Тұлға • 08 Қараша, 2024

Махамбетті пір тұтқан

213 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

«Өлеңім – өмірім» естелігінде ол: «Мен ертеректің өзінде орысша-қазақша мектеп бітірген қызметкер әкенің арқасында жоқшылық көрмей, мәдениетті семьяда тәрбиелендім» деген дерек береді. Әңгіме Батыс Қазақстан облысы, Қара­төбе ауданындағы Батпақкөл ауылында туған ақын, жазушы, драма­тург, аудармашы Берқайыр Аманшин туралы.

Махамбетті пір тұтқан

Қаламгердің әкесі Сәлім Орынборда училищені орысша бітірген сауатты жан екен. Бер­қайыр Астрахандағы татар мектебіне барады, онда алтыншы сыныпқа дейін қа­зақша, соғыстың алдындағы жыл­дары Орын­борда орыс мек­тебінде оқиды. Бала ­сезі­міне «Игорь полкі тура­лы сөз» атты жыры, ондағы әйел за­ры өз өмірінде көрген ауыл әйел­дерін елестетіп, қат­ты әсер қал­дырады. Жүрек түк­пірін­дегі бұйығы бір сырды оятқан жырды кейін түгел аударып, Алматы­ға, Ғылым ака­демиясына жібереді. Жыр Мұхтар Әуезовтің қолына тү­сіп, оң баға алған. Бұл туралы қа­ламгер: «Сәті түсейін дегенде Мұхтар Әуезовтің қолына тиіпті. Ғылым академиясының бір жиынында менің аудармамды ол кісі мақұлдап сөйлепті», деп жа­зады. Онысы 1951 жылы жеке кітап­ша болып басылып шығады. Аман­шин әдебиетке осылай қадам басқан. Оның сөз өнеріне деген сүйіспеншілігі мектептен басталып, еліктеуден еркіндікке қанат қаққан.

Сол бір көкейдегі тылсым сырды тербеткен жырдың әсері туралы ке­йін қаламгер ерекше жылылық­пен былай еске алады: «1940 жылы «Игорь полкі туралы сөзді» өттік, онда «Ярославаны жоқтау» деген тарау бар екен. Бұл – Дон бойындағы қып­шақтармен соғыста қолға түскен кү­йеуі князь Игорь Святославичті әйе­лінің жоқтаған зары. Осыны мұ­ғалимамыз алғаш дауыстап оқы­ған­да, жесір арудың жарын сағынып жылаған әсерлі сөздеріне көңілім босағаны сонша, класта отырып көңілім босағаны есімде. Жасы­мызда ауылда жоқтау айтып, дауыс салған әйелдерді талай көргенбіз. Ярославаның зары тап сондай, сөз­дерінен бұрын ырғағы, әуені де қазақ­тың жоқтауына дәл келеді екен. Дереу сол жерде, сабақ үстінде Яро­славаның жылауын қазақшаға аудара бастағаным – менің әдебиетке алғаш ұмтылысым еді».

Шәкірт бала Берқайырдың «алтын ұядан» қанат қағып ұшпай жа­тып-ақ орыс әдебиетінің асыл мұра­сы саналатын жәдігерді аударуы және оның Мұхтар Әуезов сияқты ғұлама жазушының көзіне түсуі кездейсоқ емес. Жазушының: «Мектепте орыс классикасын түп­нұс­қадан түгелге жақын, Батыс клас­сиктерін Шекспирден Дюмаға дейін­гі біразын оқып үлгергенімді үлкен олжам деп білемін. Олардан мол білік алдым, көп нәрсеге ерте көзім ашылды», деуі өзіне ұнаған жырды аударуға деген талпынысы құрғақ қиялдан емес, көкірекпен ұғын­ған зерделілігінің нәтижесі екені даусыз. Талапты жас екі тілді жетік біл­гендіктен де, екі әдебиетті тел емген тарлан болып өскен.

Тәжірибесін ортағасырлық жә­дігерден бастаған ол орыстың клас­сикалық әдебиетінен аударма жасады. Әсіресе оның А.С. Пуш­кин, М.Ю. Лермонтовтың өлеңдерін ­аударуы бұл салада да тыңғылық­ты еңбек еткенін танытады. Ал прозада Толстойды қазақша сөйлетіп, ұлы жазушының «Балалық», «Жастық», «Жігіттік дәурен» атты кітаптарын және тағы басқа шығармаларын ауда­рып, ұлы ойшылды ұлт оқыр­ман­дарымен тілдестіре алды.

Ол шетел ақындары мен туысқан халықтар өкілдерінің де туындыларын аударуға үлес қосты. Атап айт­қанда, ағылшын Джордж Байрон, татар Ғабдолла Тоқай, түрікмен Бер­ді Кербабаев, қалмақ Давид Кугуль­тинов, т.б. туындыларын қазақша сөйлетіп, халықтар достығының ны­ға­юына еңбек етті.

