
Сурет: gov.kz
Сенат депутаттары, Парламентаризм институты, Ұлттық экономика, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері дөңгелек үстел басында Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында мемлекеттік қызметтің жетістігіне тоқталды.
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров тиімді мемлекеттік қызметтің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Ал Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Президент Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының негізгі міндеттері және оларды жүзеге асыру жоспарларымен таныстырды. Олар мемлекеттік қызметті адамға бағдарланған және сервистік сипатта ілгерілетуді, мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруді, адам ресустарын басқару үдерістерін цифрландыруды қамтиды.
Агенттік төрағасы мемлекеттік қызметте инновациялық HR құралдарын, сатылас мансаптық ілгерілету тетіктерін енгізу, мектеп және жоғары оқу орындары деңгейінде ерте кәсіптік бағдарлауды қолға алу, жауапты лауазымдарға ротацияны кеңейту, мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік кепілдіктерді жақсарту қарастырылатынын айтты.
– Мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа тұжырымдамасы «Ең алдымен адам» қағидасы негізінде мемлекеттік қызметті заман талабына сай жетілдіруге бағытталып отыр. Мемлекеттік қызмет әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру ғана емес, ол ең алдымен мемлекеттік қызметшінің қоғам алдында жауапкершілікті сезініп, заң мен тәртіпке бағына отырып қызмет етуі, – деді Д.Жазықбай.
Айта кетсек, былтыр агенттік мемлекеттік қызметті цифрландыруға қатысты жоспарларымен таныстырған еді. Агенттік төрағасының айтуынша, кейінгі жылдары осы бағытта жүйелі жұмыс атқарылды. Мемлекеттік қызметке кіру үдерісіндегі бюрократия қысқартылып, кадрларды іріктеудің жаңа автоматтандырылған жүйесі енгізілген. Нәтижесінде, үміткерлердің мемлекеттік қызметке қабылдаудың ашықтығы мен әділдігіне деген сенімі ұлғайып, конкурсқа қатысатын кандидаттардың саны екі есеге артқан. Мәселен, азаматтардың қайта тест тапсыру мерзімі 5 есеге – 15 күннен 3 күнтізбелік күнге азайған. Мемлекеттік қызметке орналасқысы келетін азаматтар бұған дейін облыс немесе қала орталығындағы тестілеу залдарына барып тест тапсыратын. Қазіргі жаңа іріктеу жүйесінде үміткерлер 24/7 форматта онлайн, әлемнің кез келген жерінен тест тапсыра алады. Бұған қоса конкурс қорытындысын адам факторынсыз платформа барлық іріктеу кезеңінің нәтижесін автоматты түрде өзі есептейді. Сонымен қатар жеке және квазисектор кандидаттарына жаңа біліктілік талаптары енгізіліп, олардың салалық тәжірибесі мемлекеттік қызмет тәжірибесіне теңестірілді.
– Әртүрлі саладан білікті мамандарды конкурстан тыс әкімшілік мемлекеттік қызметтің басшылық лауазымдарына бірден тағайындау институты енгізіліп отыр. Қазіргі уақытта осы тәртіппен 550-ден аса маман агенттікпен келісу арқылы тағайындалды. Былтыр қабылдаған заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, өңірлік кадрлық резервтері қалыптастырылып, оқу орнын үздік бітірген жас түлектерге қызметке конкурссыз орналасу мүмкіндігі берілген еді. Осы орайда заң күшіне енген уақыттан бері 380-нен аса түлек конкурстан тыс, аудандық, ауылдық деңгейдегі бастапқы лауазымдарға тағайындалды. Өңірлік кадрлық резервтерге 505 адам іріктеліп алынды, – деді Д.Жазықбай.
Іс-шарада депутаттарға мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруға мүмкіндік берген «eQyzmet» жүйесіндегі мемлекеттік қызметке іріктеу рәсімдерін цифрландыру, кадрлық бизнес-үдерістерді оңтайландыру жұмыстары таныстырылды.