Мәселе • 17 Қазан, 2024

Алтыннан арылу табыс па, тәуекел ме?

176 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алтын-валюта резервіндегі алтын үлесі 3%-ға төмендеді. Бұл жағдайда әр мемлекет әртүрлі ұстаным ұстанады. Көбі геосаяси ахуал ушыққан кезеңде жаппай алтын сатып алып жатады. Ал Ұлттық банк биыл мамыр-шілде аралығында 21,6 тонна алтын сатқан. Бұл қаншалықты дұрыс?

Алтыннан арылу табыс па, тәуекел ме?

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Елдің жалпы халық­ара­лық резервінің көлемі биыл тамызда 42,7 млрд долларға жетті. Бұл был­тырғыдан 27,2%-ға артық. Ақша жүйесімен есептейтін бол­сақ, резервтердің жартысынан көбі алтынмен сақталған. Ол 23,5 млрд долларға пара-пар. Өткен жылдың тамыз айымен салыстырғанда 20,9%-ға көп. Еркін айырбасталатын валюталық активтер бір жылда 35,8%-ға өсіп, 19,3 млрд долларға жетті. Бұл ретте жалпы халықаралық резервтегі алтын үлесі бір жылда 57,7%-дан 54,9%-ға дейін төмендеп отыр.

«Ranking» зерттеуіне сүйенсек, елең-алаң кезеңде алтынды сатып жіберу жақсылықтың нышаны емес.

– 2024 жылдың жеті айының қорытындысында еліміздің алтын-валюта қоры бар болғаны 692,3 килоға өсті. Оның үстіне, ал­ғашқы төрт айда 22,3 тонна алтын сатып алынса, мамырдан шілдеге дейінгі аралықта Ұлттық банк, кері­сінше 21,6 тонна бұл асыл металды сатқан, – деп жазылған зерттеуде.

Ұлттық банктің мәлімдеуінше, өткен жылы 120 тонна алтын са­тыл­ды. Сондай-ақ еліміздегі ал­тын өндірушілерден 65,5 тон­на ал­тын сатып алынды. Нәтиже­сін­де, былтыр жыл аяғына қарай ре­зервтегі алтын үлесі 58,4%-дан 54,2%-ға дейін азайды. Со­ны­мен қатар бас банк биыл резерв­тердің өтімділігін одан әрі әртараптандырып, сақтап қалу мақ­сатында, сондай-ақ бағалы метал­дың бағасы жоғары екенін ескеріп, сыртқы нарықтарға алтын сатуды жалғастыра береміз деп отыр. Тағы қанша алтын сататыны нарықтағы жағдайға, оның әрі қарай қалай қалыптасатынына байланысты.

– Жыл басынан бері алтын-ва­люта резерві (АВР) 1,9 млрд долларға өсіп, I тоқсанның соңын­дағы мәлімет бойынша 37,8 млрд долларға жетті. Әлбетте АВР-дың өсуіне әсер еткен негізгі фактор – алтын нарығындағы «жарыс». Қарастырылып отырған кезеңде бағалы металдың құны 7%-ға өсіп, бір трой унциясы 2 062,4-тен 2 207 долларға жетті. Алтын құны осы тоқсанда тек бір рет 2 000 долларға түсіп, 1990,8 долларға дейін төмендеді. Алтын нарығындағы құбылмалылық АҚШ ФРЖ-нің мөлшерлемесіне қатысты инвесторлар болжамы­ның өзгеруіне, нарық болжамда­рына сәйкес келмейтін АҚШ-тың макроэкономикалық статис­тикалық деректеріне, сондай-ақ әлемдегі геосаяси жағдайдың өршуіне байланысты. Осылайша, нарық бұлыңғырланып, геосая­си ахуал шиеленіскен шақта алтын қорғаныс активі болып қала берді. Одан бөлек, алтын-валюта активтері құрылымында алтынның үлесі біршама екенін ескере отырып, АВР кірістілігін арттыру мақсатында шотқа алын­баған алтын портфелін бел­сен­ді басқару туралы шешім қабыл­данды. Осыған байланысты АВР-ды басқару туралы инвес­тициялық стратегияға өзгеріс енгізілді, – дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.

