ҮШҚОҢЫРДЫҢ САМАЛЫН АЛА КЕЛДІ
Қарасайлықтар мәдени күндер аясында ұлттық салт-дәстүр мен ұлы достықтың мәйегін талдықорғандықтар назарына ұсынды
Талдықорғанда әр жеті сайын аудан мен қалалардың мәдени күндерін өткізу жалғасып келеді. Жақында бұл шараны Райымбек ауданының жұртшылығы бастаса, қарасайлықтар дәстүрлі мерекенің қаймағын бұзбай, өзгеше реңмен жалғастырып әкетті. Әрдайым аймақ халқы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші Отаны, кіндік қаны тамған киелі мекені екендігін назарда ұстап, осы биікте болуға бар мүмкіндіктерін жұмылдырып, белестерді бағындыруымен көзге түсіп келеді. Дәстүрлі мәдени шараға жан-жақты дайындалғаны көрер көзге анық аңғарылып, алаңға халық әдеттегіден де көп жиналды.
Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының алдына аудандағы шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер, ұлттық мәдени орталық мүшелері барын жайып салып, қалалықтардың биік сұранысын қанағаттандыруға бейіл екендігі аңғарылды. Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған шараға аудандағы 32 ұлттың өкілі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара атсалысыпты. Чешен, түрік, ұйғыр, орыс, украин, тағы басқа мәдени орталықтар ұлттық нақыштағы өнерлері мен салт-дәстүрлерін көрсетудегі ұтымды істерімен көрермен назарын аударды.
Бірлік пен тірліктің, достық пен татулықтың дәнекері ұлттардың бай дастарханынан дәм татқандар бір-бірімен жақындасса, қонақжай қасиет орнықты. Сонымен қатар ақшаңқан үйлердегі өнер туындылары көрген жанды бейжай қалдырмады. Қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан табиғат тамашалары да көрерменді қызықтырды.
Алыстан келген ардагерлер мен мәслихат депутаттарын, мекеме, кәсіпорын басшыларын облыс әкімінің бірінші орынбасары Амандық Баталов қабылдап, қала мен ауыл халқының байланысын жақындатқан шараға ерекше дайындықпен келгендіктерін атап өтіп, қызу құттықтады. Жиналғандарды өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуынан хабардар етіп, Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларға байланысты алда тұрған міндеттерді де ортаға салды.
Кездесуде аудан әкімі Ләззат Тұрлашев Алматы қаласына жақын орналасқан Қарасай ауданы жыл өткен сайын экономикасы дамып, халықтың әл-ауқаты жақсарып, еңбек өнімділігінің өскенімен ерекшеленетінін айтты. Өткен мерзімде мұнда 32 млрд. 264 млн. теңгенің өнімі өндіріліпті. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында шағын және орта кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, ағымдағы жылы жүздеген жұмыс орындары ашылған. Қаскелең қаласының бет-бейнесі ажарланып, тұрғын үй құрылысына 31 млрд. 520 млн. теңге инвестиция тартылған. Көп қабатты үйлер, мәдени-тұрмыстық нысандар қатары толығуда. Биыл ауданға “Жол картасымен” 1,3 млрд. теңге қаржы қарастырылса, жұмыссыздықты болдырмау мақсатындағы игілікті істер ауқымы да едәуір. Осылайша әлеуметтік даму бағытындағы жұмыстар ортаға салынып, аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Сайлаубек Қыдыралиев, “Мавид” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Владимир Маслацов, Ұлыбританияда өткен халықаралық байқау жеңімпазы, Абай орта мектебінің түлегі Дәмира Рахимова және басқалар мәдени күндер аясында өтетін ұлттық мұрамызды ұлықтау мен қала мен ауылдың арасын жақындататын тағылымды істер жайлы ұтымды ой-пікір білдірді.
