Малдардың осы ауруға қарсы егілмегенін біле тұра, олардың жаппай қырыла бастағанынан секем алып, ауыл әкімдері дәрігерлерге дер кезінде хабарлауы керек еді. Жалпы, ауылдық аумақтар бойынша тұрғындарға бұл жайында хабарлап, сақтандыру шаралары атқарылмаған. Ақсу қаласы аумағына қарасты ауылдарда орын алған адам өліміне әкелген төтенше оқиға мал ұстап отырған облыстың басқа аудандарының ауыл әкімдерінің жұмыстарына сабақ болар деген ойдамыз.
Адам өліміне алып келген мұндай ауыр індет Ақсу қаласы Жолқұдық ауылдық аумағына қарасты Ревровка және Қаракөл ауылдарында орын алды.Өкінішке қарай, жеке ауласында өзі сойған малдың сібір жарасы ауруын жұқтырғанынан мүлде хабарсыз ауыл тұрғыны осы індеттің кесірінен ауруханада көз жұмды. Одан кейін де осы ауылдың тағы да төрт тұрғыны өздерін жайсыз сезініп, ауыра бастаған, қазір олар да ауруханада жатыр. Дәрігерлер оларды бақылауда ұстап отыр. Ауырған малды лақтыруға қимай, ауыл адамдарына таратып берген салақтық пен жауапсыздықтың аяғы, міне, осындай қайғылы жағдайларға алып келді. Соның кесірінен тағы 80-ге жуық адам дәрігерлердің бақылауына алынды. Тағы бір адам ауыр халде жатыр.
Жалпы, осы ауылдық аумақта маусым айынан бері 5 мал өлген көрінеді. Алайда, малдардың өлгенін жаппай улану деп қарап, мал дәрігерлеріне хабар берместен еті бір емес, екі бірдей ауыл адамдарына таратылып берілген. Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің бастығы Қанат Сәкиев журналистермен өткізген баспасөз мәслихатында “Малдардың қандай індетке ұшырағанын мал дәрігерлерінің өздері білмей отырса, қарапайым ауыл тұрғындарына не айтуға болады. Полицейлер өлген малдарды тауып алды. Қазір оларды көміп, өртеу жұмыстары жүргізілуде”, – деді.
Ауылдағы малдардың сібір жарасы ауруына қарсы егілмегені, егу жұмыстарына қажетті дәрі-дәрмектердің дер кезінде жеткізілмегені де анықталып отыр. Бұл ауылдарда малдар арасындағы сібір жарасы індеті сонау 1967 жылы тіркеліпті, мал мамандары бұл қоздырғыш індет топырақта 60 жыл өмір сүреді және сақталады дейді.
Фарида БЫҚАЙ, ПАВЛОДАР.