдық, әділдік дегеннен жұрдай аға-лейтенант Быстров сынды қызметкерлер тек жоспар үшін, істі тезірек жабу үшін, көзге көрінген күдіктіге қылмысын мойындатуға жұмыс істейді. Түрлі қияңқы сұрақтармен төпелеп, өз ертегісімен есін шығарады. Рысбектің айғақсыз айыпталып, Глухованың әділетсіз тергелуі – соның дәлелі. Істің анық-қанығын кәсіби түрде зерттемеу, шала білімділік, соқыр сенімділік сол уақыттың ғана жарасы емес, бүгінгі таңда да бар мәселе. Сондай-ақ Олегке жабысқан Дарьяның тағдыры да қоғамның бір шындығы. Жесір әйелдің бар мұңы бір ғұмырына жетерлік.
Күпшек аяқ
Шым-шытырық оқиғаларды бір-бірімен шиеленістірмей һәм оқырманның ішін пыстырмай, әр сюжет сайын үздіктіре түсетін автор шалт бұрылыстарға жиі барады. Кейіпкерлері кейде бір сырды бүккендей тереңнен толғатады. Мәселен, бірде Борис Натанович Цойға: «Менің аяғымда жұмысың қайсы. Білсең, сенің мәртебеңді көтеріп, ұшпаққа жеткізіп жүрген осы сыңар аяқ. Құдайыңды ұмытпа!» деп зекиді. Сонда сыңар аяқтың сыры неде? Иә, автор кейіпкерлерінің бәрі ақылды. Өз ісінің нағыз мамандары: тергеушісі де, ұрысы да. Цой да ақымақ емес. Сау аяқтың ізі тапталғанмен ағаш аяқтың темір өкшесінің жерге батқан шұқыры сақталып қалуы мүмкін екенін ол да сезді. Сөйтті де Самсоновтың неше жылдан бергі сенімді серігін – ағаш аяғын өртеп жібереді. Аймангүлді де ізін жасыру мақсатында сәтті пайдаланды. Десек те әккі қылмыскердің ақылсызы болушы ма еді?
Автор оқиғаны шарықтата келе жанама кейіпкер – лейтенант Нұржанның да ой ұшқырлығын көрсетеді. «Адамның психологиясы қызық қой. Алтын жерден қазылып алынғанымен, оны көмсе былғанып қалатын сияқты көрiнедi. Сондықтан ондай асыл дүниенi тауып алған адам оны жоғары, биiк жерде сақтағысы келедi. Ағаш бұтағының арасына жасырды дейтiн мұнда қалың орман жоқ. Сонда ол қайда тығуы мүмкiн? Әрине, өзiнiң бойы жететiн бiр жерге жасырады. Тауып алған адам ат үстiнде жүрсе, сөз жоқ ол оны жарқабақтың қуысына, құстың ұясына, не iнге жасырар едi». Иә, капитан Майлыбаев Көкмойнақтың қызыл иегiне кiрген тiкенек жаңқаға қарап қылмыскердiң бiреуi ағаш аяқпен жүрген деген қорытынды жасап, соның таңбасын өрiстен iздеп табады. Оның сыбайласының кәсiбi жөнiндегi болжамы дұрыс. Ақыры олардың алтынмен сауда жасайтынын да тапты. Осының бәрiн ол нақты фактiмен емес, логиканың күшiмен дәлелдедi. Кейіпкердің ой дәрежесі, әсіресе детектив жанрындағы озық ой автордың тақырыпты қаншалықты меңгергеніне байланысты болса керек.
Қазақ әдебиетінде де сол уақытта осындай артық шашауы жоқ детектив жазылғанына еріксіз таңғаласың. Ең бастысы, Кемел Тоқаевтың қай тақырыпты болса да, ең алдымен тереңнен зерттеп, кейіпкерлерінің образын тап басып танығаны қайран қалдырады. Тіпті қазіргі кей қылмыстық істер де дәл осы шығармадағыдай індете зерттелсе дейсің. Бұл жанрға талпынған кез келген қаламның жүріп кетпейтіні де анық. Детективтің қыр-сырын, ойқы-шойқысын танымаған, сезінбеген қаламға шебер жазу да қиын шығар.
