Жансарай • 09 Қараша, 2024

Нұрлан Санжарұлы: Өр Алтай – өмірімнің бір кезеңі

178 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Күні кеше ауыл көшесінде доп қуып, бұзау қайырып жүрген бала күнді кім сағынбасын. Кейбір кезде мүмкін емес болса да, сонау бір алаңсыз шаққа, балалық баққа тартып кеткің келеді. Ондайда қара шаңырақтағы қоңыр альбомды ашып, ескі суреттерді парақтаймыз. Одан қалса, интернеттен «Менің атым – Қожа» фильмін іздейміз. Оны іздейтініміз, бала күнге деген алып-ұшты сағынышты басады. Сол үшін де шығар, қанша көрсек те жалықтырмақ емес. Кеше фильмдегі басты кейіпкер «Қожамен» қатар отырып, әңгімелестік. Атүсті емес, ерке Ертістің жағасында емен-жарқын Нұрлан Санжарұлы сыр ақтарған. Өзеннен күздің салқын самалы есіп тұрды.

Нұрлан Санжарұлы:  Өр Алтай – өмірімнің бір кезеңі

Суретті түсірген – автор

– Өскемен өз қалаңыз. Осында оқы­дыңыз, осы жақтан ең алғаш еңбек жолын бастап, сонау таудың ара­сын­дағы Катонқарағайға аттан­дыңыз. Сондықтан, шығыс сізге бөтен емес...

– Рахмет! Әңгімеге орысша қосамын. Айып етпе! Оған біз кінәлі емеспіз. Көпбалалы отбасында өстім. Мектеп жасына таяғанда, анам алаң көңілмен әкемнен: «Балаларды қазақша оқытамыз ба?» деп сұраған ғой. Сонда әкем: «қазақ мектебін қайдан табамыз?» деп, амалсыз орыс мектебіне беріпті. Ол заманда Алматыда бірер ғана қазақ мектебі бар-тын. Кейіндері институттарда қазақ факультеттері ашылды. Білім сапасыз еді. Қазір ғой, заман басқа. Қазақтың білімді азаматтары көбейді.

– Әрине, түсінікті. Неге сонау ­Ал­ма­тыда жүріп, білімді Өскеменнен іздедіңіз?

– Әкем онкологиялық ауыруға шал­дықты. Ал үлкен әпкем осында, Өс­ке­менде педагогикалық институтта декан­­ның орынбасары қызметін атқарды. Сол шақырып, оқуға түсірді, оқытты. Үлбі өзенінің жағасындағы «Солнечный» көшесінде тұрдық.

– Қазір ол көше Астана болып, ауыс­қан.

– Иә, Өскемен адам танымастай өзгеріпті. Көркейген. Соңғы рет 2008 жылы «Періште» атты киноны түсіргенде келген едім... Қалай дегенде өр Алтай өмірімнің бір кезеңі ғой.

– Оқуыңызды тәмамдаған соң басқа емес, күншілік жердегі Катон­қарағайға қалай тап болдыңыз?

– Ол кезде оқу орнынан қолымызға жолдама беріп, жұмысқа жіберетін. Шарт бойынша екі жыл жұмыс істеуіміз керек. Бір жақсысы, таңдау болды. Мен картаны қарап отырып, ең жасыл өңірді, Катонқарағайды таңдадым. Сөйтіп, екі емес, үш жыл Катонда тұрдық. Е.Рыков атындағы аралас мектепте қазақ сыныптарына орыс тілінен сабақ бердім. Үш қабатты қызыл кірпішті ғимарат еді. Білім бөлімін Сейтқамза Ластаев басқаратын. Мектеп ұжымы үлкен еді. Директор Халел Жөндібаев болды. Жас, менмендеу жігіт еді. Жалақы аздау болды. Қолға алатынымыз, 92 сом ғана. Соған қарамастан еңбек еттік. Алғаш бара қалғанда үй табылмай, Ленин мек­тебінің жанындағы шеберханадан бөлме берді. Пеші жарылып кеткен. Оны сыммен құрсаулап, лекерлеп қойдым. Отын жоқ. Таңғалғаным, орманның ішінде отырып, отын тапшы еді. Кесуге болмайтын. Әйелім В.Ленин атындағы мектепке мұғалім болып орналасты. Ауылдың халқымен тез тіл табысып, араласып кеттік. Олар мен туралы екі фактіні білді: бірі – ағамның футболист Тимур Сегізбаев екенін, екіншісі  «Қожа» рөлінде ойнағанымды.

