Атап айтсақ, Алдаркөсе Шықбермес Шығайбаймен немісше сөйлесіп, айласын асырып тұр. Тапқыр Алдардың өзі де, салған әні де, неміс балаларына таңсық дүние екені анық. Гензель мен Гретельді, Қызыл телпек пен Рапунцельді жаттап өскен балақайлар Алдаркөсенің әр амалына ерекше назар аударды. Қазақ мәдениетімен енді танысып жатқан ересектер де іс-шараның маңыздылығына баса мән беріп, елімізге саяхаттап келуге қызығушылығының артқанын айтты.
«Осындай мәдени іс-шаралардың біз үшін маңызы зор. Біз Целендорф ауданы болып бас қосып, өзге мәдениеттердің озық туындыларына куә болып отырмыз. Мұндай іс-шаралар ой бостандығына жетелейді. Күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәт демалып, жаңа идеяларға қол жеткізуге болады. Осы уақытқа дейін Қазақстанда болып көрмеп едім, енді алдағы уақытта саяхаттап барсам ба деген ой келіп тұр», дейді Штеглиц-целендорф ауданының бургомистрі Марен Шелленберг.
«Бұл жиынның ұйымдастырылуына қатысушы елдер мен Германияның Сыртқы істер министрлігі өкілдері зор үлесін қосты. Өте салмақты деңгейде өтіп жатыр. Мен Ислам мәдениеті мен Орталық Азияны зерттейтін маман ретінде осындай, балалар тәрбиесінде қолданылатын Қожанасыр мен Алдаркөсе образдары ерекше қызық мысалдар деп бағалар едім. Біз үшін бұл образдарды Германия балаларына жақын ете түсу зор жетістік. Себебі әр оқиғаның өзіндік тәрбиелік мәні, айтар ақылы бар», дейді Cultur Cooperation ұйымының өкілі Катлин Гёбель.
Аталған жиын барысында қойылымдардан бөлек көрерменге неміс субтитрімен Ш.Аймановтың «Алдаркөсе» фильмі мен «Алдаркөсе» анимациялық серияларынан үзінді көрсетілді. Ұлттық музыкалық аспаптардан ән мен күй төгілді. Көршілес елдермен қатар қолөнер бұйымдары көрмесі ұйымдастырылып, қазақы дастарқан жайылды.
Сондай-ақ Алдаркөседен бөлек Орталық Азия мен Жерорта теңізі – Балқан аймағы халықтарының ертегі кейіпкерлері де сахнаға шықты.