Алаңда баһадүр баба Қарасай Алтынайұлының ерлігі бейнеленген театрландырылған көрініс халықтың елжандылық қасиетін оятып, дуалы ауыздан шыққан аталы сөздің дуанды елді ұйытатынын тағы бір дәлелдеді. Туған елінің кешегісі мен кемел келешегін алтын арнаға тоғыстыруға талпынған сахна шеберлерінің өнері теңіздей терең, таңғы шықтай мөлдір өткен тарихтың кәусарынан сусындатып, оған шым-шым бойлап, сыр сүзгеніне көрермен лайықты бағасын берді. Ауыздығымен алысқан сәйгүлікпен алаңға атойлатып шыққан батыр тұлғасы шынайы әсерге бөледі.
Бұдан соң аудан көркемөнерпаздарының концерті мен балкар, славян, күрд мәдени орталықтары мүшелерінің өнерлері де көрерменді тәнті етті. Тамыры тереңге кетіп, өмірі өнерге айналған қарасайлықтардың бұл күнгі тартымды кеші бірліктің биігін, ұлы достықтың киесін айшықты өнерлерімен жалғастырды. Алатауға иек артқан Үшқоңырдың самалы ән болып қалықтап, күй болып шертілді. Осылайша әр әнші, күйші, биші, зергер мен шебер қатары жаңа толқынмен толысып, қанат жайғаны айқын аңғарылды. Тамаша табиғат, қасиетті топырақтан нәрленген олардың бұл күнгі өнерлері табысы өрлеген аймақ екенін тағы бір қырынан көрсетті.
Түн қараңғылығы қоюланғанымен, Талдықорған қаласының аспанында “Үшқоңыр” әні қалықтап, оның сазды самалы әр жүрекке жол тартты.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.
АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ЖҮЗ ЖЫЛДЫҒЫНА – ЖҮЗ КІТАП
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті дала данышпаны атанған ақынның 150 жылдық мерейтойына дайындыққа ерте бастан қамданған еді. Соның нәтижесінде Шәкәрімнің тұлғалық энциклопедиясы мен “Шәкәрімтану мәселелері” атты көптомдық еңбек уақытында жарық көрді. Мұның соңғысы әлі де жалғасын табуда.
Аталған оқу орны енді, міне, Алаш қозғалысының 100 жылдығына дайындыққа да ерте бастан кірісіп кетті. Сол мақсатпен мұнда Алаштану ғылыми-зерттеу орталығының ашылғанына да бірер жыл болып қалды. Орталық атаулы күнге дейін Алаш зиялыларының арттарында қалған бағалы мұраларын 100 том етіп шығару мақсатымен бағдарлы жұмысқа кірісіп кетті.
Мұның сыртында Алаш қозғалысына қатысты бүгінгі тарихшы ғалымдардың еңбектері де жарық көре бастады. Осы орайда, университет ректоры, профессор Ерлан Сыдықов әріптестеріне үлгі-өнеге көрсете білуде. Айталық, жуырда ғана орталық тарапынан Алаш тақырыбына арналған төрт кітап жарыққа шықса, оның бірі – “Алаш қаласының тарихы” атты кітаптың авторы – ректордың өзі. Онда Алашорда үкіметі мен Алаш зиялыларына қатысты тың деректер, Алашорда үкіметі мен соты, алашшыл “Сарыарқа” газеті мен “Абай” журналының редакциялары, баспаханасы орналасқан ғимараттар тарихы туралы тарихи құжаттар молынан пайдаланылған. Ал “Сибирь и Казахстан” атты кітапты Ерлан Бәтташұлы сібірлік шәкірті М.Малышевамен бірігіп жазған. Одан кейінгі “Гонимые голодом”, “Город Алаш” атты екі кітапта Алаш тақырыбына қатысты құжаттар жинақталып, деректер сөйлейді. Ол екі кітапты құрастырушы да аталған автор.
