ІІІ Астана экономикалық форумы қарсаңында
Биылғы жылдың жаһандық экономиканың қалпына келуі барысында жағымды алға жылжу жылы болғанын көптеген талдаулар көрсетіп отыр. Бірақ кейбір мемлекеттердің дағдарысқа қарсы қабылдаған бірқатар шараларының жағымсыз әсері жаһандық экономиканың дағдарыстан шығу болашағын күңгірттендіріп отыр.
Бұл қандай жағымсыз әсерлер? Соларға тоқтала кетсек. Дамыған экономикалар аймағында кейбір мемлекеттерге дефолт қаупінің төнуі, экономикалық белсенділіктің күшеюі орнына жұмыссыздықтың өсуі, жаңа “қауашақтардың” көбеюіне әкелуі мүмкін ақша жүйесінде артық ақшаны жоюдың көптігінен банктік несиелеу жүйесінің тоқырауы, жоғары қарқынмен дамушы елдердің тым көп артық міндет жүктеп алу тәуекелі, инфляциялық қысымның көтерілуі, негізгі әлемдік қор валютасының тұрақтылығына актив иелерінің күмәні, әлемде кедейшіліктің өсуі пен ашығушылардың саны артуы болып отыр.
Жағымсыз тенденцияны дұрыс түсінудің қажеттілігі елдердің макроэкономикалық саясаткерлерінің өзара түсіністікте, бірлік пен келісімде болуын талап етеді.
Соңғы кездері дағдарыстан кейінгі өрлеу орталықтары жедел түрде шығысқа қарай ойысуда. Осылайша қалыптасып үлгерген рыногы бар елдер мен дамушы елдер әлемдік экономикада өз экономикалық салмағын арттыра түсуде. Бұл көптеген елдерге жаһандық экономикалық жүйенің дағдарыстан кейінгі даму парадигмасы мен қалыптасып қалған көзқарастарын қайта қарауға тура келеді деген сөз.
Қалыптасып отырған тенденция шеңберінде елдердің “үлкен жиырмалығы” тұғырнамасында дамыған және дамушы елдердің қызығушылықтарының тепе-тең болғандығы қажет. Бұл елдердің “үлкен жиырмалығы” тобының қабылдаған шешімінің жоғары тиімділігіне және дүниежүзілік көлемде мультипликативтілік тиімділікке әкелетіндігі даусыз. Әлемдік үнқатысуға кіріскен тәуелсіз мемлекеттер жаңа туындап келе жатқан көпқырлы әлемнің тұрақтылық факторына негіз болуы мүмкін.
Үстіміздегі жылдың 1-2 шілдесі күні Астанада дәстүрлі ІІІ Астана экономикалық форумы өтеді. Бұл әлемнің жетекші ғалымдарын сұхбаттасу алаңымен қамтамасыз етеді. Олардың ішінде экономика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары мен сарапшылар, түрлі елдердің экономикалық министрліктерінің басшылары, Еуразия құрлығының ірі трансұлттық корпорацияларының менеджерлері, халықаралық саясат және қаржы институттарының өкілдері бар.
ІІІ Астана экономикалық форумы оның әрбір қатысушысының дағдарыстан кейінгі әлем бейнесін қалай көретіндігі туралы пікірлерін ортақ бір жүйеге келтіріп, әлемдік экономиканың жаһандық мәселелерінің “астаналық консенсусы” шешімін құруға мүмкіндік береді.
Бүкіл дүние жүзі елдерінің үкіметтері дағдарыс кезінде экономикалық өсу көрсеткішін тұрақтандыру мақсатымен шығындарын көбейтуге мәжбүр болды. Кейбір дамыған елдердегі бұрын орын алып көрмеген жағдай, атап айтсақ, мемлекеттік қарыздың өсуі жаһандық экономиканың қалпына келу мүмкіндігіне кедергі келтіретін үлкен қатерге айналып отыр. Ол жекелеген елдердің қарыз міндеткерлігі бойынша инфляция мен дефолтты жеделдетуі әбден мүмкін.
