Тарих • 24 Қазан, 2024

Елордада Сарайшық жәдігерлерінің көрмесі ашылды

172 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында «Жошы Ұлысы (Алтын Орда) кезеңінің тарихи-мәдени мұрасы» жылжымалы көрмесі ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада Сарайшық жәдігерлерінің көрмесі ашылды

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жошы Ұлысының 800 жылдығын мемлекет көлемінде атап өту жөнінде тапсырма берді. Бұл бастама қолдау тауып, 2024 жылдың 4 қазанында Атырау облысындағы тарихи мекен, көне қала Сарайшықта Жошы Ұлысының 800 жылдығына орай отандық, шетелдік белгілі ғалымдардың және ел зиялыларының қатысуымен «Сарайшық және Еуразияның ортағасырлық әлемі» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткен болатын.

Бүгін сол шараның жалғасы ретінде Астана қаласы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында «Жошы Ұлысы (Алтын Орда) кезеңінің тарихи-мәдени мұрасы» жылжымалы көрмесі ашылды.

көрме

«Сарайшық - мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуында ерекше орны бар, оның алғашқы астаналарының бірі болған қала. Көрмеге Жошы Ұлысының рухани орталығына айналған қасиетті жерден 140 жәдігер әкелініп отыр. Ұлы Жібек жолында орналасқан Сарайшықтың қыш бұйымдары, әдемі бояулармен ерекшеленетін сырлы ыдыстар, Хорезмдік құмыра, селадон кесе (қытай фарфоры), альбарелло (дәрі-дәрмек салатын құты), ХIII-XIV ғасырларда Сарайшық қаласының көшелерінде төселген тастары, су, кәріз құбырлары, шығыр құмыралары қойылған. Сан ғасыр бұрын ақша орнына жүрген жылы теңіздерден әкелінген каури бақалшақтары мен Сарайшықтың мыс (пұл) және күміс (дирхам) ақшалар топтамасы, Зергерлік бұйымдар өрнектері, табиғи тастардан жасалған моншақтар ұсынылды», дейді «Хан Ордалы – Сарайшық» музей-қорығының директоры Әбілсейт Мұхтар.

көрме

Сонымен қатар көрмеде «Ұлытау» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі, Жезқазған қаласындағы Сәтбаев музейі, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығынан жәдігерлер мен тарихи қолжазбалар қойылды.

Жошы Ұлысының астаналарының бірі болған Сарайшық қаласының тарихынан сыр шертетін көрме 23 қазаннан 23 қарашаға дейін жалғасады.