Референдум 2024 • 05 Қазан, 2024

ОРК: Үгіт-насихат жұмысы аяқталды

119 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше АЭС салу жөнін­дегі респуб­ликалық референдум өткізуге дайындық аясында Орталық референдум комиссиясының отырысы өтті.

ОРК: Үгіт-насихат жұмысы аяқталды

Отырысқа Орталық референдум комиссиясының мүшелері, бейнеконференция режімінде облыс­тардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының аумақтық референдум комиссияларының төр­ағалары мен мүшелері және осы өңірлердің әкімдері аппараттарының басшылары қатысты. Сондай-ақ мұнда Бас прокурордың, Мәдениет және ақпарат, Цифрлық даму, Инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлерінің орынбасарлары, ішкі мен сыртқы істер министрліктерінің, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) бай­қаушылар миссиясының өкілдері болды. Бұқара­лық ақпарат құралдары­ның өкілдері де осы ортадан табылды.

Отырыста 6 қазанға белг­іленген республика­лық референдумда дауыс беру күніне учаскелердің дайындығы; аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер, коммерциялық емес ұйым­дар, бұқаралық ақ­парат құралдары өкіл­дерінің қатысуы; референ­дум өткізу кезінде заңнаманың сақталуы; референдумды ұйымдастыру әрі өткізу барысында жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы мәселелер қаралды.

Сөз басында ОРК төр­ағасы Нұрлан Әбдіров отырысқа қатысушыларды плебисцит қатысушы­лары­ның дауыс беру күніне дайындығына әсер ететін бірқатар маңызды іс-шараның іске асырылуы туралы хабардар етті. Осылайша, 3 қыркүйек­тен бастап ОРК мен АКР референдумға дайындық жұмыстарын жүргізіп, ұйымдастыру шараларын қабылдады.

Біріншіден, рефе­рендум науқаны аясында 9 қыркүйектен 3 қазанға дейін дауыс беру күніне дайындықты ұйымдастыру мәселелерін зерделеу мақсатында ОРК мүшелері еліміздің барлық 20 өңірі­не барып, референдум учаскелерін, олардың мате­риалдық-техникалық жарақ­танды­ры­луын, мүгедектігі бар адам­дар үшін жағдай жасауды, азаматтарды ре­фе­­рендумға қатысуға құ­қығы бар азаматтардың тізімдерімен таныстыру жөніндегі комиссиялардың жұмысын, азаматтарды ақ­параттандыру бағы­тын­дағы жұмысты және комиссия мүшелерін жергілікті деңгейде оқытуды ұйым­дастыруды тексерді.

Екіншіден, бұл нау­қанның маңызды бөлігі – референдум комиссиясы­ның мүшелері мен басқа да плебисцит қатысушы­ларын оқыту. Оқу іс-шара­лары каскадты әдіс бо­йынша өтті. Референдум­ға дайындық аясында комиссия мүшелері үшін 3 700-ге жуық семинар ұйымдастырылды. Осы­лайша, барлық деңгейдегі комиссияның 70 мыңнан аса мүшесі оқытылды.

Жергілікті деңгей­де референ­думға қатысушы­лардың әртүрлі санаттарына осындай семинарлар ұйымдастырылғанын атап өткен жөн. Аумақтық комиссиялардың деректері бойынша 24 мың адамды қамтитын 550-ден аса семинар өтті.

Референдум ұйымдас­тырушыларын оқытудың дәстүрлі форматымен қатар Орталық референ­дум комиссиясы байқау­ға қатысуға аккредиттелген республикалық және өңірлік қоғамдық бірлес­тіктері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне, сая­си партияларға арналған онлайн-форматта семи­нар өткізді. Жалпы, азамат­тық сектордың 300-ден аса өкіл қамтылды.

Тұрақты серіктес «Шырақ» мүгедек әйел­дер қауымдастығы» қоғам­дық бірлестігімен бір­лесіп, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесінің қолдауымен 18-19 қыркүйекте рефе­рен­дум өткізу кезін­де мү­гедектігі бар адам­дардың құқықтарын қам­тама­сыз ету мәселелері жөнін­де референдум комис­сияларының мүшелері мен әлеуметтік қорғау саласындағы жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне онлайн-тренинг өтті.

Үшіншіден, қоғамдық бірлестіктерді, оның ішін­де саяси партияларды, коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Күн тәртібіндегі бірін­ші мәселені талқылау барысында облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының референдум комиссиялары төрағаларының өңірлердегі дауыс беру күніне дайындық барысы туралы есептері тыңдалды. Олар бюллетеньдерді учас­келерге жеткізу, есептен шығару куәліктерін беру, учаскелерде ақпараттық және әдістемелік мате­риал­дардың болуы, дауыс беруге арналған учаскелер­ді материалдық-техника­лық жарақтандыру және мүгедектігі бар адамдар­дың құқықтарын іске асыру үшін жағдайларды қамтамасыз ету, комиссия мүшелерін оқыту, аза­маттардың өтініштері мен шағымдарын қарау бағытында жүргізілген іс-шаралар туралы баяндады.