Дағдарыстан кейінгі әлем мемлекеттердің осыған дейін ұстанып келген қағидалар мен “барлығының ортақ жақсы тұрмыс сүруі және тұтынуы үшін” деген қалыптасқан тұжырымынан салық төлеушілердің ақшасын тең дәрежеде қолдану режіміне ауыстыруын талап етіп отыр. Салық төлеушілердің төлеген салығын тең дәрежеде қолдану дегенімізге мыналар жатады: кірістің өсуі және бюджет шығындарын реформалаудың саналы саясатын жүргізу, дағдарыстан кейінгі кезеңде мемлекеттік қарыздың деңгейін бақылауда ұстау, ҚҚС, тұтынуға байланысты салықтарды, стационарлық базалық салықтарды нығайта түсу.
Дамушы елдердегі рентабельді инвестициялық жобалардың тығыз орналасуы жағдайында капитал дамыған елдердің рыногына ауысып кетеді. Ал дамыған елдер рыногына шынайы экономикалық сектордан ауытқыған, тәуекелі жоғары және қиын қаржылық құралдар құйылады.
Капиталдың дамушы елдерден дамыған елдердің рыногына ауысуы инвестиция сенімділігінің жоғарылауына әкелмейді. Керісінше, бүкіләлемдік жүйенің тұрақсыздығын күшейте түседі, дағдарыстардың ұдайы пайда болуына, алғышарттардың туындауына септеседі. Батыс әлемінің әлемдік қаржылық қорды шығарудағы монополиясы мен белгілі бір елдің инвестициялық тартымдылығына байланысты баға беретін рейтинг агенттіктерінің монополиясы жоғарыда аталған инвестициялық үйлесімсіздіктің басты себепкері болып отыр. Әлемдік қаржылық қор жүйесіне және рейтинг агенттіктерінің жүйесіне түбегейлі реформа жүргізілмей тұрып инвестициялық үйлесімсіздік төңірегінде әңгіме қозғау мүмкін емес. Өндіріс кезеңдерінің қалыпқа келу қарқынының бәсеңдігі мен қаржылық сілкініс салдарларының сақталуы әсерінен халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі өріс алып кете алмай отыр. Дағдарысқа дейінгі жұмыспен қамтылу деңгейін қайталау, халықты сол деңгеймен қамтамасыз ету үшін көп жылдардың жүзі керек. Әлемдік экономиканың толықтай сауығуынан кейін де дамыған елдерде жоғары жұмыссыздық көрсеткіші ұзаққа созылуда.
Негізгі күшті қаржылық сектор жағдайының қалыпқа келу төңірегіне бағыттау қажет. Өйткені көп еңбекті қажет ететін салалар банктік несиелеу жүйесіне тәуекелді болады. Бұрын халықты жұмыспен қамтамасыз ету деңгейі жоғары болып сипатталған экономиканың сауығуына сол елдердің бюджеттерінде жұмыссыздарды қайтадан оқыту және олардың біліктіліктерін көтеруге кететін шығындарды жабатын қосымша салалары болуы керек. Еңбекақы икемділігін жоғарылату мақсатында оған жағдай жасау және еңбек рыногының институттық жүйесін жетілдіру қажет.
Әлемдік экономика дәл қазір технологиялық дамудың ұзын-сонар даму жүйесіндегі “инновациялық үзіліс” сатысында тоқтап тұр. Ұзақ мерзімді экономикалық өсуді қайта жандандыру үшін дамыған батыс елдеріне жаңа технологиялық алға жылжу қажет. Инновациялық үзіліс дамушы елдерге дамыған елдермен арадағы артта қалушылықты біршама қысқартуға мүмкіндік береді.