«Сонда ағаш аяқты қылмыскердiң сыңары кiм? Талғат бiр сәт тағы ойға кеттi. Ит талаған адам қайткенменде дәрiгерге көрiнуге тиiс едi. Облыс көлемiнде соңғы жетiнiң iшiнде ондай оқиға тiркелмегенiн полковник хабарлады. Сонда қасқыр алып жүрген айлалы Көкмойнақ қылмыскерге тiсiн дарыта алмағаны ма? Олай болуы мүмкiн емес. Қылмыскердiң осы уақытқа дейiн дәрiгерге көрiнбей жүруiнiң мәнiсi олардың арасында медицинадан хабары бар, аса тәжiрибелi кiсi болғаны». Автор оқырманмен тығылыспақ ойнағандай, әр кез оза шауып жаңылыстыруға тырысады. Яғни алдағы сюжетті алдын ала сездірмейді. Жазушының тілі жеңіл әрі көркем. Бір ойыңды бір ойың қуалап, тез оқылады. Тілі жеңілдігінен тез оқылады демес едік, сюжеттің аңсарды аулайтыны соншалықты, оқиғаның жалғасын білгенше тағатың таусылады. Әсіресе автор оқиғалар желісінде паралельді баяндауды ұтымды қолданады. Мәселен, аурухана қоймасының ұрланғаны да алтын іздеушілермен астарлы байланысты болды. Мұны ойда-жоқта Майлыбаев та сезді. Жазушы параллель екінші қылмысты суреттеу арқылы оқушы назарын аудартады. Ал Цой із кесушілерді жолынан тайдырамын дейді. Мұнда да Сәндібала секілді өмірден баз кешкен, өзін құрбан еткен ананы көреміз. Сәулесі сөнген жанарында замана айдауымен тоз-тозы шыққан тағдыры шоқтай қариды. Дегенмен автор қойманың тоналуымен Талғатқа Цойдың бір ұшығын ұстап береді.
«Өздерiңiз қараңыздар, терезенiң астыңғы табаны мен жерге дейiн бiр жарым метр екен. Ал туфлидiң таңбасы терезенiң астыңғы табанына мүлде жақын түскен. Арасы небәрі бес-ақ сантиметр. Айталық мен терезенiң крест түрiнде салынған темiрiнiң бiреуiнен ұстап, аяғымды қабырғаға тiреп көтерiлдiм дейiн. Сонда мен жерде тұрып, аяғымды бiр жарым метр соза аламын ба? Бұл мүмкiн емес. Мейлi менiң аяғым табалдырыққа дейiн жетсiн делiк. Онда мен iшке кiре алмас едiм. Тiзем кеудеме тiрелiп, кедергi келтiрер едi». Мұнда да кезекті рет жазушының тақырыпты қазбалай зерттегеніне куә боламыз. Жазушы – жазушы емес, дәл бір әккі тергеуші ме дерсіз.
Автор оқиғаға кейіпкерді де жайдан-жай қоса салмайды. Дене-тұрқын баяндап, қарабайыр суреттеуге де бармайды. Жаңа кейіпкерді қилы оқиғамен кіргізіп, оқушыны ойландыра түседі. Жоғарыда айтқанымыздай, жазушы күтпеген бұрылыстарға жиі барады. Әлгі Дарьяның екі кештің ортасында жол ортасында зорландым деп, Олег Майснерға жала жабуы нені меңзейтінін түсіне алмадық. Автор бұл оқиғаны неге кірістіріп отырғанын да сезбедік. Әлде жаңа кейіпкер Олегті оқушыға таныстыру амалы ма дестік. «Бұдан бiр жетi бұрын Майснердiң астыртын алтын тiс салумен шұғылданатынын, қарақан басы тұрып, бес мың сомға бау-бақшасымен үлкен үй сатып алғанын көрсеткен домалақ арыз түскен. Аға лейтенант бұл жайындағы әңгiменi бiлетiн. Ол майордың өкiнiшiн ұқты. Сол арыздан алтынды ұрлаушылар тiс салушы техникпен байланысы жоқ па екен дегендей күдiк туған. Мұндай күдiк расталса, олар Майснердiң қамалғанын бiлгеннен кейiн iзiн бiлдiрмей кететiнi айқын». Әрине, біз мұндай тосын шешімді күткен жоқпыз.