1983 жылы «Жорық жырлары» деген атпен «Жазушы» баспасынан жыр жинағы жарық көрді. Салауат Юлаев жыр-толғауларын негізінен екі ақын аударған. Оның бірі – Бүркіт Ысқа­қов. Ол жаңадан табылған өлеңдері деп бесеуін қазақшалаған. Ал оның алғы сөзін жазып, көпшілік бөлігін қазақша сөйлеткен – Б.Аманшин. Баш­құрт жұртының қол бастаған ба­тыры, сөз бастаған ақыны Сала­уат рухы оның өмірінің мәніне айналған Махамбет жырларымен үндес болатын. Махамбетке жас­тай құныққан Берқайыр Аманшин Ресей империясының отаршыл­дық езгісінің қасіретін тартқан қос ха­лықтың айбынды ұлдарының істері мен тағдырынан тамырластық тауып, салыстыра зерттеген.

Б.Аманшин Салауат жырларын башқұрт тілінен тікелей аудар­ған екен. Махамбетті қалай те­­рең түсінсе, Салауатты да солай қа­был­даған. Жинаққа енген жыр­­­лар­дан Б.Аманшин аударма­сы­мен басылғандары «Туған елім», «Оралым», «Соғыс», «От», «Жігіт­ке», «Сандуғаш», «Киіз үйім», «Зылиха» өлеңдері мен «Бугәшәумен (Пугачевпен – А.Е.) қос болып, батыр ермен дос болып» толғауы және «Салауат батыр» атты тарихи дастан. Олардың бәрі де өте көркем, әсем әуезі сақтала аударылған.

«Махамбеттің бабалары мен ұрпақтары» (1991) деген әдеби зерт­теу еңбегі ұлы ақын өмірі мен шы­ғармашылығын ғылыми тұрғыда ­байсалды, байыпты талдауымен құнды. «...Үстелімнің үстінде баспадан бүгін ғана шыққан кітабым жатыр. Ол – туысқан башқұрт халқының ақыны әрі батыры Салауат Юлаевтың өзім қазақшаға аударған жырлары. Оның маған өзгеден жақын көрінуі сондықтан: оны қазақшаға аудар­ған себебім – Салауат менің пірім Махамбетпен тағдырлас, егіз қозы­дай ұқсас. Патшалық езгіге қарсы қара шаруаларды дүр көтерген, патша­ның алтын тағын шайқалтып, атып ұруға шақ қалған атақты Емельян Пугачевтің оң қолы, бір жағын­да көтерілісші сарбаздардың брига­дирі, полковнигі болған Салауат та Махамбет құсап осы азаткерлік азат жолда жанын қиды. Соңында атақты, аруақты жырлары қалды. Салауат жырлары Махамбет жырларымен үндес, кейбір тұстарында тіпті ұқсас, ұйқас келеді.

Сонда о баста орыстың қаһар­мандық «Игорь полкі туралы сөзді», одан Махамбет бабам, одан кейін Салауат жырлары – осылай үзілмей келе жатқан бір сарындас жырлар, бір тағдырлас ақындар мен жазушылық өмірімнің үлкен бір бөлігі болып орнығып, бір сипатына айналғанын мен өзім де байқамай келіппін», депті.

«Даладағы дауыл» Исатай –Махамбет бастаған ұлт-азаттық кө­терілісті суреттейді. Бұл – сюжетті поэ­ма. Ол Исатай – Махамбет бас­та­ған ұлт-азаттық көтеріліс оқи­ға­сын арқау етіп, «Князьдағы қа­раң­ғы үй», «Кездесу», «Үбі келген­де», «Махамбет пен Қарауыл», «Бал­қы­ның үйін өртеу», «Ордаға! Ордаға!», «Махамбеттің монологі» атты жеті бөліктен құралған, әр бө­лімі Махамбет өмірінің белгілі бір кезеңін қамтып, көтерілістің тарихи даму сәттерімен тікелей қатынаста өріледі.

Берқайыр Аманшин – роман жазып, прозада да қолтаңбасын қал­дырған жазушы. Еңбегінің елеу­лі бөлігін Махамбет туралы зерттеулер құраса, соған сүйеніп ол өзінің ғұмырлық ізденісінің тірек көзі – Махамбет туралы көлемді көркем шығарма да жазды. Сөйтіп, Махамбеттің көркем тұлғасын сом­дап кетті. Ол туралы: «...Әде­биетте Махамбеттің образын сомдап қалдырды. «Махамбеттің тағ­дыры» романын жазу үшін ол адам айтқысыз мол уақыт пен еңбек жұм­сады. Ол тек қана осы романды – өз шығармашылығының өркеші, биігі болады деп санады да, соған сандаған жылын сарп етті», дейді қазақтың ақиық ақыны Ғафу Қайырбеков.