Қазіргі заманғы әлем бетпе-бет келіп отырған бірқатар мәселелердің, атап айтсақ, климат өзгерісі, азық-түлік және энергетикалық дағдарыстың шешімін іздестіру барысында адамзат капиталы мен инновация дамуы жолында жүйелі шаралар қолдану қажет. Оған ұлттық даму жоспарларындағы ғылым мен технология саласындағы инвестиция мен ынталандыру құралдарын енгізу керек, сондай-ақ бастауыш және орта білім беретін мектептерде оқитындарға математика мен ғылыми пәндердің оқытылу жүйесін нығайта түсу міндеті тұр. Ғылыми-тәжірибелік, техникалық және инженерлік білім алудың, оның ішінде нанотехнология және биотехнология секілді қазіргі заманғы салаларда сапалы білім алу мүмкіндігін кеңейту қажеттігі туындап отыр. Сондай-ақ жоғарыда атап өткен мәселенің тағы бір шешімі жеке сектор, академиялық және қаржылық мекемелер арасында байланысты кеңейтіп, ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру үшін материалдық ынталандыруды және тәжірибелік-құрастырмалық өңдеулерді кәсіпкерді көтермелеу жолымен қолға алу керек.
Азияның дамушы елдері мен өтпелі экономика кезеңінде тұрған елдер әлемдік экономиканы құлдыраудан алып шыққан негізгі локомотив болып отырғандығы жасырын емес. Қаржыны жинау мен сақтау, сондай-ақ инвестицияның жоғары нормасымен ерекшелене отырып, аталмыш елдер дағдарыс кезеңінде болашақ өсудің кепілдігін қамтамасыз етеді.
Халықаралық инвестициялар әлемдік сауданы қаржыландыратын капитал легінің соңынан жүреді. Яғни, құлдыраудан шыққан соң баланс теңсіздігінің өсу тәуекелі жаңа инвестициялар тартылатын шикізаттық секторда “қызып кету” тәуекелін туындатуы мүмкін.
Әлемдік қауымдастықтың пруденциалды нормативтерді қатайта түсу қажеттілігі жөніндегі консенсусы ешқандай күмән тудырмайды. Дамыған елдердегі несиелеудің азаюы мен жоғары қарқынмен дамушы елдердегі “қызып кету” тәуекелі капитал қозғалысында географиялық баланстың болуының қажеттілігін көрсетіп отыр. Салалық бөлімдерде шикізаттық секторда “қауашақтардың” жиналып қалуының алдын алу керек болады.
Соңғы онжылдық трансұлттық кәсіпорындардың өз бизнесін өтпелі экономика жағдайында тұрған экономика мен қалыптасушы рыноктарға орналастыруда басқыншылық саясат жүргізу кезеңі болғандығы ақиқат. Ал дағдарыс трансұлттық кәсіпорындардың шетелдерді инвестициялауды және олардың кеңеюін жалғастыру қабілетіне күмән туғызды.
Тікелей шетелдік инвестициялардың тартылу легінің қысқаруының себептеріне тоқталсақ, оның бастауында кіріс пен пайданың қысқаруы, қаржы көздеріне кіруге шектеу жатыр. Сату рыногындағы мүмкіндіктердің азаюы, ағымдағы жағдайдың одан әрі құлдырап кету тәуекелін күту де ТШИ-дің қысқаруына себеп болып отыр. Осылайша экономикалық өсу мен халықты жұмыспен қамтамасыз етуде ТШИ-ге тәуелді дамушы елдерде аз-кем қорқыныш та жоқ емес.
2008 жылғы азық-түлік дағдарысы және сол жылы бастау алған қаржы дағдарысы дамушы елдердегі аштық пен ашқұрсақтық мәселесінің асқынып кетуінде белгілі бір рөл ойнады. Осының салдарынан кедейшілік шегінде өмір сүріп отырған адам саны 53 млн-ға өседі, ал 5 жылдан кейін кедейшіліктің шегінде өмір сүрушілердің жалпы саны миллиардқа жетіп, 920 млн. адамды құрауы мүмкін.
Өмір сүру деңгейі өте төмен елдердегі кедейшілік көрсеткішін төмендету үшін дамыған және дамушы елдерге инфрақұрылымға және әлеуметтік салаға сыртқы қаржы құйылуды қамтамасыз ету керек. Сондай-ақ, мемлекеттік шығындар мен көрсетілетін қызметтің одан әрі тиімді болуы үшін сыртқы көмек пен ішкі реформаларды тиісті түрде үйлестіру де аса маңызды міндет болып табылады.
Сара АЛПЫСБАЕВА, экономика ғылымдарының докторы, профессор.