Сұм соғысқа сыңар аяғын берген екі тағдыр пойыз үстінде жолықты. Шын қылмыскер мен жасанды қылмыскер – Рысбек пен Самсонов бетпе-бет сыр шертісіп отыр. Осы тұста сюжет желісінің шебер суреттелгеніне көзің жете түседі. Өмірінде өз еркімен жылап көрмеген Самсоновтың өтірік көлгірсуі, оған жүрегі жібіп, бар шындығы төгілейін деп отырған Рысбек. «Құдай алса, арман жоқ қой, өзi берген жанын өзi алады. Мынау құдайдың жолынан емес, қаскөй адамның қолынан қаза тапты. Байқұс баланың қандай жазығы барын бiлмеймiн, түнде кинодан қайтып келе жатқанда бұзақылар пышақтап өлтiрiп кеттi», деген Самсоновтың айласына дауа бар ма? Рахымның оқиғасына ұқсастырып өтірікті желдей естіруі де кейіпкер образының мықты қыры емес пе?
«Ондай сұмдарды еркiне жiберсе, тағы бiреулердiң көз жасына қалады ғой, – дедi де, өзi жауап күткендей құлағын түрiп ентелей түстi. Оңаша қолына түссе, кеңiрдегiн езiп, қан ытқығанша шынын айтқызбай қоймас едi. Амалы құрып сыпайылық жасап отыр. Оның үстiне қарсы жақ, полкада, төбесiнде жас жiгiт жатыр. Ұйқылы-ояу екенi белгiсiз. Көзiн бiрде ашып, бiрде жұмып, бұлардың сөзiне құлақ түретiн секiлдi. Бұл – Нұржан едi». Автордың оқиға құрудағы шеберлігіне, ой жүйріктігіне тағы да таңданбасқа шараң жоқ. Әйтпесе екі ақсақтың ортасында Нұржан не істеп жүр? Бұл кездесу мақсатты түрде жоспарланбаса да жазушы шығарманың шешіміне жақындап, кейіпкерлердің жолын түйістіріп жатқандай.
«Мен көп жылдан берi демiкпе ауруына шалдығып, жапа шегiп жүрген жан едiм. Сiз соны емдеудiң әдiсiн тапты деп естiп, әдейi жолаушылап келемiн. Ауруым күн сайын асқынып барады. Қабылдай аласыз ба? – Демiкпе ескi ауру. Бұл дерттiң емiн таппай әуреге түскен ғұламалар көп. Бiз дала дәрiгерiмiз. Қолымызда қазiргi заманның аспаптары жоқ. Әйтеуiр бiрдеңенi долбарлап жасаған боламыз. Сiрә, менiң жасаған емiм сiзге қонар ма екен?» Бұл аталған повестің культіне айналған диалог. Бұл сөз ізін жасыру мақсатында да, көркемдік тұрғысынан да сәтті қолданылған. Қоңырау шалынғанда ғана айтылатын диалог қайталанған сайын повестің кілті сияқты жаңа оқиғаға бастап тұрады. Тіпті бірнеше рет қайталануы да шығармаға ерекше бояу беріп, автордың өзіндік стилін айшықтай түседі.