Сол төрт кітаптың тұсауы жуырда университетте “Кешегі Алаш идеясы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан” деген атпен өткізілген дөңгелек үстел барысында кесілді. Дөңгелек үстел түрінде өткен бұл емен-жарқын сұхбатқа Ғали Әзімбай, Есенғазы Қуандық, Қайырболат Нұрбаев, Тұрсын Хазіреталы сынды тарихшы ғылым докторлары арнайы келіп қатысты. Сындарлы әңгіме барысында егемен еліміздің қатпарлы тарихын еш боямасыз шындық тұрғысында қалыптастыру туралы кеңінен сөз қозғалды.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.
ҚАЗАҚСТАН – ҚАРҚЫНДЫ ДАМУ ҮСТІНДЕГІ ЕЛ
Мерекеде жастардың елжандылық қасиеті айқындалып, тағы бір қырынан танылды
Жетісу жерінде өңір экономикасын өркендету мен әлемдегі алдыңғы қатарлы елу елге жетуді көздеген Мемлекет басшысының “Интеллектуалды ұлт-2020” ұлттық жобасын жүзеге асыру мақсатында жастарға жан-жақты білім, тәрбие беру арқылы бәсекеге қабілетті адам капиталын қалыптастырудағы жұмыстар жүйеленген. Нәтижесінде жыл басынан бері облыста жастар фестивалінің жалауы көтеріліп, мерекелік шара аудан мен қалаларда жарасым табуда. Осындай жастар жиыны Балқаш ауданының Бақанас ауылында өтіп, ол жүрегі елім деп соққан жастар белсенділігімен өрбіді.
Шарада мемлекетіміздің мызғымас бірлігі мен халқымыз татулығына, отансүйгіштігіне арналған көрнекіліктер анадайдан көз тартып, қоғамдық ұйым мен мемлекеттік мекеме өкілдері ықыласпен атсалысқанын айтқан ләзім. Жастар Елбасының “Жас Отанның” алғашқы құрылтайында сөйлеген сөзіндегі “Мен қазақстандық жастардың данышпан Абай атамыздың “Жастықтың аты арындап, тас қияға өрледім” дегеніндей, болашақты құруға тас-түйін дайын екендігін көріп қуанып тұрмын. Кең-байтақ Қазақстанның үкілеген үміті сендерсіңдер, менің жас достарым!” десе, балқаштық жастар көгілдір Ту мен Елтаңбаны биікке көтеріп, Әнұранды әуелете шырқап, осы шақыруға жауап берді. Осылайша еліміздің айбынын асырудағы еңсесі биік, ертеңі жарқын жеткіншектердің қатары мол екенін танытып, шат-шадыман мерекелік көңіл-күйді аспандатты.
Жастар алдында сөйлеген Балқаш ауданының әкімі Ерғазы Қошанбеков жастар халықтың рухын, ұлттық сезімін, қаһармандығын, даралығын айшықтайтын тәуелсіз ел ұландары ретінде қалыптасқанына тоқталды. Бастамашылдыққа құмарлық, өмірге іңкәрлік – оларға тән қасиет. Жастардың оқуы мен еңбек етуіне жол ашылып, мемлекет болашағының тізгінін ұстайтын азаматтар ретінде қалыптасулары қажет. Жастар тәрбиесіне лайықты назар аударылып, оларды еңбекке даярлаудағы жұмыстар шешімін тапса, өткен мерзімде 40-тан астам жас кәсіби мамандық алу үшін қайта оқытылған. Осыншамасын қоғамдық жұмысқа жіберу арқылы мәселе оң шешімін тапса, облыс әкімінің арнайы грантымен жоғары оқу орнында бес бала білім алуда. Жастарға жаңа үйлерден пәтер беріліп, Алматыдағы жоғары оқу орындарындағы 50 студенттің барып келуі тегін ұйымдастырылып отыр.
Мемлекет басшысының “Дипломмен – ауылға” шақыруына орай жас мамандарға көтерме ақы, баспана алу үшін 890 мың теңгеден 15 жылға пайыссыз несие берілгенін де аудан әкімі өз сөзінде нақтылады. Жастар саламатты өмір салтын мұрат етумен қатар, елді мекендерді көгалдандыру, құрылыс жұмыстарында да өз қолтаңбаларын қалдырғанын айтуға болады.
