Әлем • 06 Қараша, 2024

Ғарышқа алғаш рет ағаштан жасалған спутник жіберілді

152 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сейсенбі күні жапондық зерттеушілер әзірлеген әлемдегі алғашқы ағаш жер серігі ғарышқа ұшырылды, деп хабарлайды Egemen.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Ғарышқа алғаш рет ағаштан жасалған спутник жіберілді

Фото: devby.io

Киото университеті мен Sumitomo Forestry әзірлеген LignoSat спутнигі SpaceX арқылы Халықаралық ғарыш станциясына жеткізіліп, одан кейін Жерден 400 км жоғары орбитаға шығарылған.

Киото университетінде ғарыштағы адам әрекетін зерттейтін жапон астронавты Такао Дои: «Ағашты, өзіміз өндіре алатын материалды пайдалана отырып, біз үй салып, ғарышта шексіз өмір сүріп, жұмыс істей аламыз», деді.

Ай мен Марста ағаш отырғызу және ағаш үйлер салу бойынша 50 жылдық жоспары бар Дои командасы ағаштың ғарышта қолдануға жарамды материал екенін дәлелдеу үшін ағаштан спутник жасап шығаруға шешім қабылдаған.

Киото университетінің орман шаруашылығы профессоры Кодзи Муратаның айтуынша, 1900 жылдардың басында ұшақтар ағаштан жасалған. Сондықтан ағаштан жасалған спутник те жарамды болуы керек деп есептейді.

Зерттеушілер халықаралық ғарыш станциясындағы 10 айлық тәжірибеден кейін Жапонияда туған және дәстүрлі түрде қылыш қабығын жасау үшін қолданылатын магнолия түрі хоноки ғарыш кемелері үшін ең қолайлы екенін анықтаған.

Айта кетерлігі, LignoSat спутнигі бұрандалар мен желімдерді қолданбай, дәстүрлі жапондық техниканы пайдалана отырып, хонокадан жасалған.