Жәдігер • 17 Қазан, 2024

Берннен жеткен жәдігерлер

126 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақ тарихына қатысты құнды-құнды жәдігерлердің көшірмесі көзінен тізіліп, том-том еңбек елге таныстырылды. Бұл игіліктерді Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мамандары шетел архивтерінен жеткізген. Мамандар бұларды «Орталық Азияның тарихи-мәдени мұрасы шетелдің архив қорлары жинақтарында» ғылыми ­жобасы шеңберінде жүзеге асырған. Институт ғалымдары Мемлекеттік орталық музеймен бірлесіп өткізген «Шетелдің архивтік қорларындағы Еуразия тарихы» көрмесіне қазақ мемлекеттілігінің тарихына қатысты құнды мәліметтер шығарылды.

Берннен жеткен жәдігерлер

Мемлекеттік орталық музейі дирек­торы­ның ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ғалия Теміртонның айтуынша, музей мамандарының ғылы­ми қауым­дастық, сондай-ақ шетел ға­лым­да­ры­мен байланысы тың тақы­рыптарға жол ашып келеді. Ғылыми дерек­тер мен фотоқұжаттардың арнайы ба­сы­лым­дар­да ғана емес, заманауи көр­мелерде көрініс табуы өскелең ұрпақтың жадында жаңғырып отыруына септігін тигізеді.

Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы тарихи мате­риал­дарды зерттеуінде республика­лық ақпараттық орталықтың директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі Меруерт Әбусейітова бұл инс­титут ғалымдарының ұзақ жылғы жұмысы екенін атап өтті. Бүгінде Ресей, Қытай, Еуропа елдері музейлері мен архивтерін зерттеген ғалымдар қазақ тарихының түрлі кезең­іне қатысты құнды деректердің кө­шірмесін елге әкелді. Институт директорының ғылым жөніндегі орынбасары Дүйсен Мұстахимнің айтуынша, кейінгі он жылда ғалымдар жүргізген зерттеулер нәтижесі Орталық Азияның жаңа қырын айшықтайтын құнды мәліметтермен толығып келеді.

Бельгиядағы Лувен католик универси­теті докторы, профессор Анн-Мари Ви­лемено аталған жобаның жастарға танымдық, тәрбиелік мәні зор дейді  әрі әлем­мен мәдени байланыстарды нығай­ту жолындағы маңызды қадам саналады.

ро

Көрме барысында «Ұлы дала тарихы мен мәдениеті бойынша карталар (ерте заман, орта ғасырлар, жаңа заман)­ каталогінің» тұсаукесері өтті.  Ка­талогке Еуразиядағы геосаясат, мәдени трансформация және халықтар бай­­ланысындағы өзге­ріс­терді көрсететін карталар енген. Ка­та­лог ұлы дала тарихы және мә­де­ниетімен айналысатын ғалымдар, та­­рихшылар үшін құнды дереккөз бо­ла­тыны анық.

Көрмеде Швей­­ца­­рия­­ның Берн музе­йін­де сақ­та­­­­лып келген 1868-1889 жыл­­­дары Ор­талық Азия елдеріне төрт мәрте саяхаттаған дип­­ломат әрі саяхатшы Анри Мозердің қорынан алын­ған ХІХ ғасырға тие­сілі көмкермелі тұскілем, әшекейлер, әскери құрал-саймандар ерекше назар аудартады.

Ұзындығы 15 метр бо­латын көмкермелі бар­қыт тұскілем зерлі жіп­пен, құ­рақ, оюлармен әдіптел­ген. Қолөнер туындысы ғана емес, тұскілемнің сая­си мәнін айшық­тап тұр­­­ғандай. Профессор Меруерт Қуатқызының си­пат­тауынша, тұскілем барқыт бетіне жібектен алтын мен күмісті кесте төгіп, әртүрлі құрақ ою салып тіккен қазақ әйелдерінің ісмер­лігін көрсетеді. «Тұскілем сол кезде­гі қоғамының саяси иерархиясын бей­нелейді әрі хан ордасындағы жиындарды өткізу кезінде қолданылған. Сол кезеңдегі қазақ қоғамының, Қазақ хандығының әкімшілік құрылысын бейнелейтін құжат іспетті деп айтуға негіз бар. Қақ ортасында билеуші орны, яғни хан тағы алтын, күміс жіппен әдіптелген болса, айналасындағылардың орны әртүрлі медальонмен бейнеленген.  Киіз үй пішіні мемлекеттің қуаттылығын көрсетеді» дейді профессор.