Бұдан соң “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары С.Әбдіқадыров, облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Г.Сүлейменова, тағы басқалар ынтымақ пен бірлік бар жерде қайтарымды еңбек ету мен өмір сүру бақытына қажетті мұраттарға кедергі жоқтығын, ортақ шаңырақтың игілігіне еңбек ету жастардың парызы екендігін атап көрсете сөйледі.
“Қазақстан – дамушы, гүлденген ел” мерекесіне жиырмадан аса елді мекен жастары қатысып, жастық жалыны мен елжандылық сезімдерін асқақтатып, жаздың аптап ыстығына қарамастан, ұлттар арасындағы достық пен бейбіт өмірдің салтанатына бағытталған бағдарламаны көрсету арқылы ертеңіміздің нұрлы, келешегіміздің кемел екенін айқындады.
Бүгінгі бейбіт өмірде еңбек етіп, бақытты ғұмыр кешуге қажеттіліктің бар екендігі айқын көрініс тауып, үлкен мен кіші бірлігінің беріктігі тағы бір қырынан көрінді.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.
БАЛАЛАР ӨЗДЕРІН БАҚЫТТЫ СЕЗІНГЕН КҮН
“Бірлігіміз жарасқан!” акциясы шеңберінде Қостанай қаласында мүгедек балалар үшін жаттығу ойындары өткізілді. Қайткенде де баланың аты – бала. Ол ойынмен өседі, ойынмен дамиды. Үйде арбаға таңылып отырып қалған балаларды жаздың май тоңғысыз күнінде ойын алаңына алып шығу оларға керемет қуаныш сыйлады. Ойын-жаттығулар мүгедек балалар дене құрылымының өсуін қамтамасыз етеді, сонымен қатар олар түстерді айырып үйренеді.
Мұндай шара Қостанайда бірінші рет өтіп отырған жоқ. 2000 жылдан бері Наталья Колоскова басқаратын “Радуга” қоғамдық ұйымы мүгедек балаларын күтіп отырған аналар үшін өз үйіндей болып кеткен. Олар осы ұйым арқылы бас қосып, балалардың емі, дәрі-дәрмегі туралы кеңеседі, оларға жаттығулар жасатады. “Радуганың” алдына қойған мақсаты да аналарға психологиялық, медициналық-әлеуметтік жағынан қолдау-көмек көрсету болатын. Сонымен қатар, бұл қоғамдық ұйым мүгедек балалардың анасына ғана емес, тағдыры талайлы жастардың да әлеуметтік бейімделуіне, олардың қоғамнан бейтарап қалмауына жағдай жасайды.
– Біздің ұйым қазір оқшаулықты сезінбейді, мемлекеттік құрылыммен және басқа да қоғамдық бірлестіктермен әріптес ретінде тығыз байланыс орнатып, балаларымыздың проблемаларын шешу жолдарын қарастырамыз, – дейді “Радуга” қоғамдық ұйымының төрайымы Наталья Колоскова. – Президентіміздің әлеуметтік саясатының барлық аспектілері шынайы өмірлік екеніне біздің көзіміз анық жетіп отыр.
Мүгедек балалардың жаттығу-ойынына облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Шолпан Жәкетова бастаған әлеуметтік қызметкерлер келді.
– Үстіміздегі жылы біз әлеуметтік-мемлекеттік сұранысты едәуір ұлғайттық, соны орындаушының бірі “Радуга” қоғамдық ұйымы, – дейді Шолпан Сапарғалиқызы. Ал балаларға мемлекеттік архитектура-құрылыс бақылау басқармасы демеушілік көрсетті.
Міне, ынтымақтың арқасында мүгедек балалар қамқорлықтан шет қалмайды. Жаттығу-ойын үстінде мүгедек балалар да, олардың аналары да өздерін бір сәт бақытты сезінді. Адамдардың қолдауымен, қоршауымен бірге болған сәттердің қуанышы көпке дейін кішкентай жүректерді тербеп тұрды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, ҚОСТАНАЙ.