2011-2021 жылдар аралығында еліміз алтынды белсенді түрде сатып алып отырған. Жылына 2,4 тоннадан 50,6 тоннаға дейін көлемде алтын толығып тұр­ған. Бұл кезеңде әлем елдері қорла­рына 335,1 тонна алтын енгізген. Салыстырмалы түрде қарасақ, біздің көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Тек Қытай, Ресей, Түркия ғана бізден сәл белсендірек. 2022 жылдан бастап үлгілі үрдісімізден жаңыла бастаппыз. 2022 жылы – 50,7 тонна, 2023 жылы 57,4 тонна бағалы металл сатыппыз.

– Алтынның белсенді сатылуы жоғары баға кезеңіне сәйкес келді. Реттеуші тұрақсыздық басталған кейінгі екі жыл ішінде мұндай активті сатқаны жөн бе өзі, бұл – үлкен сұрақ. Мәселен, 2022 жылы орташа есеппен алтынның бір трой унциясы 1,8 мың доллар болды. 2023 жылдың сәуірде алтынның бір трой унциясының бағасы 2 мың долларға жетті. Желтоқсанда рекорд жаңарып, 2 мыңнан доллардан сәл асты. Биыл алтынның бағасы ай сайын дерлік рекордтарды жаңартып, қыркүйекте 2,6 мың долларды құрады. Қазан айының басын­да да алтын бағасының көтерілуі жалғасты. Яғни бір троя унциясы 2,7 мың долларға бағаланды. Бұған таңғалудың қажеті жоқ, өйткені геосаяси тұрақсыздық жағдайында алтын жалғыз қорғаныш актив көзі болып отыр. Дәл осындай сәтте еліміз, керісінше бағалы металды сыртқа шығарып жатыр, – делінген зерттеуде.

Халықаралық валюта қоры­ның қаржылық статистикасына сүйенсек, еліміз алтын қоры жөнінен 18-орында тұр (294,9 тонна). Әлемдік алтын қоры 30,1 мың тоннаға жетеді. Ең үлкен көлемі АҚШ-қа тиесілі: 8,1 мың тонна, оның жартысы әйгілі Форт Нокс депозитарийінде сақталған. Екінші, үшінші орындарда тиісінше 3,4 мың және 2,5 мың тонна алтын көлемімен Германия мен Италия тұр. Франция (2,4 мың тонна), Ресей (2,3 мың тонна), Қытай (2,3 мың тонна), Швей­царияда (1 мың тонна) да айтар­лықтай қор бар.

– Алтын сатудың жай-жапса­рына үңіліп көрейік. 2023 жылы Өзбекстан алтын сатуда екінші орында болып, 25 тонна сатты. Біз екі есе көп саттық. Осылайша, біз алтынның бір бөлігін сату, долларға айналдыру мен сол дол­ларларды шетелдік бағалы қағаз­дарға салу жақсы деген тұжы­рымдаманы қабылдадық. Актив­терді басқару тұрғысынан бұл жа­ман идея емес: алтын қымбат­тайды, арзандайды, ал біздің долларлық бағалы қағаздарға салған инвестициямыз пайыздар әкеледі. Тіпті 2023 жылы 50 тонна алтын сатылғаннан кейін де біз Орталық Азиядағы ең үлкен алтын қоры болып отырмыз, – дейді қаржыгер Расул Рысмамбетов.

«Мonetarity» телеграм-арна­сының авторы Владислав Тур­кин­нің айтуынша, резервтік порт­­фельді басқару шеңберінде алтын­ның үлесін азайту, қолма-қол валютаны өсіру – дұрыс идея емес. 

– Біздің бір қызық ерекшелі­гіміз бар. Отандық алтын өндіру­ші­лерден алтын сатып алудың басым құқығы бас банкке тиесілі. Әрине, алтын өз елінде болғаны жақсы. Бірақ реттеуші ал­тынды теңгеге сатып алады. Баға нарықтардағы долларлық бағаға сәйкес келсе де, Ұлттық банк тек теңгемен төлейді. Олар теңгені немесе эмиссияны басып шығара алатын жалғыз орган. Сонда барлық басылған теңге бірінші банктің құзыретіне еніп отыр. Акциялардағы алтынды белсен­ді сатып алу экономиканы эмиссиялық қаржыландырады дейді. Ал эмиссия – инфляцияның ең қорқынышты факторы, – дейді ол.