– Алина Робертқызы, бүгінгі таңда биология пәні қалай оқытылып жатыр? Шетелмен салыстырғанда еліміздің әдістемесінде қандай өзгешеліктер бар?
– Шетелмен салыстырғанда бізде биология пәні жақсы оқытылады. Әрине кейбір жерде кемшін тартқан тұстар да жетерлік. Бәрінен де кеңестік оқыту жүйесі жақсырақ еді. Бірақ оның әдістемесі жаңа заманға бейімделіп үлгермеді. Кеңестік білім беру жүйесі ескі «Волга» көлігі сияқты. Өте сенімді, міз бақпай, қанша жүк болса да көтере береді. Тек онда жайлылық жоқ. Бұрынғы оқыту тәсілі де сондай болды. Сол үшін ескі тәртіпті қалдырып, бүгінгі заманның әдістемесінен тиімді тұстарын алып, оқыту әдістемесін қатты өзгертпей-ақ қою керек еді. Бірақ, өкінішке қарай, олай болмады. Мен биология пәнін оқытудың финдік, ағылшындық, америкалық, Балтық теңізі жағалауы елдерінің әдістемелерін жақсы білемін. Бірақ онымен салыстырғанда еліміздің сабақ беру үлгісі әлдеқайда жақсырақ. Мәселен, АҚШ-та бірыңғай оқыту жүйесі жоқ. Әрбір штаттың, тіпті әр мектептің өзіндік жеке әдістемесі бар. Соған қарай бір мектептер үш жыл қатарынан құстарды немесе көбелектерді үйретуі мүмкін. Есесіне балалар адамның анатомиясы, балықтар, басқа да жануарлар туралы түк білмей шығады. Қазақстанда пәнді оқытудың мемлекеттік ортақ жүйесі бар. Бала сол арқылы биология саласы бойынша біраз нәрсе біліп шығады. Осы жағынан келгенде біздің ұтарымыз көп. Әрине, мектеп – ғылыми зерттеу институты емес. Онда күрделі зерттеу жүргізе алмайсыз. Өйткені бала қауіпсіздігі бірінші кезекте тұрады. Назарбаев зияткерлік мектебінде жағдай сәл басқаша. Онда тиісті зертханалар болғандықтан оқушылар ДНҚ дәрежесіне дейін зертханалық тәжірибе жасай алады. Жалпы орта білім беру мектептерінде балалар биология пәні бойынша тәп-тәуір базалық білім алып шығады.
– Осыдан үш жыл бұрынғы бір сұхбатыңызда «егер жаңартылған оқу бағдарламасы жақсарса, жаңадан сапалы оқулық басып шығарар едік» депсіз. Содан бергі аралықта жағдай қалай өзгерді, жаңартылған оқу бағдарламасы түзелді ме?
– Әзірге жаңа оқу бағдарламасы жасалмады. Алайда бұл мәселе талайдан көтеріліп келеді, әлі күн тәртібінен түскен жоқ. Оқу бағдарламасы өзгермей, жаңа биология пәнінің оқулығы жазылмайды. Ал оқу бағдарламасының не үшін жаңармай жатқаны белгісіз. Әр 4 жылда оқулықтар жаңадан басылып тұру керек. Елімізде 30 жылдың ішінде оқулықтар үш рет жаңартылды. Биология пәні оқулығы сегіз жылдан бері әлі жаңартылған жоқ. Дегенмен бұл соншалықты маңызды мәселе емес. Одан оқушылардың білімі кеміп қалмайды. Бірақ жалпы жағдайдың өзгерісіне қарап оқулықтарды да жаңартып отырған абзал. Оқу бағдарламасын жаңарту – күрделі шаруа. Бұл іске еліміздегі ең білікті педагогтердің кемі 20 пайызы атсалысуы керек. Бірінші кезекте солардың көзқарасы, ұсыныстары ескеріледі. Жаңартылған оқу бағдарламасына мектептер 2015-2016 жылдан көше бастады. Бағдарламаны өзгерту Конституцияны ауыстырумен бірдей. 2022 жылы Астанада осы мәселе төңірегінде үлкен жиынға қатысқанмын. Одан кейін талқылауларға білікті сарапшылар, әдіскерлер, тиісті академия мамандары қосылды. Алайда бұл жұмыс қыруар еңбек пен күшті талап ететін болғандықтан, бағдарламаны өзгерту мәселесі кейінге қалып қойды. Егер жаңа бағдарлама қабылданса, соның негізінде сапалы оқулық басып шығаруға дайынбыз. Сегіз жылдан бері талай нәрсе өзгерді, соған сай оқу бағдарламасын жаңалаудың мезгілі жетті.