Ақын-жазушы махамбеттану ғылымына үлкен үлес қосты. Патша мен хан өктемдігіне қарсы көтеріл­ген қазақтардың ірі қолбасшысы, жалынды жаршысы, ұлы ақын Махамбет Өтемісұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеуде Қа­жым Жұмалиевке ілесе, одан кейін де қыруар жұмыс тындырды. Әсіресе бұрын жариялана қойма­ған талай мәтінді тауып, ғылыми тұр­ғыда екшеп, ақын мұрасын ба­йытты. «Махамбеттің тағдыры» қазақ прозасының салмақты, көркем ­туындысы деуге болады. Автор тарихи оқиғалар желісін бір бағытта өрбі­тіп, Исатай мен Махамбет баста­ған көтерілістің мәні мен маңы­зын ашуға тұтастырған. Ұлт-азаттық кө­терілістің тарихи һәм көркем шын­дығын қиюластыра алды.

Зерттеушінің нағыз мінезі махамбеттануда көрінді. Тың шешімде­­рін батыл айтты. «Қазақ әдебиетін­де» (20.05.1955., № 20) жарияла­­ған «Махамбеттің ұрпақтары» атты алғашқы мақаласында-ақ ақын жө­нінде үстірт баяндалып келген құпия сырлардың көмбесін ашты. Махамбеттің әкесі Өтеміс туралы, оның хан билігін жақтаушы Иса­таймен дүрдараздығы, соған қара­мастан, Махамбеттің досы болғанын алғаш айтқан да Б.Аманшин еді. Осы газеттің 1956 жылғы №34 санын­дағы «Махамбет қашан қаза тапты?» деген мақаласында: «1846 жыл­дың октябрінде Баймағамбет Ма­хам­бетті ұстап әкел деп өзінің 20 жен­детін жібереді. Олар ақынның үйіне алдап еніп, жанжал шығарып, оны өз үйінде қылышпен шауып өлтіреді.

Сонымен Махамбет 1846 жыл­дың октябрінде қаза тапты дейік. Сонда қай күні? Бұл оқиға жө­нін­де жоғарыда аталған архивте сақ­таулы істен Орынбор Шекара комис­сиясының 1846 жылғы 15 ноябрьдегі отырысының протоколын таптық. Бұл протоколда Махамбеттің өлімі жөнінде Баймағамбеттің сол жылы 5 ноябрьде Шекара комиссиясына жазған мәлімдемесінің мазмұны келтірілген. Сонымен бірге бұл оқиға жөнінде Махамбеттің інісі Хасеннің 4 ноябрь күні Баймағамбетке берген жауабының мазмұны тіркелген. Бізге қажет мәлімет осы Хасеннің жауабынан табылды. Сонымен Хасен өзінің 1846 жылы ноябрьде берген жауабында Махамбет содан 20 күндей бұрын өлді деген. Егер анық 20 күн болса, бұл 16 октябрьге дәл келеді. Тап басып айтылмағаны өкінішті. Алайда намаз оқитын, демек күннің жұмасын білетін адам болғандықтан, есебінен аса алшақтап кетпесе керек. Сонда бір күнді әрі, бір күнді бері алғанның өзінде Махамбет 1846 жылдың 15-16-17 октябріндегі күннің бірінде қаза тапты деп тұжырымдауға болады».

Берқайыр Аманшин 1955 жылдан өлгенше саналы ғұмырын махам­беттануға арнады. Тың дерек табылса, махамбеттану іліміне іркілместен қосып отырған. Ақын өлеңдерінің жинағын шығаруға үлес қосты. 1974 жылы «Ереуіл атқа ер салмай» жинағын шығарса, 1979 жылы «Жыр семсер» жинағы жарық көрді. Бұлар­да өлеңдердің текстологиясына өзгертулер енгізіп, ғылыми байыптаулар арқылы нақтылады.

Зерттеушінің бір қасиеті – Махамбет өскен, оған қатысты оқиға­лар өрбіген өңірдің көнекөздерінен Исатай – Махамбет туралы, көтеріліс тарихы, көтерілісшілер тағдыры, Махамбеттің шығармашылық болмысы, т.б. мәлімет мол. Және оларды дер кезінде республикалық басылымдарда жариялады. Тек Махамбет туралы мақалаларынан құрастырылған «Жыр-семсер» еңбегі («Арыс» баспасы, 2004) 276 бет­тен тұрады екен.

Б.Аманшин – лирикалық та, эпи­калық жанрда да біршама жетіс­тікке жеткен ақын. Оның «Жүрегім – далам», «Ой кету», «Кеше мен бүгін», «Бейуақта», «Ақын қолы», «Досыма хат», т.б. өлеңдері әсем лирика үлгілері болса, «Мүслима», «Даладағы дабыл», «Елші», т.б. поэма-дастандары – эпикалық жанрдағы жетістіктері деп бағалауға тұрарлық дүниелер. Автордың қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі орасан болғандықтан, алар орны да зор.

 

Айгүл ЕРМЕКОВА,

филология ғылымдарының кандидаты