Мәдениет және ақпарат министрлігі, Narxoz университеті, Қазақстандағы БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілдігі бірлесе ұйымдастырған семинарда дағдарысқа қарсы коммуникациялық стратегиялар әзірлеу, жалған ақпаратпен күрес, салалық журналистиканы дамыту, баспасөз хатшыларының кәсіби біліктілігін жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды. Еркін пікір алмасу форматында өрбіген іс-шараға журналистер мен пиар мамандары, баспасөз қызметінің өкілдері қатысты.
Семинар жұмысын ашқан Мәдениет және ақпарат министрлігінің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов кейінгі жылдары қоғаммен және медианарықтың кәсіби қатысушыларымен диалог орнатуда ауқымды жұмыс атқарылып жатқанына тоқталды.
«Мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара іс-қимыл мәселелерінде баспасөз хатшылары мен баспасөз қызметінің өкілдері маңызды рөл атқарады. Журналистермен сындарлы қарым-қатынас орнату, мемлекеттік мекемелер қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, тиімді дағдарыстық коммуникациялар – осының барлығы қоғамдық сенімді нығайтуға және мемлекеттік жүйенің тұрақты жұмыс істеуіне ықпал етеді. 2017 жылдан бастап заңнамалық деңгейде мемлекеттік органның бірінші басшысына тікелей бағынатын БАҚ-пен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлға мәртебесі айқындалды. Бұл журналистерге ақпарат берудің сапасы мен жеделдігіне әсер етті. Қарқынды дамып келе жатқан медиа орта, ақпараттық кеңістіктегі жаңа сын-қатерлер жағдайында мемлекеттік мекемелер мен БАҚ коммуникацияларын жетілдіруге тиіспіз», деді Қ.Ахетов.
Семинар қатысушыларына тиімді тәжірибе алмасу алаңын ұсынған Narxoz университетінің ғалымдары дағдарыс жағдайларында ақпараттық ашықтықты қолдау әрбір дамыған ел үшін маңызды міндет деп есептейді. Университет президенті Қанат Қожахметов ақпараттық ағын қарқынды дамып жатқан қазіргі әлемде тұрақсыздық пен белгісіздік біздің күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғанын, осындай кезде дағдарыстар тек сынақ қана емес, сонымен қатар даму, сенімді нығайту және ашықтықты арттыру мүмкіндігіне айналатынын атап өтті.
Семинарда сөз алған БҰҰ Жаһандық коммуникация департаментінің өкілі Властимил Самек технология тілін жетік меңгеру журналистің басты қаруы екенін, алайда түрлі ақылды құралдар адамның шынайы сезімі мен ойын, шығармашылық қабілетін алмастыра алмайтынын, ақпараттың дәйектілігіне баса мән беру тілшінің кәсіби қарымының басты жемісі екенін атады.
«Бұл ғасыр – коммуникацияның шырқау биікке шыққан кезеңі. Ақпарат мемлекет өмірінде үлкен рөл атқарады. Бұл үлкен құрал, тіпті қару деп те айтуға болады. Ақпараттың шынайылығына мән беру – жауапты іс. Біз таратқан ақпарат кейіпкердің алдағы болашағына әсер ететінін ұмытпауымыз керек. Қытайда жарық көрген «Соғыс өнері» кітабы әлемге жаңаша көзқарас әкелді. Сол секілді «Ақпарат өнері» деп аталатын кітап жазудың уақыты келген секілді. Ақиқат пен жалған мидай араласқан дәуірде этикалық барометр, дезинформациямен күрес аса маңызды», дейді В.Самек.
Семинар барысында бизнес-журналистика, іскерлік коммуникациялар мен медиа саласының сарапшылары антикризистік басқару бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті. Narxoz университетінің профессоры Гүлмира Сұлтанбаева «Жоғары білім саласындағы дағдарыс коммуникациясы: баспасөз қызметі және БАҚ» тақырыбында дәріс оқыды.
«Кризистік дағдарыс кезінде академиялық еркіндігімізді қалай қорғаймыз? Өкінішке қарай, біз бұл саты бойынша әлемде 110-орында тұрмыз. Студент пен оқытушы арасындағы білім үдерісінде, зерттеу барысында ешқандай кедергі, бюрократия болмауы керек. Университеттерде көрсетілетін саяси қысым, оқу жоспары мен зерттеулерге жасалатын тосқауыл, қаржылық қиындық – бәрі-бәрі академиялық еркіндікті шектейді. Бізде бұл мәселеге жаңаша көзқарас қажет. Академиялық орта мен студенттер саяси науқандарға тәуелді болмауға тиіс. Олардың мақсаты – білім алу, ғылыммен, шығармашылықпен айналысу. Ақпарат кеңістігінде де адалдық пен кәсібилік басты рөл атқарады. Журналистика факультеттеріндегі оқыту барысында мемлекеттік БАҚ құралдарының контентін қалай талдасақ, оппозициялық басылымдардың да жарияланымдарын тең дәрежеде талдауымыз керек. Тәуелсіз БАҚ материалдарын зерттеу болашақ маманның сыни ойлау дағдысын қалыптастырады. Сонда ғана сынға төтеп беретін жан-жақты сауатты маман қалыптастырамыз», дейді Г.Сұлтанбаева.
Семинарда Қазақстан PR кәсіби клубының мүшесі, «TikTok Kazakhstan», «Ozon Kazakhstan» жобаларының жетекшісі Лаура Барысова, Ұлттық коммуникациялар бойынша ОБСЕ кеңесшісі Айбар Олжай, «Nomad Comms» агенттігінің жетекшісі Зарина Буенбаева өз тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шара Салалық журналистиканы дамытудың 2024 жылға арналған жол картасы аясында ұйымдастырылған.
АЛМАТЫ