Тұлға • 27 Қыркүйек, 2024

Аңыз актердің соңғы жұмбағы

189 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Талғат есімді таланттың кино көгінен құйрықты жұлдыздай жарқ етіп ағып түскенінен бері де бірнеше онжылдық тарих қойнауына сүңгіпті. Бірақ санада қалған сол бір жарқын бейне архивтегі кино қоржынын қазбалаған сайын үнемі алдымыздан шыға берді. Әсіресе ол сомдаған «XX ғасырдың қарақшылары» экшн-фильміндегі Салех рөлі ел есінде ерекше жатталып, оның есімін кино тарихында тасқа басты. Бүгінде кеңес кинематографі парақтарынан аңыз актер атын тым-тым жиі ұшыратсақ, ол да талантты тұлғаның дария дарынының арқасы болса керек.

Аңыз актердің соңғы жұмбағы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Келте қиылған таспа-ғұмыр

Актер Талғат Нығматулиннің кино кеңістігінде есімі қалай тез танылып, кесек келбеті экран арқылы ә дегеннен ел есінде қалай жылдам жатталса, оның бұл даңқ шыңынан жеткенге дейінгі жолы да дәл сондай жарқын, оңай һәм сәулелі болды деп айта алмас едік. Ал оның пешенесіне бұйырып, уақыт-ағзам алақанында жазылған тағдыр-талайы тіпті қамшының сабындай-ақ екен. Небәрі 35 жыл ғұмыр кешіп, талайды талантымен тәнті еткен таспа-ғұмырдың кенеттен қиылғанына да 40 жылға жуықтапты. Талант Талғаттың аңызға бергісіз ғұмыры бейне бір соңында із қалдырып ағатын жұлдыздай жарқын әрі сұлу болса, ал өлімінің сыры әлі күнге дейін жұмбақ... Біреулер нашақорлықтың құрбаны болды десе, енді бірі ол өзін-өзі қинағанды жақсы көретін, сондықтан да азапты өлімді өзіне тілеп алды деген болжам айтады. Келесісі актердің өліміне әлдебір мемлекеттік сая­си топ мүдделі болды деген нұсқа ұсынады. Әлбетте мұның бәрі тек болжам ғана. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Талғат Нығматулиннің өліміне тікелей себепкер болған сектанттық ұйым болғандығы, оның басында Бішкектің тумасы Абай Бөрібаев пен Мырза Қымбатбаев деген рухани топ жетекшілері тұрғандығы расталды. Бірақ олардың не себепті актерді аяусыз өлтіргені анық­тал­мады. Өкініштісі сол, бұл жұм­бақ­тың жауабын жылдар да шеше алмай келеді...

 

Тауқыметті тағдыр

Болашақ актер 1949 жылы 5 наурызда дүниеге келген. Ең көп тараған нұсқа бойынша Талғат Нығматулин Қырғыз КСР-нің Ош облысы, Қызыл-Қия қаласында дүниеге келген деген дерек жиі айтылады. Бірақ оның Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында туғаны туралы ақпарат та бар. Оны актер көзі тірісінде берген сұхбаттарында растап, Ташкентте дүниеге келгенін, кейін Нығматулиндер отбасы Талғат бір жасқа толғанда Қызыл-Қияға көшіп келгендігін айтқан екен.

