Жарысты әдеттегідей грек-рим күресі шеберлері бастады. Тиранаға жол тартқан «классиктер» арасынан Дінмұхаммед Қошқарға айрықша сенім артылған еді. 67 кг салмақта сынға түскен Жамбыл облысының өкілі 2022 жылы 20 жастағы балуандар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері атанып, Азия біріншілігінде бас жүлдені олжалады. Одан бұрын кадеттер жарысында қарсылас шақ келтірмеді. Биыл мамыр айында Қошқар Ыстанбұлда өткен лицензиялық турнирде бақ сынап, шешуші тұста сүрінді. Сөйтіп, оған Париж Олимпиадасында бақ сынау бақыты бұйырмады. Бірақ бұл жолы Дінмұхаммед білгенінен жаңылды. Дүбірлі доданың екінші кезеңінде қандасымыз ресейлік Даниал Агаевтан (5:7) айласын асыра алмады.
Әр жылдары жастар арасындағы Азия біріншіліктерінде жеңіс тұғырына көтерілген Ербол Қамалиев (55 кг), Досжан Өтепқалиев (60 кг), Нұрсұлтан Базарбаев (63 кг), Мерей Мәулітхановтың (72 кг) кемінде біреуі атой салатын шығар деп үміттендік. Алайда олар да қалың топтың арасында қалып қойды. Ербол үнділік Висжавжит Мореден (0:9), Досжан грузиялық Придон Абуладзеден (4:7), Нұрсұлтан армениялық Арман Варданияннан (0:10), Мерей қырғыз Әбілхан Нұрланбековтен (2:5) жеңілді.
«Классиктердің» командалық есебінде Иран құрамасы (3 алтын+0 күміс+4 қола) көш бастады. Парсы елінің өкілдері жеті жүлдеге қол жеткізді. Оның үшеуі – алтын. Молдова (2+0+0) екі алтын алып, екінші орынды олжалады. Одан кейінгі сатыларға Ресей (1+2+3), Грузия (1+1+4), Армения (1+1+0), Қырғызстан (1+0+1), Өзбекстан (1+0+0), Әзербайжан (0+1+2), Германия (0+1+1), Нидерланд (0+1+0), АҚШ (0+1+0), Беларусь (0+1+0), Польша (0+0+2), Жапония (0+0+1), Үндістан (0+0+1), Мажарстан (0+0+1) жайғасты.
Грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған балуандар: 55 кг – Әли Ахмади Вафа (Иран), 60 кг – Әлішер Ғаниев (Өзбекстан), 63 кг – Виталий Еременко (Молдова), 67 кг – Разақ Бейшекеев (Қырғызстан), 72 кг – Георгий Чхиквадзе (Грузия), 77 кг – Александр Гуту (Молдова), 82 кг – Мұхаммед Әзиз Нахаузи (Иран), 87 кг – Әуез Ганибов (Ресей), 97 кг – Айк Хлоян (Армения), 130 кг – Фардин Шабан Хебяти (Иран).
Келесі күндері әйелдер күресінен өткен бәсекелерді тамашаладық. Балқан түбегінде Лаура Ғаниқызы (50 кг), Зейнеп Баянова (53 кг), Айнұр Әшімова (55 кг), Шұғыла Өмірбек (57 кг), Гүлдана Бекеш (59 кг), Тыныс Дүбек (62 кг), Гүлдана Өсербай (65 кг), Бейбіт Сейдуалы (68 кг), Анастасия Панасович (72 кг), Алина Ертөстік (76 кг) сынды бұрымдылар бақ сынады. Бірақ қыздардан да қайыр болмады. Осы 10 спортшының арасынан Лаура, Зейнеп, Алинаның ғана жеңіс тұғырына көтерілуге жақсы мүмкіндігі болды. Алайда қола медаль үшін бәсекеде олар өз қарсыластарына жол берді.
Бұрымдылар бәсекесінде АҚШ-тың арулары (3+1+1) алдарына жан салмады. Жалпы есепте солар көш бастады. Жапония (2+1+3) мен Украинаның (2+0+4) да қарқыны күшті болды. Одан кейінгі орындарды Швеция (1+0+0), Әзербайжан (1+0+0), Молдова (1+0+0), Ресей (0+2+1), Канада (0+2+0), Үндістан (0+1+3), Қытай (0+1+1), Мексика (0+1+0), Түркия (0+1+0), Беларусь (0+0+2), Германия (0+0+1), Моңғолия (0+0+1), Нигерия (0+0+1), Польша (0+0+1), Румыния (0+0+1) еншіледі.
Әйелдер күресінен әлем чемпионы атанған балуандар: 50 кг – Сейдж Рейн Мойтимер (АҚШ), 53 кг – Ю Сакамото (Жапония), 55 кг – Эмма Мальмгрен (АҚШ), 57 кг – Жала Әлиева (Әзербайжан), 59 кг – Соломия Винник (Украина), 62 кг – Ирина Бондар (Украина), 65 кг – Ирина Рингачи (Молдова), 68 кг – Ами Иси (Жапония), 72 кг – Кайли Рени Велкер (АҚШ), 76 кг – Елена Макоед (АҚШ).