Біз Самсонов деп таныған, бірақ шын мәнінде, Борис Майснер болып шыққан қылмыскердің өзегін өртеген өкінішінің өтеуі бар ма? Өз перзентінің бетіне қарай алмаған әке бір-ақ сәтте жаны жалаңаштанып, бейшара халге түседі. «Осы кезде таза, әдемi киiнген Олег Майснер кiрдi. Ол қолы-басы дiрiлдеп, көзi жасаурап, күзет астында отырған кiсiге жирене көз қиығын тастады да: – Мен сiздi тыңдап тұрмын, жолдас майор, – дедi. Олег өзi тыжырынған адам әкесi екенiн танымады». Өмірде түрлі қылмыс жасалуы мүмкін. Бірақ сол қылмыскердің ең ізгі арманы – сұмдық ісін жақындарына, бауыр еті баласына көрсетпеу. Адами инстинк. Әйтпесе өз ісінің маманы, жұмысына адал, білімді азаматтың осындай қаскүнем адамның қанынан жаратылуы мүмкін бе?
Иә, бәріне кінәлі соғыс. Талай жанның жастығын, бақытын, өмірін жалмады. Майснердің Самсонов болғанына да, азғын жолға түсіп, адам өлтіріп, алтын ұрлағанына да соғыс кінәлі. Тіпті бүгін баласының жүзіне қарай алмауына да соғыс кінәлі. Соғыстың сұрауы жоқ. Қан майданнан «Самсонов» сияқты қашып, бас сауғалап кеткендер де қаншама.
Сонымен...
Жазушы қай шығармасында да «Сарғабанда болған оқиға» сынды әділетті, ізгілікті үндейді. Адами құндылықтарды қилы оқиғалармен шендестіре, әр кейіпкердің характерлік болмысын жасай отырып, оқушының сана түкпіріне адалдықтың сәулесін шашады. Мәселен, повестегі полковник М.Дайыров, милиция бөлімінің бастығы майор Ә.Ділдәбеков, капитан Т.Майлыбаев, басқа да құқық қорғаушы милиция басшыларының шындықты жақтауын, батылдығы мен тапқырлығын детальді оқиғалармен жан-жақты ашқан. Бір оқиғаның желісімен осыншалықты түрлі образ, түрлі тип, түрлі характер қалыптасқаны кезекті рет жазушының шеберлігін мойындатады. Қаламгер өмірді терең білумен қатар шұрайлы сөз байлығын асқан талғампаздықпен қолданады. Шым-шытырық оқиғаларды шынайылықтан алыстатпай һәм шығарманың тынысын негізгі желісінен үзбей суреттеу де интеллектуалдық прозаның бір айшығы іспеттес.
Сарғабанның сазындағы кейіпкерлер бізге де бөтен емес. Рахым да, Сәндібала да, Цой да, Талғат та – бізбіз. Әрине, одан бері елу жыл уақыт өтсе де Цойлар әлі арамызда жүр. Өмірдің түрлі қиылысында небір қулық-сұмдығын асырып, қиянаттан қолы арылар емес. Талғаттар да әділетсіздікпен шама-шарқынша күресіп, өз шындығын жоғалтпай жүр. Сарғабанда болған оқиға – біз сүріп жатқан қоңыр тіршіліктің сүреңсіз бір шындығы. Ақиқатында, бұл – үлкен трагедия. Ең өкініштісі, бұл трагедия қазір де жалғасып жатыр. Бүгінгі «Әділетті Қазақстан» тұсында да қаншама жас жігіттер қандықол қарақшының қолынан қаза тапты. Ал жазықсыз істі болып, әділетсіз сотталып жатқан жастардың санын кім білсін. Сонымен, повестегі авторлық шешім қандай? Тірі жанды аямай алған алтын адамды асыл арманына жеткізе ме? Әлде түбінде бәрібір ақиқат жеңеді дей ме? Жалпы, шығармадағы мәңгілік қағида қайсы? Әділет пе? Әділетсіздік пе?
Айта кетейік, «Сарғабандағы болған оқиға» повесі өмірде болған оқиғаның ізімен жазылған. Әр деталі шебер ойластырылған шымыр оқиғалар тізбегі жақсы бір фильмге сұранып-ақ тұр.