Суретті түсірген – Валерий Бугаев
Павлодар облысындағы ауыл әкімдерін сайлау үрдісі келер жылы да жалғасады. Өңірдегі ауылдық округтердің үдемелі дамуы байқалады. 355 ауылдық елді мекен 126 дербес ауылдық бюджетке біріктірілген. Орташа алғанда, ауылдық бюджеттің қаржылық қамтамасыз етілуі 9 пайызды құрайды және 90 пайызға дейін жоғары тұрған бюджеттерден субвенциямен, трансферттермен өтеледі. Биыл облыстық бюджеттен 250-ге жуық жобаны іске асыруға 6 млрд теңгеден аса қаражат бөлінген. Оның игілігін облыстағы барлық ауылдың үштен бірі көрді.
– Биыл өңірдің 50-ден аса ауылына барып, мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобаларды іске асыру бойынша округ әкімдерімен кездестім. «Қуатты өңірлер – қуатты ел» – бұл жай ғана ұран емес, Әділетті Қазақстанды құрудағы айқындаушы формула. Ауыл әкімінің қызметі жұмыс күнімен шектелмейді, ал халықпен жұмыс істеу тек қабылдау сағаттарынан тұрмайды. Бәріміздің алдымызда тұрған ортақ мақсат – халықтың өмір сүру сапасын арттыру, өңірді дамыту. Бұл – күрделі әрі көпсалалы жұмыс, – дейді өңір басшысы Асайын Байханов.
Ауылдарды дамыту мен жаңғыртуға «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы сеп болып отыр. Биыл 15 ауыл қамтылды. Бұл – су құбырларын, спорт нысандарын, мәдениет үйлерін жөндеу, салу, ауылдарды абаттандыру, ауылдардың кірме жолдарына асфальт төсеу. Ал «Ауыл аманаты» жобасы биыл жаңа кәсіпорындар ашуға, қайта өңдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге, мал басын көбейтуге, сондай-ақ 100-ден аса жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Кейінгі 15 жылда алғаш рет бизнес пен мемлекеттің өзара әрекеттестігі аясында халықтың әлеуметтік осал топтарынан кезекте тұрғандар үшін 800-ден аса пәтер, оның ішінде облыстың 10 ауданында 313 пәтер сатып алынды.
«Amanat» партиясы орталық аппаратының басшысы Мәди Оспанов бүгінгі таңда әкімдер ел үміті екенін атап өтті.
– Әкімшілік реформа өз нәтижесін беріп жатыр. Жергілікті жердегі мәселелерді шешу үшін өкілеттіктер орталық деңгейден төменге беріледі. Ауыл әкімдерін сайлау саяси жаңғырудың жаңа кезеңі, сондай-ақ жүргізіліп жатқан реформалардың бірізділігі мен тиімділігін көрсетеді. Бұл дегеніміз, сіздерде жергілікті тұрғындардан қолдау бар екенін білдіреді, ауылды басқаруда өздеріңіздің жеке моделіңізді құрасыздар. Келесі жылы әкімдердің сайлауы барлық қала мен ауданда өтеді. Сонымен қатар бюджеттік орталықсыздандыру жүргізіліп жатыр. Жергілікті өзін өзі басқарудың қаржылық дербестігін арттыру қажет. Атап айтқанда, үкіметке жаңа бюджет және салық кодекстерін әзірлеу шеңберінде ауыл әкімдерінің бюджетті қалыптастыру және қаражатты жұмсау тетігін қайта қарау тапсырылды, – деді М.Оспанов.
Атап өтелік, биыл Ертіс-Баян өңірінде 30 ауылдық әкімі сайланып қойылды. Ал келер жылы 33 ауылдың әкімі сайланады деп күтіліп отыр.
Павлодар облысы