Мәселені талқылау барысында ОРК төрағасы заңнамаға сәйкес да­уыс беру күні шетелдегі Қазақстан азаматтары рес­публикадан тыс жерлерде құрылған дауыс беру учаскелерінде дауыс бере алатынын атап өтті. Бұл учаскелер Сыртқы істер министрлігінің сайлау округіне жатады. Таяу Шығыстағы әскери-саяси жағдайдың шиеленісуін және ел азаматтарының қауіпсіздігіне қатерді ескере отырып, Ливандағы, Ирандағы және Израиль­дегі елшіліктер жанындағы референдум учаскелерінің қызметін тоқтата тұру туралы шешім қабылданды.

Орталық референдум комиссиясының отырысына Сыртқы істер министр­лігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Надиркулова қаты­сып, шетелдік учаскелер­дің басқа елдерде дауыс беруге дайындығы тура­лы ха­бардар етті. Рефе­рендумда дауыс беру үшін бар­лы­ғы 10 323 учаске, оның ішін­­­де 59 елдегі шетелдік ме­ке­­ме­лер жанынан ашыл­ған 74 учас­ке жұмыс істейді.

Екі онлайн-сервистің дауыс беру күніндегі жұмысы туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин баяндады. Ол азаматтарды тіркеу орны туралы мәліметтерді тексеру жөніндегі сервис референдумның 4 622 учаскесінде, ал Қазақстанда тіркелмеген азаматтарды тіркеу жөніндегі сервис 196 учаскеде қолжетімді болатынын хабарлады.

Күн тәртібіндегі екін­ші мәселе бойынша ОРК мүшесі Анастасия Щегор­цова баяндама жасады. Ол референдум ко­мис­сияларының мүшелері мен дауыс беруге құқығы бар адамдардан басқа, референдум учаскесін­де қатысушылардың тағы төрт санаты болуы мүмкін екенін түсіндірді. Олар – аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың және саяси партиялардың байқау­шылары; шет мемлекеттер мен халықаралық ұйым­дардың аккредиттелген байқаушылары; шетелдік БАҚ өкілдері; отандық БАҚ өкілдері. А.Щегорцова дауыс беру күні учаскелерде аталған санаттағы адамдардың болуының заңнамалық аспектілеріне, оларға қажет құжаттарға және басқа да рәсімдік мәселелерге егжей-тег­жей тоқталды.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселеге көшкен Нұрлан Әбдіров 4 қазан рефе­рендум алдындағы үгіт­тің соңғы күні екенін атап өтті. 5 қазан, сағат 00.00-ден бастап – тыныштық күні. Тыныштық күні және рефе­рендум күні үгітке байланысты кез келген әрекетке тыйым салынады. Бұл үшін заңнамада құқықтық жауапкершілік қарастырылған.

Сонымен қатар да­уыс беру күні бұқаралық ақпарат құралдарында және онлайн-платформаларда қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, референдумға байланысты өзге де зерттеулерді, дауыс беру нәтижелерінің болжамдарын жариялауға жол берілмейді. Дауыс беру күні дауыс беруге арналған үй-жайда қоғамдық пікірге сауал салуға да тыйым салынады.

Республикалық референдум алдында үгіт жүргізу кезінде заңна­маның сақталуы туралы Мәдениет және ақпа­рат вице-министрі Қанат Ысқақов пен Бас проку­рор­дың орынбасары Жандос Өмірәлиев баяндама жасады.

Күн тәртібінің төртін­ші мәселесі бойынша рес­публикалық референ­думды дайындау мен өткізу кезеңінде Орталық референдум комиссиясына келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау барысы туралы ОРК мүшесі Асылбек Смағұлов хабарлады. Ол референдум өткізу­ге дайындық кезеңін­де ОРК-на 66 өтініш, оның ішінде заңды тұлғалардан – 27, жеке тұлғалардан – 31, бұқаралық ақпарат құралдарынан 8 өтініш түскенін атап өтті. 43 өтініш бойынша тиісті жауаптар берілді.

Аумақтық референдум комиссияларының қарауына барлығы 32 өті­ніш келіп түсті, оның 16-сы – заңды тұлғалардан, 15-і – жеке тұлғалардан, біреуі – бұқаралық ақпарат құралдарынан. Келіп түс­кен өтініштер бойынша 21-іне тиісті түсініктеме­лер берілді. Референдумды әзірлеу мен өткізуге қатыс­ты талап-арыздар сот органдарына түскен жоқ.

Отырыс аяқталғанға дейін барлық деңгейдегі аумақтық референдум комиссиясына үндеу жа­саған ОРК басшысы 6 қазан­да дауыс беру күнін ұйым­дастырудың жоғары деңгейін, жалпыхалықтық дауыс беруді өткізу рәсім­дерінің барынша ашық­тығы мен айқындығын қам­тамасыз етудің маңы­зы мен қажеттілігін атап өтті. Референдум ұйым­дастырушылары мен қа­тысушыларына қойы­латын негізгі талап – заң­наманы қатаң сақтау.

Сондай-ақ Н.Әбдіров дауыс беру күні Орталық референдум комиссиясы ел бойынша дауыс беру барысы туралы бұқаралық ақпарат құралдары үшін әр 2 сағат сайын тікелей эфирде брифингтер өткізетінін атап өтті.

Отырыстан кейін ОРК мүшелері және отырыстың басқа қатысушылары БАҚ үшін дәстүрлі брифингке қатысып, журналистерге барлық мәселе бойынша түсініктемелер берді.