– Ауылдағылар «Менің атым – Қожа» фильміне түскеніңізді келген бетте білді ме?

– Алғаш барған жылы білмеген. Кім айтып қойғанын білмеймін, бір жылдан соң «Қожа екенсің ғой!» деп таңданысты. Медведка (қазір Белқарағай) ауылында тұрған Тоқтархан Оразалин деген райком комсомолдың хатшысы менімен кездесу ұйымдастырып, мәре-сәре болғаны есімде.

Қызықты кездер еді. Балалар тәрбиелі, ағалап тұрды. Ұлдар футболға қызықты. Қолдан келген көмегімді аямадым. Ауылда дәрігер тапшы болғандықтан ба, түлектердің көбі медициналық оқу­ға түскісі келді. Қайдағы жоқты ойға тү­сірдің, фельдшер болып істеген Күл­зипа көршім, сау тісімді жұлып алғаны бар.

– Катонқарағай ұнады ғой...

– Өте керемет жер. Халқы да жайдары, табиғаты да жайлы. Жаңаүлгіде курс­та­сым Тоқтархан Сейітқалиев тұрды. Ол та­рих факультетінде оқыған. Соған жиі ба­ратынмын. Екеуміз Бұқтырма жақта үйрек атамыз, балық аулаймыз. Тоқтарханның әке-шешесінің үйін­де де болдым. Еске түсіп отыр, Совет Иман­­ға­лиев деген азаматпен жақсы аралас­тық.

Үй шаруасына ыңғайым жақсы еді. Овчарка итім болды, елдің бәрі соған қызығатын. Бау-бақша өсірдім. Тауық асырадым. Отыз шақты қоян ұстадым. Айтқандай, кептірілген балық бар. Қиын кездері көршілер көмектесті.

Үш жылдан кейін жұбайым сыр­қаттана бастады. Бала көтере алмады. Қайту керек болды. Сөйтіп Өскеменге келіп, әйелім емделді. Көп тұрақтаған жоқпыз, Алматыға қоныс аудардық. Одан кейін Мәскеуге оқуға бардым.

– Сол кеткеннен еңбек жолыңызды бастаған ауылға бар­мадыңыз ба?

– Айтып едім ғой, 2008 жылы ­Өске­менде «Періште» фильмін тү­сірдік. Сонда Катонқарағайда түсіруді ұсынған едім. Бірақ, қаржы жағы жетің­кіремеді. Әйтпесе, Алтайға барып, аунап-қунап қайтқанға не жетсін? Бәрі көз алдымда. Оқушыларға дейін ұмытқам жоқ. Бірнешеуі медициналық оқуға түсті.

Ертеректе ғой, Алматының көшесінде келе жатыр едім, артыма жалт қарасам, бойшаң жігіттер соңыма түсті. Айғайлап келеді. Біткен жерім осы шығар дедім іштей. Сөйтсем, Катондағы оқушыларым екен. Мен сабақ бергенде олар 9-сыныпта оқыған. Сөйтіп арқа-жарқа болып қалғанымыз бар. 

– Есіңізде жақсы қалған екен. Ал енді тақырыпты бала кезіңізге қарай ата-анаңызға қарай ойыстырсақ. Бала Нұрлан қандай еді? «Қожаны» білеміз...

