Жанар Байболовамен жүздесудің сәті ойда-жоқта түскен. Орталық коммуникациялар қызметінде «жасыл» экономикаға қатысты өткен брифингте шағын несие алып, экосөмке жасаушы кәсіпкер қыз таныстырылды. Көпшілік алдында қысылып-қымтырылғаны жүзіндегі жұмсақ жымиысынан көрініп тұрған, ұяң келген, бойынан қазақы тәрбие ескен, жанға жайлы жібек желдің самалындай маңайына жылылық нұрын сепкен замандасыммен танысып, жақын әңгімелесуді ойға түйдім.
Алғашқы алған әсерімнің алдамағанын онымен сөйлескен сәттен-ақ аңдадым. Жас қайыңдай иілген бойынан ибаның, үлкеннен алған ұлағаттың нұры менмұндалап өзіне тартатын Ж.Байболова: «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын», деп Мұқағали ақын жырлағандай кешегі аналарымыз қолынан шыққан қарапайым қоржын, боқшаларды осы өмірге лайықтап, экологиялық таза өнімдерден тігіп, қазіргі сәнмен әдіптеп, экосөмке тігіп шығаруды өзіне кәсіп етіпті.
– Менің негізгі мамандығым – заңгер, бірақ тегімде осы қолөнер барлығынан шығар, әрі анамның кәсіпкерлігі үлгі болды ма, осы жұмысты бастадым. Ал неге сөмке десеңіз, ол – әйел адамның күнделікті қасынан тастамайтын қажет заты. Қазіргі нарықтағы сөмкелердің 80 пайызы Қытайдан әкелінеді де оның сапасы мен денсаулыққа тигізер зиянын қаперге алып жатқан жан жоқ. Ал әйелдің осындай бұйымының экологиялық тазалығының кемдігі оның денсаулығына кері әсерін тигізеді, ендеше, ұрпаққа да әкелетін қосалқы салқыны бар деген сөз. Мен сол себептен сөмкені бірнеше тұрғыдан алып қарастырдым. Біріншіден, экотазалығы десек, екіншіден, ұлттық өнердің жаңаруы, үшіншіден, жайлылығы, төртіншіден, сапалылығы сынды параметрлерді екшей келіп, бизнес-жоспар жасап, жобаға қатысып, грант алуға ұмтылдым. Бағым жанып, жеңімпаз атанып, «Кока-кола» белестері – 2014» жобасының 720 мың теңге грантына ие болып, өз кәсібімді аштым. Осылайша бұрын қолөнер түрінде жасап жүрген ісім кәсіби тұрғыдағы еңбекке жалғасты. Қаражат алудың нәтижесінде өндіріске қажетті тігін машиналарын, былғары және металл аксессуар, фурнитураларды сатып алдым. Сосын дайын таза маталардан сөмкелер тіге бастадым, енді қазақтың оюына тіл бітіріп, оны қазіргі сән үлгілеріне лайықтап әдемі де әсем етіп сөмкелер шығаруды қолға алудамын. Сол үшін көп оқып, ізденіп, дизайнерлер көмегіне де жүгінудемін. Себебі, қазақтың оюларының мазмұны мен мағынасы бар. Оюларды орнымен қолданбаса, елді шатастырып, күлкіге қалуға да болады, – дейді ол.
Қазір оның сөмкесіне қызығушылар көбейіпті, арнайы тапсырыспен, өздері ұсынған дизайнмен тігіп бересіз бе деушілер де табылып жатыр екен. Жалпы, қай жұмыс та шығармашылық ізденісті талап етеді, ал Ж.Байболова сөмкелерінің пішіні және үлгісімен қатар, олардың мейлінше ұзақ қызмет етуін де қалайтынын айтады. Сондықтан негізін құрайтын қалыбы салмақ көтеруге шыдамды, әрі жуып алуға да келетін болса, әрі сапасы ақсамасын деп көп ізденетін көрінеді. «Шүкір, ізденістерім текке кетіп жатқан жоқ, соның арқасында клиенттерім көбейіп келеді», дейді кәсіпкер.
– Тапсырыс ұлғаюымен жұмыс қолының тапшылығы да сезіліп қалды, бұрын өзім, анам және інім болып жасап келген өндірісті енді ұлғайтуды жоспарлап отырмын. Сөйтіп, ауылдағы 2-3 әйелді үйретіп, оқытып, тәжірибемді бермекпін. Сонда өнімнің санын да арттыратын боламыз, – дейді Ж.Байболова.
Кәсіпкердің шығармашылығынан туып, қолымен жасалған бұйымдардың саны да әжептәуір. Сәнді қолсөмкелер, клачтер, әмияндармен қатар, күнделікті ұстайтын сөмкелер көз тартады. Маған визиттік карточкасын ұсынып: «Блогымда дайын өнімдерімнің үлгілері бар, қарап танысарсыз, қазір сөмкелерімді Алматыдағы «Звенящие кедры» фирмалық дүкенінен сатып алуға болады, ал келешекте интернет арқылы да тұтынушыларға жеткізетін боламыз, жақында интернет дүкеніміз ашылады», деген қымсына жымиған Жанар.
– Әрине, өзім заңгер болғандықтан, келешекте тауар белгісін тіркеу, авторлық жұмыс болғандықтан, куәлік алу тәрізді жұмыстар тұрғанын білемін, жалпы, кәсіпкер адамның көзі ашық, көкірегі ояу болуы тиіс. Өйткені, уақытқа сай тірлік етіп, заманнан қалмай, кейде оның алдына түсіп отырсаң ғана табысқа жетесің. Егер мен Қазақстанда бұрын сөмке жасау ісі жолға қойылған болса, осы істі бастамас едім, осы тұрғыдан алғанда мен алғашқы қарлығашпын. Бәлкім, осы қадамыммен қолының икемі бар, бірақ не қыларын білмей, қалай қаражат табарын білмей отырған әлдебір замандасыма жол көрсетіп отырған шығармын. Қазақ қыздары өнерлі, ісмер емес пе, – деген Ж.Байболоваға алар асуларың, бағындырар биіктерің көп болсын, деп тілек айттық.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.