Шахтер мен мектеп дирек­то­ры­ның отбасында өмірге келген бала Талғаттың басына тағдыр түрлі сынақты үйіп-төгіп берді. Екі жасқа толар-толмас шағында асқар тауы құлап, әкесінен айырылды. Жастайынан жетімдіктің кермек дәмін татқан балдырған еңбекке де ерте араласты. Қант зауыты мен аяқкиім цехында жұмыс істеді. Мектеп директоры қызметіндегі анасы да балаларының жоқшылықта өмір сүрмеуі үшін барын салды. Бірақ қанша тырысқанымен нашар тұрмыс оңалмады. Жастай жесір қалған келіншекке үш бірдей жеткіншекті жеткізу қиынға соққандықтан, етегін жасқа толтырған ол амалсыздан Талғатты балалар үйіне өткізуге мәжбүр болады. Бұл жақтағы өмір де балдырған үшін бал болмады. Түрлі кемсіту мен мазақтан көз ашпаған бала Талғат тіптен бұйығы тартып, тұйық, ұялшақ болып кетті. Себебі кішкентай күнінен рахит болып ауырған сәбидің денсаулығындағы кінәрат оның адами сезіміне де сызат түсірмей қоймады. Әсіресе пио­­нер лагеріндегі бір қыздың оның аяғының қисық екенін бетіне басып, өзімен билеуден бас тартқанын көргенде қатты қорланады. Сыртқа шығып, ешкімге көрсетпей көз жасына ерік берген болашақ актер, іле бойын тез жинап алады да, енді ешқашан жыламауға, дәл осы сәттен бастап өз-өзімен жұмыс істеуге, жүйелі түрде спортпен айналысуға серт береді. Би мен жеңіл атлетикаға жазылып, каратэмен де тыңғылықты айналыса бастайды. Орыс тілін жетік меңгерудің де болашағына маңыздылығын ерте түсініп, орыс классикасын жата-жастана оқып, Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романының қос томдығын қолымен екі қай­тара дәптерге көшіріп шыға­ды. «Өмірде жетістікке жетуге ешқандай да ғажайыпты күту­дің қажеті жоқ, тек еңбек пен те­мір­дей тәртіп қана керек. Егер осыны күніне 100 мәрте қайталаса бұл өмірде мүмкін емес нәрсе жоқ» деп актердің өзі үнемі айтатындай, оның қай іске де жан-тәнімен беріле кірісетіндігінің нәтижесінде Талғат Нығматулин өзінің келте ғұмырында талай жетістікке жетті. Көптеген актер тіпті армандамайтын рөлдерде ойнап, өнер әлемінде өзінің есімін өлместей етіп жазып кетті.

 

Арман қанатында

Арман дегеннен туады, әу баста актер емес, кинорежиссер болуды қалаған Талғат мектеп бітірген соң Мәскеудегі Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтына (ВГИК) тапсырады. Алайда алғашқы талпыныс сәтсіз болып, оқуға қабылданбай қалады. Алып қаладан кеткісі келмеген өнерлі жас көп ойланбастан бұл жақтан құжатын қайтып алып, цирк және эстрада өнері мектебіне түседі. Цирк мектебінде оқи жүріп күреспен тыңғылықты айналысып, каратэні де қалдырмайды. Өзі үнемі айтатындай, тыңғылықты айналысқан еңбегі еш кетпей күрестен бірталай жетістікке жеткен Талғат каратэден де «қара белбеу» иегері атанады. Мұндағылар спорттың үздігі атанбақ тұрмақ, оның кезінде аяғы қисық болып, көп қағажу көргендігін, сонымен қатар орыс тілін мүлдем білмегендігін естіп таң қалады. Себебі Мәскеуге келгенде Талғаттың тілі көркем, денесі шымыр, шыныққан нағыз сымбатты жігіт болатын. Осылайша, ә дегеннен көрген жанды көркімен тамсантқан өнерлі жас арманына адал болып, бір жылдан кейін кинематография институтына қайта оқуға тапсырып, 1968 жылы актерлік бөлімнің студенті атанады. Жас актер жұмыспен қатар барлық жаңа және қызықты дағдыларды бойына сіңірді. Ол кітапты құмарта оқыды, өлең мен проза жазды. Жарыстарда Өзбекстан чемпионы атағын жеңіп алып, КСРО чемпионатында алтыншы орынды иеленді. Сонымен қатар Бүкілресейлік кинематография институтында оқып жүріп ол Николай Еременко, Вадим Спиридонов, Наталья Орынбасарова, Наталья Бондарчук сынды болашақ өнер жұлдыздарымен танысып, бір ауди­торияда білімін шыңдады. Соның ішінде, әсіресе Николай Еременкомен таныстығы оның алдағы жұлдызды жолына үлкен ықпал етті. Арада 10 жыл өткенде Николай досы оны «XX ғасырдың қарақшылары» фильміне шақы­ра­ды.