– Түп-тамырымыз Ақтөбеден. Сүйе­гіміз – Жа­ғалбайлы. Әкемнің әкесі Бақ­тыбай фельдшер болған кісі. Кәмпескелеу кезінде атылып кетіпті. Шындығында, әкемнің тегі Бақтыбайұлы болуы керек еді. Сегізбай сол аймақта би болған адам. Ал әкемнің шын есімі Санжар емес, Шынжыл. Есімін, тегін өзгертуге тура келді. Ол заманда Санжар деген есім сирек кездесетін. Сонымен, Сан­жар Сегізбаев болып, Мәскеуге кеткен. Әкем коммунист еді. 1924 жылдары КСРО Жоғарғы сотында үлкен қызметте болған. Кейіннен ғой, нақақ тұтқындалып кетті. Абақтыда Сәкен Сейфуллинмен бірге отырған. Әкемді де Алашқа қатысы бар деп, қатты тергеген. Әділетсіздікке төзбеген ол КСРО прокуроры Вышинскийге наразылық білдіріп, хат жолдаған. Ол кісі қызметте болғанын көріп, босату туралы телеграмма жіберген. Кейін ақталды. 1948 жылы партия билетін қайта алды. Ақталғаны туралы анықтамасын көрдім. Алайда көп жыл жұмыс таппай жүріп, Министрлер кеңесіне қызметке тұрды. Өмірінің соңына дейін сонда істеді. Дінмұхаммед Қонаевпен жақсы қарым-қатынаста болды. Кейін түсіндім, әкем бізге жеті атаны айтқан емес. НКВД-дан қорықты. Мен 1951 жылы тудым. Сталин 1953 жылы қайтыс болды. Бірақ 1956 жылдары да жала жабылғандар тұтқындалып жатты. Еміс-еміс есімде қалғаны, анам аға-әп­келерімді таңғы бестен оятып, нанға жібе­ретін. Бір алғанда төрт-бес нанды бір-ақ алып кететінбіз. Қандай қиындық көрсе де, әке-шешеміз бәрімізді оқытты, то­қытты. Мен сегіз баланың ішіндегі алтыншысымын. Анам, қарапайым отбасынан шыққан. Тоқсаннан асып, қайтыс болды.

– Білуімізше, анаңыздың бейіті Бикен Римовамен қатар екен. Кино­да­ғы анаңыз бен өмірдегі ана­ңыздың қа­­тар жатқандығы да тәңірдің жазуы ғой.

– Иә, алғашында өзіміз де таңғалдық. Қазір барған сайын екеуіне бір­дей құран бағыштап қайтамыз.

– Кино деп қалдық. Бір ғана «Менің атым – Қожа» фильмімен таныл­ды­ңыз. Оған қалай түскеніңізді бұрын да айтқан сұхбаттарыңыздан оқыдық, естідік. Десе де, айтылмаған естеліктер бар шығар...

– Киноға түсуге сабаққа бармау үшін келістім. Жақсы сылтау болды маған. Абдолла Қарсақбаевтың алғашқы фильмі ғой. Картина созбалаңға салынып бара жатқан соң шығар, Шәкен Айманов Абдоллаға; «сен басты кейіпкерді тап­пасаң, жобаны жабамын» деген ғой. Олар Қожа рөліне баланы ұзақ іздеген. Мыңдаған баланы бақылап көрген. Кө­ңіл­ден шықпаған. Күндердің күні жолдың арғы жағындағы мектепке барып қараған. Сол жерде мен жүргем ғой. Сабағым да жақсы емес, тентектеу бол­дым. Сол кеткеннен қазанға дейін сабақ­қа бармадым. Бірақ екінші жылға қал­дырды.

«Қожа» сәтті шықты. Мек­тептен келсем, үйде Шәкен Айманов әкеммен шай ішіп отыр. «Тағы бір фильм бар, Олжас Сүлейменовтің. Соған түсірсем» депті. Киноға енді түспеймін деп, басымды ала қаштым. Шәкен аға жалынғандай болды. Бірақ тағы бір жыл көшпей қалғым келмеді. Содан соң Шәкен ағаның Мұрат Ахмадиевке назары ауып, баласындай қарады. Мұрат та қазақ еліне адалдығын танытты. Соңғы уақытта Шәкен аға туралы кітап та жазыпты.

– Бертіндері сізді «Қош бол, Гүл­сары» киносында Танабайдың до­сы­ның рөлінен көрдік. Бала күні­ңізде ше, киноға түсуге басқа да ұсы­ныстар бол­ды ма?

– Режиссер Ардақ Әмірқұлов киноға түсуімді өтініп сұрады. Көңілін қимай, «Қош бол, Гүл­сарыға» түстім.

– Достарыңыз кімдер?

– Өнерде дос болмайды. Әркім өзі үшін өмір сүреді. Дос деген жас күнде ғана. Кейін олар бәсекелесіңе айналады.

– Киноға көп түспегеніңізбен, кино­дан алыстаған жоқсыз. Қан­шама сцена­рий жаздыңыз. Жазу­шылықта да жет­­кен жетістігіңіз аз емес. «Періште» ат­ты повесіңіз оқырманға жақсы таныс...