Еркін күрестен де 10 сайыпқыранға сенім артылды. Солардың арасынан Ризабек Айтмұхан суырылып шықты. 97 кг салмақта күш сынасқан қазақ балуаны алғашқы айналымда Канададан келген Каллум Уильям Нокстың (11:0) тас-талқанын шығарды. Келесі кезеңде беларусьтік Владислав Козловты (10:0) бет қаратпай ұтты. Бұл бәсекелердің екеуі де мерзімінен бұрын аяқталды. Жартылай финалда қандасымыз даңқты Дағыстан еркін күрес мектебінің түлегі Шәміл Гаджиәлиевті (7:4) жолынан ығыстырды. Финалда Айтмұхан жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, ирандық Махди Морафамен (11:6) айқасты. Парсы елі өкілі де жерлесімізге жарытып қарсылық көрсете алмады. Сөйтіп, Ризабек әлем чемпионы атанды.
Әкесі Қанат Жолдасбаевтың қол астында жаттығатын Айтмұханның есімі қазірдің өзінде еліміздің спорт тарихында алтын әріптермен жазулы тұр. Былтыр ол Белградта ересектер арасында өткен әлем чемпионатында бас жүлдені олжалады. Ризабекке дейін осы спорт түрін серік еткен бірде-бір отандасымыз дәл осындай дәрежеге жеткен жоқ еді. Биыл Испанияның Понтеведро қаласында жалауы желбірген жастардың дүниежүзілік біріншілігінде (U-20) қандасымыз қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Міне, енді ол Тиранада топ жарды. Егер спорттық шежірені парақтасақ, 23 жасқа дейінгілердің әлем чемпионатында (U-20) қазақтың жігіттері алты рет финалда белдесті. Бірақ шешуші тұста барлығы да жеңілістің кермек дәмін татты. Ал Балқан түбегінде бұл белес Ризабек Айтмұханға бағынды.
57 кг салмақтағы Алан Оралбек бастапқы бәсекелерде грузиялық Лука Гвинжия (8:5) мен моңғолиялық Жагур Сарантуяға (+3:3) сан соқтырды. Жартылай финалда жерлесіміздің жолы болмады. Ол үндістандық Чираг Чирагтан (0:8) оңбай жеңілді. Ал қола медаль үшін тартыста Алан ресейлік Юнус Явбатыровқа (2:6) жол берді.
Албания астанасындағы айқасқан өзге еркін күрес шеберлеріміздің өнері көңілден шықпады. Алғашқы күні Әділет Әлмұхамедов (61 кг) ирандық Ибрагим Мехди Хариден (1:12), Мұрат Жақыпов (74 кг) америкалық Митчелл Месенбринктен (2:7), Нұржан Исағалиев (86 кг) израильдік Аарон Аюзеровтан (5:10), Бекзат Аманғалиев (92 кг) мажарстандық Мұса Арсункаевтан (0:6), Омархан Нәдіров (125 кг) болгариялық Ален Хубуловтан (2:6) ойсырай ұтылды. Келесі тәулікте Бекзат Ермекбай (65 кг) франциялық Хамзат Арсамерзоевтың (0:11), Ернұр Нұрғазы (70 кг) Парсы елінің пехлеваны Әли Махмұд Хоррамделінің (3:10), Жеңіс Қаныбеков (79 кг) ресейлік Арсен Балаянның (1:6) осал тұсын таба алмады.
Жалпы есепте Иран (3+1+4) мен Ресей (3+1+3) өзгелерден қара үзіп кетті. Әзербайжан (1+2+1), Жапония (1+1+3), Үндістан (1+0+3), Қазақстанның (1+0+0) Әнұраны Тиранада бір мәрте шырқалды. Сондай-ақ, Қырғызстан (0+2+1), АҚШ (0+1+1), Қытай (0+1+0), Болгария (0+1+0), Молдова (0+0+2), Украина (0+0+1), Беларусьтің (0+0+1) балуандары жүлделі орындарды иеленді.
Еркін күрестен әлем чемпионы атанған балуандар: 57 кг – Чираг Чираг (Үндістан), 61 кг – Башир Магомедов (Ресей), 65 кг – Ибрагим Ибрагимов (Ресей), 70 кг – Магомед Башир Ханиев (Әзербайжан), 74 кг – Кота Такахаши (Жапония), 79 кг – Махди Мохаммад Юсефихаживар (Иран), 86 кг –Арслан Багаев (Ресей), 92 кг Амирхоссейн Фирузпур Бандпей (Иран), 97 кг – Ризабек Айтмұхан (Қазақстан), 125 кг – Амирреза Валади (Иран).
Осылайша, Ризабек Айтмұханнан басқа балуандарымыз тегіс ұтылды. Мемлекет мол қаражат құйып, жастардың еш алаңсыз даярлануына барлық жағдай жасады. Жарысқа жігіттер мен қыздарды толық құрамда апарды. Ал нәтиже көңіл көншітерлік емес. Алпауыттарды айтпағанда, Қырғызстан 1 алтын, 2 күміс, 2 қоланы қоржынға салды. Алақандай ғана Молдова Тиранадан үш алтын мен екі қоланы олжалап қайтты. Басқа да елімізден әлеуеті әлдеқайда төмен елдің өрендері тәуір нәтижеге қол жеткізді. Ал бізге бұйырғаны – жалғыз ғана бас жүлде.