Қоғам • 21 Қазан, 2024

Елімізде қандастарды қоныстандыру тәртібі өзгереді

152 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтарды еңбек күші артық өңірлерден еңбек күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару мәселелерін реттеу саласындағы қолданыстағы НҚА-ға түзетулер топтамасын әзірледі, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елімізде қандастарды қоныстандыру тәртібі өзгереді

Фото: adyrna.kz

«Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі міндетін атқарушының 2016 жылғы 15 қаңтардағы № 20 бұйрығына және «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 234 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бұйрығының жобасы жария талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында 2024 жылғы 5 қарашаға дейін орналастырылды.

Айта кетейік, аталған түзетулер топтамасы анықталған проблемалық мәселелер мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ұсынымдарын ескере отырып әзірленген.

Атап айтқанда, мынадай өзгерістер көзделеді:

1) Мансап орталықтар қызметкерлерінің қоныс аударушы немесе қандас ұсынған құжаттарды, экономикалық мобильділік сертификаты бойынша ақшалай төлемді пайдалана отырып сатып алынатын жылжымайтын мүлік объектісі бойынша мәліметтерді олардың толықтығы мен дұрыстығы тұрғысынан, толық және мұқият қарау үшін мәміле объектісіне бару жолымен салыстырып тексеруді жүзеге асыруы;

2) Сатып алынатын жылжымайтын мүліктің құнын бағалау нәтижелеріне шағымдану бойынша еңбек мобильділігі орталықтарының құқығын кеңейту;

3) Қоныс аударушының немесе қандастың бұдан бұрын экономикалық мобильділік сертификаты арқылы сатып алынған тұрғын үйді сатып алу ниеті болған жағдайда экономикалық мобильділік сертификатын беруден бас тарту бойынша қосымша негізді бекіту;

4) Қоныс аударушылардың қоныстану аумағынан тыс жерлерде еңбек қызметін жүзеге асыру құқығын алып тастауын қоздейді.

«Сонымен қатар қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу және ерікті қоныс аударуды мемлекеттік қолдау шараларын көрсету жөніндегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді 2025 жылғы наурыздан бастап автоматтандыру жоспарланып отырғанын хабарлаймыз. Осылайша, көрсетілетін қызметті алушылардың мансап орталықтардың қызметкерлерімен байланысы жойылады, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді», делінген министрлік хабарламасында.

Осы мемлекеттік қызмет түрлерін цифрландыру қоныс аударуға қатысушылар мен еңбек мобильділігі орталықтары арасындағы шарттық міндеттемелердің орындалуына нақты мониторингті қамтамасыз етеді.

Құжатпен толығырақ «Ашық НҚА» порталында сілтеме бойынша танысуға болады.