Оқиға • 01 Қазан, 2024

Мәулен Әшімбаев: АЭС – таза және тұрақты энергия көзі

106 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған АЭС салуды қолдау жөніндегі халық штабының мүшелері Жетісу облысына барып, өңір жұртшылығымен алдағы референдумға қатысты өзекті мәселелерді және энергетика саласын дамыту перспективаларын талқылады. Сапар барысында депутаттар сарапшылармен және қоғам қайраткерлерімен бірге облыстағы өндірістік кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен, сондай-ақ белсенді жастармен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәулен Әшімбаев: АЭС – таза және тұрақты энергия көзі

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Кездесу барысында Сенат Төрағасы АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың жарқын көрінісі екеніне назар аударды. Сондай-ақ Палата Спикері бұл бастаманың стратегиялық сипаты мен ел экономикасына тигізер әсеріне тоқталып, алдағы референдумда әрбір қазақстандықтың дауысы маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 6 қазанда атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты республикалық референдум өткізілетінін жариялады. Соған сәйкес біз өздеріңізбен аталған бастаманы және жалпы энергетика саласын дамыту перспективаларын талқылау үшін арнайы келіп тұрмыз. Осы аптада өтетін жалпыұлттық референдум Қазақстанның одан әрі дамуы жолында стратегиялық маңызға ие. Сондықтан бәріміз жұдырықтай жұмылып, еліміздің және өскелең ұрпақтың болашағына зор әсерін тигізетін маңызды шешімді бірге қабылдауымыз керек. Осыған байланысты барша қазақстандықты референдумға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасауға шақырамын», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Штаб мүшелері ақпараттық жұмыс аясында көп балалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар және әлеуметтік аз қамтылған санаттағы азаматтар жұмыс істейтін «Айсұлу» тігін фабрикасының ұжымымен, сондай-ақ, қала құрылысымен айналысатын «Темірбетон» кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесті.

Кездесулер барысында отандық өндірушілерді қолдау мәселелері, осы бағыттағы заңнамалық нормалар және референдумның маңызы кеңінен талқыланды. Іс-шаралар кезінде еңбек ұжымдары өз пікірлерін білдіріп, атом электр стансасының пайдасы мен одан туындайтын тәуекелдерге назар аударды.

Өңір тұрғындарымен және белсенді жастармен кездесуде өндіріске қажетті жаңа тәсілдерді зерделеудің және инновациялық технологияларды енгізудің игіліг сөз болды.