пр

Ұзындығы 13 метр атласпен апталған жібек құрақты, көмкермелі тұскілем соғыс кезінде қолбасшылар және батырлармен кездесу өткізген кезде орданы жабдықтауға арналған. Кілемнің ортасында ханның тағы іспеттес, не болмаса сұлтанға арналған орын белгіленген. Тұскілемді әскерилер жиыны өтетін киіз үй деуге келеді. Өз өрнегімен ерек­шеленетін тұскілемде бейнеленген арқа­лықтың ішкі бедері бұтағын жайған ағаш­қа ұқсас келеді. Ол көне тарихқа тамыры терең бойлаған мемлекеттің өр­кендеп, гүлдене беретіндігін көрсетеді. Кілемнің жоғары жағында көшпелілер тарихымен үндесетін от, күн мен ай түрінде бейнеленген сары түсті жібекпен әдіптелген құрақтар көз тартады. Орта бөлігінде сақшының жітілігін, мемлекет іргесінің күші мен беріктігін және билік рәмізі болып табылатын хан найзасы немесе сұңқардың басын бейнелейтін ою-өрнек сары түсті жібекпен көмкерілген.

Профессор Меруерт Әбусейітованың айтуынша, Анри Морзенің қазақ ақ­сүйек­­терінің  фотосуреттерімен толық­қан «Түркістан» альбомы қызығу­шы­лық­ туғызады. Суреттерде өзі жүз­де­сіп,­ қонақта болған дала билеуші­лері көр­сетілген.  «Осы кезде дала әрқай­сы­­сының өз сұлтаны бар үш аймақ­қа бөлінген. Бермұхаммед сұлтан – сол­түс­тікте, Жантөрин сұлтан – Еділ мен Жайық арасын, Сүлеймен Тәукин сұлтан Орын­бор даласын биледі деп жазады» А.Морзе.

Көрмеде  күні кешеге дейін зерт­теушілер үшін жабық болып келген Қытайдың бірінші тарихи музейінен табылған қазақ хандарының генеалогия­сы, дипломатиялық жазбалары, оның ішінде Абылай хан, Болат хан, Уәли сұлтанның жазбалары ғалымдар үшін тың тақырыптарға тұнып тұр. Күні бүгінге дейін осы музейден институт ғалымдары 70 мыңнан астам құжаттың көшірмесін елге әкелген.

Көрмеге ішкі Моңғолияның тарихи музейінде сақталған б.з.д. III ға­сыр­дағы ғұн тәңір­құ­тының алтын­ тәжі, Фран­ция­ның Лувр музейін­дегі Қ.Ясауи ке­се­несіне арнап жа­салған Әмір Те­мір­дің есімі бар май­шам­ның фото­су­реті, Иран «Мен­джлис» кітап­ха­на­сындағы Ис­­маил хан, Шай­ба­ни, Қасым хан­ға қатыс­ты тарихи­ де­рек­тер жазылған кі­тап­тар­дың, басқа да қол­жаз­ба деректердің фото­сурет­тері мен көшірмелері қойыл­ды. Ұлыбритания, Швей­цария, Италия, Дания, Швеция және Мажар­стандағы қор­лар­дан алын­ған архивтік құ­жат­тар және миниатюралар, картиналар, фотосурет­тер мен бұйымдар топ­тас­тырылған визуалды артефактілер мен экспонаттар қазақтардың Еура­зияның басқа да халық­тарымен тарихи дип­ло­ма­­­тиялық байла­ныста­­рын айғақтайды.

 

АЛМАТЫ