– Оқулықты әзірлеу барысында неге көбірек сүйенесіздер, отандық ғалымдардың зерттеулеріне ме әлде халықаралық, шетелдік авторлардың еңбектеріне ме?
– Қазақстан әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегі болғандықтан, екі жақтың да таразы басын тең ұстауға тырысамыз. Отандық мықты ғалымдарымыз да жеткілікті. Шетелдің үздік тәжірибелерін алуға да тура келеді. Мәселен, менің аты-жөнім жазылған оқулықтарда еліміздегі атақты биофизик М.Гелманов, бүкіл дүние жүзіне танымал орнитолог А.Ковшарь, ауыл шаруашылығы ғылымдарының академигі М.Асанов сынды ғалымдармен бірге тұрмын. Бұл оқулықтар негізінен сол ғалымдардың ғылыми зерттеулері бойынша жазылған. Дегенмен биология пәні оқулығына қазіргі қоғамның өзекті мәселелері де кірістірілген. Мәселен, «аборт дегеніміз не», «әртүрлі контрацепциялардың тиімділігі» секілді тақырыптар да кездеседі. Көпшілігі мені сол үшін жазғырады. Бірақ менің бұл жерде еш кінәм жоқ деп айтқым келеді. Әңгіменің бәрі – оқу бағдарламасында. Бағдарламада не талап етіледі, біз соны жазамыз. Одан бір қадам да артық кете алмаймыз. Себебі оқулық жазылып болған соң, бір жыл бойы мемлекеттік сараптаудан өтеді. Егер сараптамада қате табылса, түзетуге қайта жіберіледі. Біз – жай ғана орындаушымыз, не тапсырыс берсе, соны жазып береміз. «Жүктілікке қарсы препараттардың тиімділігі» деген тақырыпты жазуға келгенде төрт күн ойланғам. Сондағысы бар-жоғы 1,5 ғана бет. Бірақ балалар оқығанда үстіне су құйып жібергендей әсерде болмасын деп барынша жұмсартуға, алыстан орағытуға тырыстым. Жоғары жақтың талабы сол. Жеке өзіме салса, мұндай тақырыптарды оқулыққа мүлде кірістірмес едім. Егер жеке тақырыптарды қозғау керек болса, дәрігер-мамандар ұлдарға бөлек, қыздарға бөлек мектепке келіп дәріс оқысын. Жалпы менің түсінігім осындай.
– Біздің оқушылар биологиядан қалай? Сосын сізде сабақ барысында қолданатын жеке әдістемеңіз бар ма?
– Балалардың бәрі биологиядан күшті дей алмаймын. Бұл жерде оқушының ерекшеліктерін ескеру керек. Әр бала табиғатынан әртүрлі. Біреу алғыр талапты болады. Екіншісі жалқау, оқығысы келмейді. Сондай білімді баланы тауып талантын аша білсең, сол ертең сенің үмітіңді ақтап, республикалық, халықаралық дәрежедегі жарыстарда бәйгеден оза шауып келеді. Ал сабақ беру тәсіліне келсем, менде кереметтей бір әдістеме жоқ. Бірақ балаларды оқытуда Марал Жанпейісова, Темір Ғалиев сынды мықты педагогтердің тәжірибесіне, әдіснамасына сүйенемін. Олар – мен үшін педагогика саласында тура жолдан тайдырмас темірқазықтарым. Дегенмен мұғалім де – бір өнердің иесі. Балаларға сабақ беру үшін де адамға кішкене талант керек секілді. Әрі қарай мықты педагог болып кету өзінің ынта-жігері мен еңбегіне байланысты. Менің бар құпиям осы болса керек. Бастысы – баланы оқытуға бар жаныңды салып, өз ісіңді жүрекпен, адал атқару. Пәнге қызықтыру үшін мұғалім кейде образға кіріп актер болып та ойнап көру керек. Біреуден мақтау есту үшін бала оқытпай-ақ қойған жақсы. Педагогтің жүрегінде «менің шәкіртім» деген сөз тұрса ондай ұстаздың орны әрқашан да биік болады. Абырой да, марапат та адал мұғалімді өзі іздеп табады.
– Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рахмет. Ісіңізге сәттілік тілеймін!
Әңгімелескен –
Әнуар ЖҰМАШБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»