 

Кеңестік Брюс Ли

Режиссер Борис Дуровтың 1979 жылы түсірілген «XX ғасырдың қарақшылары» экшн-фильмі арқылы Талғат Нығматулин шын мәнінде көрерменнің шексіз сүйіспеншілігіне бөленді. Қарақшы Салехтің шебер сомдалғаны соншалық, күні бүгінге дейін аталған фильмді ауызға алсақ, ең әуелі ойға Талғат Нығматулин тудырған бейне оралады. Ол бұл шытырман оқиғалы фильмде қарақшы рөлін каскадерлікті оқымай-ақ меңгергенін көрсетті. Иә, Талғат Нығматулиннің нағыз танымалдылығы артқан кезі «ХХ ғасырдың қарақшылары» фильмінен кейін басталды. Бет-әлпеті азиялық типке жататын актерге тіпті Кеңестік Брюс Ли деген лақап ат та берілген болатын.

Жалпы, Талғат Нығматулиннің кинодағы жолы, яғни оның актер ретіндегі дебюті 1967 жылы түсірілген «Комиссар туралы баллада» фильмінен басталады. «Мосфильм» жас актердің да­­рынын байқап, оған ақ гвардия офицерінің рөлін ұсынды.Бір қызығы, өмірдегі болмысы мен мұраты әсте бұл бейнемен қабыспайтын актер жауыз адам бейнесін кемеліне келтіре кейіптегені соншалық, осы фильм­нен кейін оған үнемі жағымсыз кейіпкер бейнесі берілетін болады. Бұл туралы белгілі кеңестік режиссер Әлішер Хамдамов: «Оның бірінші сомдаған рөлі зәрлі әзіл секілді болды. Талғаттың қара былғары қолғап киген жас жауыз бейнесінің сәтті шыққаны сонша, кейін оған кілең жексұрын рөлдер берілді. Ал ол өмір бойы басқа нәрсені армандады..., – деп жазады. Ал актердің ішінде қандай арман кеткені, әрине, тек оның өзіне ғана аян...

Мәскеудегі оқуын бітіргеннен кейін Нығматулин өзінің туған жері Ташкентке көшіп келіп, 1971 жылы «Өзбекфильм» киностудиясына жұмысқа орналасады. Киностудияда оның қатысуымен бірнеше фильм түсірілді. Атап айтсақ, олардың қатарында 1972 жылы түсірілген «Жетінші оқ», 1973 жылғы «Кездесу мен қоштасу», 1976 жылы таспаланған «Сиявуш туралы аңыз» этникалық ертегісі, тағы да басқа туындылар бар. Сонымен қатар актер өзінің саналы ғұмырында жазушылық жұмысқа да белсене араласып, 1978 жылы білімін жетілдірді. Ол сценаристер мен кинорежиссерлердің жоғары курстарына қатысып, білікті маман атанды. Ал 1981 жылы Нығматулин өзінің «Жаңғырық» аталатын алғашқы қысқаметрлі фильмін түсірді.

 

Соңғы жұмбақ

Осынша өнерді бір басына жиып, қай салада да жемісті нәтиже көрсете білген актердің өмірінің кенеттен қиылуы отбасы мен кино саласындағы әріптестері үшін ғана емес, барша көрермен үшін де төбеден жай түскендей сұмдық жаңалық болды. Талантты актерін жоқтап жылаған жұрттың қарасында шек болмады. Ал әртістің трагедиялық өлімін ауыз­­ға алудың өзі өзекке өкініш ұяла­тады.

