Аймақтар • 08 Қараша, 2024

«Береке» қалашығының келешегі зор

73 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Талдықорғандағы «Береке» коттедж қалашығының бұрыннан келе жатқан даулы құрылысы туралы оқырман қауым жақсы біледі. Бүгінде сол тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жақында 97 үйдің кілті табысталады. Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев пен Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл мердігерлердің жұмысын жіті бақылауында ұстап отыр.

«Береке» қалашығының келешегі зор

Суретті түсірген – Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Бұрын орын алған былықтың Жетісу облы­сы­на қатысы жоқ десек те, аталған нысан­дар Тал­ды­қор­ғанның кіре-берісінде орналас­қан­дықтан, жауапкершілік жергілікті билікке жүктеледі. Сондықтан облыс әкімінің бастамасымен шағын қалашықтың құрылысын толық аяқ­тап, кезекте тұрған көпбалалы ата-аналарға бе­ру жоспарланған. Жақында Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жетісу облы­сы бойынша департаментінің басшысы Саян Ах­метжанов пен қала басшысы Ернат Бәзіл құ­рылыс жұмыстарын барып көріп, пы­сық­тап қайт­ты. Тұрғындарға тапсырылатын үй­лер­ден тағы бір шикілік шықпау үшін жауап­ты ма­мандар барынша тексеріс жүргізіп жатыр.

«Бұл үйлердің мәселесі бүгінде күн тәртібінде тұр. Өткен жылдан бері сапасыз құрылыс жүргізген мердігер компания, жауапты мемлекеттік қызметкерлердің үстінен қылмыстық іс қозғалып, біраз адам жауапқа тартылды. Қолды болған қаржы мемлекет есебіне қайтарылды. Осыдан кейін құрылысы аяқталмай тұрған 204 үйді қайта қалпына келтіру жұмысы қала әкім­дігінің құзырына берілді. Жыл басынан бері қайтадан мемлекеттік сараптама жасалып, 600 млн теңге қаржы бөлініп, 97 үйдің құрылысын екі компания қарқынды жүргізіп жатыр. Қалған үйлерді келесі жылдың қыркүйек айына дейін аяқтаймыз», деді Е.Бәзіл. 

Жалпы, қалашық туралы тұрғындардың арыз, өтініші ­облыс әкімінің де, қала әкімінің де тұрғындармен кездесуінде, есепті жиындарда жиі айтылып жүрді. Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың тапсырмасына орай қала әкімдігі осы күлбілтелі мәселені шешуге білек сыбана кірісті. Қазір бұл жерде құрылысы бітпеген 204 үйді қайта жөндеу жұмысы қауырт жүріп жатыр. Бұйыртса, алдағы 15 қарашаға дейін 25 үй, жыл соңына дейін 72 үй толық жөнделіп, тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы, тұрмысы нашар отбасыларға үлестірілмек. Қалғандары келесі жылы ел игілігіне беріледі.

Коттеджді қалашықтың әу бастағы жоспарына сәйкес бұл жерде 2 мектеп салынуы керек болатын. Алайда былтыр 1200 орынға арналған №30 орта мектеп салынып, қазір онда 900-ге жуық бала білім алып жатыр. Жыл соңына дейін берілетін 97 үйге қоныстанатын отбасылардың оқу жасындағы балаларын қоса есептегенде, осы мектептің жоспарлан­ған жүктемесі орындалады. Сондықтан мектеп құрылысы салынады деген екінші жер теліміне келер жылы 3 қабатты тұрғын үйлер салу жоспарланып, жобалық-сметалық құжаты дайындалып, қаржысы да шешілген.

«Бастапқыда бұл жерде 3 қабаттан да биік үйлер салуды ойластырғанбыз. Алайда қалашықтың келбетін ескеріп, осындай шешімге келдік. Бұл жоспарды да толығымен орындаймыз», дейді қала әкімі.

Құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлықтың салдары халық арасында әлеуметтік шиеленісті тудыратыны анық. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан құрылыстың сапасыз салынуы, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуы – жиі орын алатын жағдай. Сондай-ақ уәдені үйіп-төгіп, оны орындамай кету бұрынғы жылдары жиі ұшырасатын. Салдары­нан халық құрғақ уәделерден әбден жалығып, көңілдеріне сенімсіздік ұялайтын. Ендігі жерде осындай жағдайды болдырмауды Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары басты назарға алып, бақылауда ұстамақшы.

«Коттеджді қалашықтың жағдайы – тұрғындардың көкейінде жүрген мәселе. Осы келеңсіздікті түбегейлі шешу облыстағы тәуекел картасына енгізілді. Сондықтан бұл құрылыстың жасалуы, аяқталуы, сапасы біздің үнемі бақылауымызда болады. Биыл 97 үй бітіп, баспана кезегінде тұрған көпбалалы аналарға, тұрмысы төмен отбасыларға, жетім балаларға беріледі. Бұл атқарушы органның жұмысы болғанымен, мұны да назарымызда ұстаймыз. Салынып жатқан үйлерде жұмыс сапалы жүріп жатыр. Дегенмен үй тапсырылғаннан кейін тағы да кемшіліктер анықталып жатса, мердігер компания кез келген уақытта оны реттеп беретін болады. Бұрынғы жылдары қателіктер көп кетті. Ендігі мақсатымыз – сол қателіктерді қайталамау жолында бірлесіп жұмыс істеу», дейді С.Ахметжанов.

Бүгінде 97 үйдің құрылысын «Stroy oрt» ЖШС, «Амир­жан company» ЖШС жүргізіп жатыр. Айта кетер­лігі, кезінде бұл үйлердің 70–80 пайыз құрылыс жұ­мы­сы аяқталған. Бірақ бірнеше жылдан бері қараусыз қал­ған­дық­тан, су, газ, жарық желілері бүлініп, үйдің есік-терезесі сын­ған, ішіне орнатылған құрылғылар тоналған.

«Қазір тозып кеткен су, газ, жарық желілері қалпына келтіріліп, бүлінген есік-терезелер, үйдің тағанына төселген материалдар толық жаңаланды. Пеш орнатылып, батарея­лар тазаланды. 15 қарашаға дейін 25 үй дайын болады», дейді мердігер компания өкілі.

Алматы облысы екіге бө­лінбей тұрып болған жа­ғымсыз жайт қайталанбас үшін жергілікті билік құрылыс орнын көз­ден таса қылмақ емес. Халыққа берген уәде Құдайға бер­ген уәдемен бірдей. Біз қала басшысынан «Алдағы уа­қытта ешқандай кедергі шықпай ма?» деп қайыра сұ­ра­ға­ны­мыз­да, жыл соңына дейін 97 үй толық бітіп, баспанаға зәру отбасылар үйлі болатынын нық сеніммен жеткізді.

 

Жетісу облысы