Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Денсаулық сақтау министрлігінің Ядролық медицина жөніндегі штаттан тыс бас маманы, ПІБ МО ауруханасының ядролық медицина орталығының басшысы, медицина ғылымдарының докторы Айгүл Сәдуақасова жаңа әдіс-тәсілдің шарапатын көретін күн алыс емесін айтады.
«Әлемдік медицина ғылымы тераностика бағытында алға тағы бір қадам жасады. Еліміз медицинасы дамыған басқа мемлекеттерден қалыспайды. «Тераностика» термині терапия, диагностика деген халықаралық екі сөзден тұрады. Яғни біз осы әдіс арқылы изотоппен дертті ерте бастан диагностикалап қана қоймай, емдей аламыз. Мұндай дәрінің басты ерекшелігі – дәл жеткізу моделінде. Нақтыласақ, ол обыр клеткаларына тән молекулаларды танып, емдік, диагностикалық агентті зардап шеккен жасушаларға дәл жеткізе алады, – дейді А.Сәдуақасова.
Бүгінде Ядролық медицина орталығы аясында осындай радиофармацевтикалық препараттардың көмегімен онкологиялық аурулардың диагностикасы ғана жүріп жатыр. Алда әлі осы әдіспен емдеуге басымдық беріледі. Бұл технологиялар – онкологияны емдеудің жаңа белесі. Науқастарға, жалпы еліміздің денсаулық сақтау саласына аса қажет. ПІБ Медициналық орталығының ауруханасында елдегі ең озық Ядролық медицина орталығы бар. Сондықтан тераностика технологиясын кейінге қалдыруға еш негіз жоқ. Жақында ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиевтен институт тек іргелі, қолданбалы ғылыммен айналысумен шектелмейтінін білген едік. Онда онкологиялық дерттерді емдеуге арналған радиофармацевтикалық препараттар өндірісі де жолға қойылған. Енді институт басшылығы жыл соңына дейін шығарылатын радиофармпрепараттар тізімін кеңейтіп, Самарий-225, Лютеций-177 препараттарын шығаруды көздеп отыр.
А.Сәдуақасованың айтуынша, тераностика технологияларын дамыту, бейімдеу Атом энергетикасы мен ядролық медицинаны дамыту жөніндегі Жол картасына енген. Соған сәйкес, 2024-2030 жылдар аралығында жоспарлы, ауқымды жұмыстар іске асады. Құжат Үкімет жанынан құрылған Ядролық физиканы (радиохимияны) дамыту жөніндегі кеңес жұмысының шеңберінде үйлеседі.
«Келер жылы біз радиоэмболизацияны енгізгіміз келеді. Радиоэмболизация – бауыр артериясы арқылы изотоптарды бауырдың ісік тініне, оның сау бөлігіне әсер етпей, ағзаға уытты әсер жасамай енгізу әдісі. Ол изотоптарды аз қолдану арқылы ісіктің өзін некротизациялауға мүмкіндік береді. Яғни онкологияда химиясыз, сәулелік әсерсіз емдеудің балама жолы пайда болады», дейді А.Сәдуақасова.
Сондай-ақ 2024-2030 жылдарға арналған Жол картасы аясында ПІБ Медициналық орталығының ауруханасы базасында Ядролық медицина мәселелері жөніндегі құзыреттер орталығын ашу жоспарланып отыр. Құзыреттер орталығы жаңа радиофармацевтикалық дәрілік препараттарды қолдана отырып, ядролық медицинаның (тераностиканың) заманауи әдістерін әзірлеуге, тестілеуге мүмкіндік береді. Осылайша, онкологиялық ауруларды диагностикалап, радиомаркерлерді пайдалана отырып метаболикалық зерттеу жүргізудегі жетістіктердің ауқымын кеңейтуге жол ашылғалы тұр. Демек ауруды ерте бастан анықтау әрі оның сипатын да ерте, дәл табу жеңілдейді. Бұл – науқастарды емдеу ісінде аса маңызды қадам.