Сол күнгі жұмбақ жағдайдың жай-жапсарына бойлауға талпын­ғандар, қасіретті қазаның артында тұрған қос есімді атайды. Олар – Абай Бөрібаев пен Мырза Қымбатбаев. Бұл кісілер туралы ақпарат көздерінде мынадай мәлімет беріледі: «70-жылдардың соңында Бішкектің тумасы Абай Бөрібаев ерекше қасиетке ие Мырза Қымбатбаевты жолық­ты­рады. Бөрібаев ықпалды номен­кла­туралық отбасынан шыққан, комсомолдық желі бойынша мансабын жасаған адам. Бірақ кейіннен Шығыс философиясына әуестеніп, адамның, оның ішінде мүмкіндігі ерекше адамдарды зерттейтін өз ғылыми зерттеу институтын (ҒЗИ) құруды ойлады. Ал Мырза ауруды емдеп, болашақты болжай алатындай қабілетке ие еді. Абай Мырзамен танысқан соң іздеген адамы осы екенін бірден түсінді. Абай мен Мырзаның біраз қалаға сапары кезінде олардың айналасына оқырмандар қауымы жиналды. Брежнев дәуірінің соңында КСРО-да әртүрлі йоганың экзотикалық Шығыс ілімдері танымалдылыққа ие болды. Ерекше қабілетке ие қарт кісілер туралы әңгіме желдей тарады. Жазушылар, суретшілер, актерлер, театр режиссерлері, университет оқытушылары — Абай мен Мырзаның алғашқы ізбасарлары болды. Кейінірек бұл қатарға Нығматулин де қосы­лады».

Бала күнінен тағдырдың түрлі тауқыметін бастан кешкен жаны нәзік актердің санасында қалған сол бір сызат кейін ол есейген шақта да маза бермейді. Үнемі өзін іздеп, жан қалауын рухани әлемнен табуға талпынған Талғат сектанттардың шырмауына оңай түседі. «Ұстаздарының» айтқанын екі етпеген актер соңғы кездесуінде олар бұйырған жауыздыққа бара алмайтынын айтып, тапсырмадан үзілді-кесілді бас тартады әрі бұл ұйыммен түбегейлі ат құйрығын үзгісі келетінін де жеткізген екен-мыс. Мұны көтере алмаған қандықол қарақшылар болашағынан зор үміт күттіретін талантты әртісті аямайды. Талғат Нығматулин 1985 жылдың 11 ақпанында Вильнюсте ауыр соққының салдарынан қайтыс болды. Тергеушілер жасаған ресми ақпаратқа сүйенсек, актер секта басшысы Абай Бөрібаевтың бұйрығымен айтқанына көнбегені үшін өлтірілген. Алдымен сектанттар Вильнюске жергілікті ізбасарлармен өзара мәселені шешуге жиналған. Абайдың әрекеттеріне көңілі толмағандар жаңа қауымдастықты құруды ойлаған. Бұл әрекет «ұстаздары» тарапынан әлбетте кешірілмеді. Жаза арқалағандардың қатарында Талғат Нығматулин де бар.

Тергеушілер актерді өлтірген қандықол қарақшыларды ізін суытпай ұстаған. Оның ішінде Абай мен Мырзадан бөлек, бір сектада болған көшбасшылар болған. Олар Нығматулинді өлтіргендерін жоққа шығарған жоқ. Бірақ әлі күнге дейін нақты не үшін өлтіргені, сол түні не болғаны ашылмаған жұмбақ күйінде қалды. Небәрі 35 жасында бақилық болған актердің соңында үш перзенті қалды. Өкініштісі сол, 119 жерден жарақат алған актерді тіпті жұбайы белгілі актриса Венера Нығматулина да танымай қалған екен. Оның айтуынша, сүйіктісін көріп, есін жоғалтқан актриса үшін бұл қаралы күн – мәңгілік жадынан өшпейтін түнек­пен тең трагедия. Актердің мүр­десі Ташкенттегі «Чилонзор Ота» зиратына жерленген.

Өмірден үнемі өзін іздеумен өткен талантты әртістің ақиқатқа жету жолындағы осы бір адасуы оның барлық ғұмырына соңғы үкім болғандай. Ал қараңғы түнге сіңіп жоқ болған ол құпия әлі күнге дейін жарыққа шықпады. Әйтпесе каратэден қара белбеу иегерінің еш қарсылықсыз өзін өлімге жығып бергені шынымен де үлкен жұмбақ емес пе?..