– «Қызыл қар» деген кітабымды да алып оқы. Қазақшасы бар. Жазушы адамға үйдегі атмосфера өте қатты әсер етеді. Жасыратын емес, қызымды жалғыз өсірдім. Бірінші әйелімнің ұлты орыс еді. Ажырасып кеттік. Қызым Нейля 12 жасында менімен қалды. Алақанымда ұстадым. Инженер ма­мандығын меңгерді. Ешкімнен кем етпедім. Күйеуге шыққанда ел қатар­лы тойын жасап бердім. Сөйтіп өзім жалғыз қалдым. Не істеймін? Мәскеуге кеттім. Бірақ тұра алмай Новосібірге келдім. Қысқасы, жерсінбедім. 1997 жылы қайта Өскеменге келдім. Мұнда «Періште» деген кітабымды жаздым. Көпшілікке ұнап, Алматыда үлкен тиражбен басылды. «Қазақфильм» сериал түсіре бастаған. Бірақ бюджеті аз болып, жартысын ғана түсірді. Кейін кино саласына қайта бет бұрдым. «Аллажар», «Оралман» фильмдеріне сценарий жаздым. Айта кетейін, Қазақфильм киностудиясымен «Өліара» фильмі түсірілді. Режиссері Тамаш Тот деген мажар азаматы. Бірақ Мәдениет министрлігі­­­­нен про­кат куәлігін ала алмай отырмыз. Кино саяси репрессияның 90 жылдығына түсіріл­ген еді. Мерейлі дата өтіп кетті. Фильм шықпады.

Маңайымдағылар кино емес, кітап жаз деген соң Батухан туралы роман жаздым. «Аллажардың» повесі шықты.

– Сұлтан рөліндегі жігіттің есімі – Марат Көкенов. Қайтыс болып кетті деп есті­ген­біз. Араласыңыз болып па еді?

– 2004 жылы ғой деймін, қайтыс болды. Журналистика факультетінде оқыған. Ол шынымен әртіс болғысы келді.

– Басқа фильмдерге түспеді ғой...

– Түскен, рөлі бар... Әскерден келген соң КГБ-да жұмыс істеді. Мен білгенде, әскери қызметтен зейнетке шықты. Алматыда әкесінен қалған жер үйде тұрған. Журналистердің бірі іздеу салып, КГБ-ға хат жазып, мекенжайын тауып алған. Барса, ол үйде басқа біреулер тұрады екен. Жаңа қожайындардың айтуынша, әйелімен ажырасып, үлкен үйде жалғыз қалыпты. Өзі ауласындағы ас үйге көшіп, үлкен үйді арендаға берген екен. Ішімдікке де жақын болған секілді.

– Киноға бірге түскен бала күнгі әріп­тес әртістермен де араласпайсыз ба?

– Жанар болып ойнаған Гүлнар бар. Ол да экранға шықпады. Жалғыз өзі ұлын өсіріп, жеткізді. Мамандығы – инженер.

– Өткенге саяхат жасап, бала күнді еске алып, кино әлемінде өшпес із болып қалған «Менің атым – Қожа» түсірілген жерлерге бармадыңыз ба?

– Сұлтанды іздеп жүрген журналист кино түсірілген жерлерге мені алып барды. Талғар, Қызыл қайрат, Талдықорған, Үшқоңыр маңында түсірілген-тұғын. Өзгеріп кеткен қазір. Ал Үшқоңырға кіре алмайсың, қоршау. Киноның бас жағында футбол ойнаған жерге құрылыс жүріп жатыр екен. Сол жердегі дүкенге кіріп едік, мені бірден таныды. Сөйтсек, кинода бірге доп қуыппыз.

– Шығармашылық атмосфера жасап беріп отыратын апайы­мызды қайдан тауып алдыңыз?

– Апайыңның есімі – Мәдина. Ауруханада мені емдеп жүрген. Таныса келе сұрастырсам, екі баламен жесір қалыпты. Абай облысы, Ақсуат ауданының тумасы екен. Тағдырлы жан екен. Жасым үлкен болғанымен, мінезіміз жарасты. Сол аяғың болмаса, оң аяғы бар адамды іздейсің дегендей, үйлі болдық. Өмір оңай емес. Мәдина он жыл екі ауысымда жұмыс істеді. Үшінші күні ғана ұйықтайтын. Жұмысқа таңғы алтыда тұрады. Ол уақытта мен жазу үстелінде отырамын. Мәдинаға алғысым шексіз. Өмірімде де, өнерімде де жақсы адамдарға жолыққаныма ризамын.

 

Әңгімелескен –

Мерей Қайнарұлы,

«Egemen Qazaqstan»