Суретті түсірген – Дмитрий ЕРОФЕЕВ
Жаңа отандық өнімнің сапасы халықаралық стандарттарға толықтай сай. Полиэтилен құбырлары табиғаттың кез келген қытымыр жағдайына төтеп бере алады. Әрі жоғары-төменді температурадағы ыстық пен суыққа бірдей төзімді. Бүгінде полиэтилен құбырларын пайдаланбайтын сала кемде-кем. Жоғарыда айтқан су, газ, кәріз желілері мен телекоммуникация саласынан бөлек, оның құрылыс, мұнай-газ өндірісіне де тигізетін пайдасы көл-көсір.
«Су, газ желілеріне қажетті диаметрі 15 мм-ден 160 мм-ге дейінгі, ұзындығы тапсырыс берушінің өлшемі негізінде дайындалатын құбырлар шығарамыз. Тауарларымыздың сапасы халықаралық талапқа сай», дейді «Полиммер Piре» ЖШС құрылтайшысы Нұрдәулет Ақкөз.
«Қазір құбыр өндіретін шикізаттарды Иран, Қытай, Ресей елдерінен әкеліп отырмыз. Алдағы уақытта қажетті шикізат шығаратын зауытты өзіміз ашсақ деген де ой бар. Мақсатымыз орындалса, өнім бағасы арзандап, сұраныс артады», деді ол.
Өнім экологиялық тұрғыдан таза. Қолданылу мерзімі 50 жылдан асып түседі. Елді мекендерді сапалы сумен қамтып, толық газға көшіру ісінде полиэтилен құбырлар сұраныс пен қажеттілікті өтей алады.
«Құбыр өндіруге жоғары, орта, төмен қысымды полиэтилен қолданылады. Көбінде су мен газ желісін тартуға қолданылатын төмен қысымды полиэтилен шикізатын пайдаланамыз. Жұмыс барысы бірнеше бөлікке бөлінеді. Әр құрылғының өз қызметі бар. Бірі шикізатты сорғыш арқылы станокқа жеткізсе, екіншісі балқытады, суытады, үшіншісі құбыр шетіне түрлі түсті сызықтарды өрнектейді, әрі қарай зауыт атауын, өндірілген уақытын, басқа да қосымша ақпараттарды лазер арқылы құбыр бетіне таңбалайды», дейді зауыт жұмысшысы Вячеслав Козырев.
Жоба иелері алдағы уақытта өндіріс қуатын ұлғайтуды көздеп отыр. Мұндай жағдайда олар диаметрі 160 миллиметрлік полиэтилен құбыр шығарумен шектеліп қалмайды. Өндіріске тың, жаңаша көзқарас қажет. Осы ретте кәсіпорында өндіріс қуатын жоғарыда айтылған көлемде көтеру бағытында нақты іс-шаралар белгіленген. Соның бірі – диаметрі алдыңғы өнімнен екі есе үлкен полиэтилен құбырлар шығару. Мұның сыртында әйнек пен талшықтың қоспасынан жасалған құбыр жобасын да ойластырып отыр.
Жетісуда шағын және орта бизнесте өнім мен қызмет көрсету көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда едәуір өскен. Саланы қаржылық қолдау шеңберінде 7,4 млрд теңге бөлінген. Бұл секторда 60 мың субъекті бар, онда 108 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Бүгінде 12,2 млрд теңгеге 201 жоба мақұлданған.
Жетісу облысы