Суреттерді түсірген – автор
Салбурын сайын аспан серісін қолға қондырған бабалардың көрегендігіне таңғалып, бас шайқай береміз. Саптама етік, қасқыр ішік, күміс белдік тағып, сән-салтанатпен алшаң басып келе жатқан құсбегілерге қарап, көз тояды. Бұл бекзат өнерге шетелдіктердің де таң-тамаша болып жүргенін көрдік. Айтқандай, құстарын алып, сонау Мажарстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия мемлекеттерінен де спортшылар қатысты. Иә, бұл да – ұлттық спорттың бір түрі. Кешегі көшпелілер ойындарының жалғасы іспетті.
Бүркіттөбенің бергі бетіне облыстың әр ауданы, ірі мекемелері қаз-қатар киіз үйлерін тігіп, ішін аудандағы маңдайалды шеберлердің қолынан шыққан бұйымдармен толтырды. Қазан көтеріп, ақ дастарқандарын жайды. Кіреберісінде күй күмбірлетіп, ән әуелетті. Алаңның қақ ортасына алты қанат ақ ордадай үлкен киіз үй және қойылды. 500 орындық киіз үй ішінде өнерпаздар ән салып, әнсүйер қауым тамсанып жатты. Сонау Алматыдан Нұрлан Абдуллин, Қуандық Рахым сынды эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.
Алаңның төр жағында садақты сәнге тартып жүрген сұр мергендер де бақ сынасты. Саяхатшылардың бірі атпен серуендесе, енді бірі квадроцикл мініп, бел-белесті айналып келіп жатты. Салбурында ит жүгіртіп, аң аулап жүрген саятшылар да тазыларының бауырын бір жазып, жарысқа қосты. Іріктелген бүркітшілер шешуші сайыста қырандарын түлкіге салды. Тартысты додаға 80 бүркіт, 30 сұңқар қатысқан.
«Үлкен іс-шара болғандықтан, бәрін дұрыс ойластыруға тырыстық. Жиырма шақты киіз үй құрылды. Бүркітшілер байқауына белгілі кәсіпкер Мұхтар Тойбазаров өзіндік қолдауын көрсетіп отыр. Басқа да демеуші болған кәсіпкерлер бар. Оларға алғыс білдіреміз», деді ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев.
Күн жаңбырлы болғанымен, жиналған жұрт ортадағы 500 орындық киіз үйді қалқалады. Концерттің соңы айтысқа ұласып, ақындар сахнаға көтерілген. Бұл уақытта атбегілер асау үйретуден сынға түсіп жатты. Жылқы десе делебесі қозатын көрермен жауған жаңбырға да қараған жоқ. Қиқу қосып, тақым қысып тұрды.
Биылғы турнирдің тағы бір ерекшелігі – халық құстың ұшуын ғана қызықтаған жоқ, Бүркіттөбедегі атмосфераның өзі мерекелік көңіл күй сыйлап тұрған. Алайда бүркітшілер үшін жердің географиялық орны бірқатар қиындық туғызған көрінеді.
«Қазір технологияның дамыған ғасыры ғой. Ұйымдастырушылар алдын ала күн райын болжаса дұрыс еді. Бұрын ауа райын қарияларымыз айдың толғаны, үйірілгені, айдың тоғысуы деп болжап отыра-тұғын. Өткізілген орны да қолайсыздау. Былтыр жел көтеріп, бүркітті тоқтатпай қойған. Бұл жердің төрт құбыласынан да жел соғып тұрады. Неше жылдан бері соны байқадық. Сондықтан алдағы жылдары дәстүрлі турниріміздің ұйымдастырылуын қайта бір пысықтау керек», дейді белгілі бүркітші Тәттімбет Кәпұлы.
Халықаралық деңгейде екінші жыл өтіп отырған фестивальдың жыл сайын салмағы артып, көрермен қарасы көбейіп келе жатқанын көз көріп отыр. Дәстүрлі турнирді жыл сайын облыс әкімдігі мен Құсбегілік федерациясы да жаңғырта беруге ниетті.
«Өздеріңіз білесіздер, Президентіміз көшпелілер ойыны – көшпелілердің олимпиадасы деді. Құсбегілер сайысы жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатыр. Шығыс салбурыны – Көшпелілер ойындарынан кейінгі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шара. Күн райының қолайсыздығына қарамастан, бес мыңға жуық көрермен жиналды. Шетелден келген қонақтар өнерімізге, руханиятымызға тәнті болып жатыр. Құсбегілер атынан Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне ризашылығымызды білдіреміз», деді Мемлекет басшысының кеңесшісі, Құсбегілік федерациясының президенті Берік Уәли.
Сөйтіп, ұлтты ұйыстыратын рухани шара соңында жүлдегерлер марапатталып, ұйымдастырушылар алғыс арқалады. Облыс әкімі Ермек Көшербаев алыс-жақыннан келген қонақтарға жылы лебізін білдіріп, іс-шараның ұйымдастырылуына үлкен үлесін қосқан кәсіпкер Мұхтар Тойбазаровқа алғысхат табыстады. Ал Берік Уәли шығыс жұртшылығы атынан бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызына екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстап қуантты. Мұндай сыйлықты күтпеген құсбегі қыздың көзінен қуаныштың жасы ыршығаны да рас еді.
«Мен үшін үлкен тосынсый болды. Халыққа алғысымды білдіремін. Еліміздің абыройын биікке көтеру жолында талмай еңбектенуге әзірмін», деді Айшолпан Нұрғайыпқызы.
Қуанышты сәттен соң жүргізуші сахна төріне кезек-кезегімен жүлдегерлерді шақырды. Сонымен, «Шығыс салбурыны – 2024» халықаралық турнирінің Бүркіт құсы бойынша жүлделі үшінші орын Ақмола облысынан келген Ерлан Кенжетаев пен Алматы облысынан келген Олжас Бердімұратқа берілді. Екінші орынды Астанадан ат арытып келген Серікбек Күнтуғанның бүркітіне бұйырды. Ал бірінші орынды жетісулық Сәлімхан Ерғазыұлы қанжығаға басты.
Қаршыға құсы бойынша бірінші орын Ерасыл Серікбекұлы (Астана қаласы), екінші орын Ермұхан Бәйетбай (Алматы облысы), үшінші орын Бабажан Берікболсын (Жамбыл облысы), Жаңбырбек Бердиярға (Жамбыл облысы) берілді.
Ителгі құсы бойынша бірінші, екінші орындарды Таңат Оспанқұлов (Қарағанды облысы) алса, үшінші орын қарағандылық Темірлі Төлегенұлы мен Павлодар облысының құсбегісі Ермек Иманзайыптың бүркіті алды.
Сайыс соңында арқа-жарқа жұрт бір-біріне құтты болсын айтысып, естелік суреттерге түсті. Көшпелілер ойындарының жалғасына ұласқан турнир келер жылы да жалғасын таппақ.
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы,
Бозанбай ауылы